Биыл 12 мамырда Непал уақытымен таңғы сағат 07:25-те ауа райының қолайсыздығына қарамастан отандық альпинист Мақсұт Жұмаевтың жетекшілігімен, экспедиция құрамында Анар Бұрашева мен Альмир Қымбатбайұлы бар «Kazakh Everest Team» командасы әлемнің ең биік шыңы – Эверест шыңын кезекті рет бағындырды. Ең басты жаңалық – отандастарымыз 2024 жылы маусымда Эвересті бағындырған алғашқы альпинистер ғана емес, Анар Барашева әлемнің ең биік шыңын бағындырған тұңғыш қазақ қызы деген атпен тарихқа енді.
– Анар, Эвересті бағындыруда мамыр мен қарашада айында ғана сәті туатын «ауа райы терезесін» пайдаланып, көздеген биіктікке абыроймен көтерілулеріңізбен құттықтаймыз!
– Экспедиция барысында Эверестің төбесіне жете алмай, орта жолдан қайтқан өзге елдердің командалары болды. Бірақ қолайлы кезең деп есептелінетін «ауа райы терезесіне» қарамастан, жорық басталар күннің қарсаңында түнде қар жауып, бағыттың кейбір қауіпті бөліктерін жасырып қалды, бұл альпинистерге қосымша қауіп төндірді. Алысты көру мүмкіндігі шектелді, 8 мың метр биіктен бастап альпинистер «ажал аймағы» деп атайтын биіктікте оттегі маскасын тағуды міндеттеді. Өйткені атмосферада адамның қалыпты өмір сүруі үшін қажетті оттегінің үштен бір бөлігі ғана болады. Бірақ экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаевтың зор тәжірибесі, сондай-ақ дұрыс таңдалған құрал-жабдықтар қатысушыларды айтарлықтай қорғады.
– Мұндай күрделі де қиын әрі қымбат сапарға міндетті түрде қолдаушылар керек екені бесенеден белгілі?
– Сұрағыңызды түсіндім. Экспедицияны «Everest Development» ұйымдастырғаны елге оралған соң, баспасөз мәслихатында айтылды. Компания жорық кезіндегі барлық шығынды мойнына алып, Гималайда бізге жан-жақты қолдау көрсетті. Ал мен компанияға жұмысқа орналасуға әрекеттеніп, әңгімелескен кезімде бос уақытта скайраннингпен айналысатынымды айтқанмын. Сол кезде компания өкілдері сирек кездесетін спорт түрінен жаттықтырушы болуға қалай қарайтынымды сұраған. Компания осы қызығушылығымды қолдап, нәтижесінде тіпті Африканың ең биік шыңы Килиманджароны (5 895 м) бағындырған компанияның экспедиция құрамына кірдім. Бұл маңызды челлендж болғандықтан, ол экспедицияны да Мақсұт Жұмаев басқарды.
Сол жолы Килиманджароға сәтті шығуымызбен бір-бірімізді құттықтап жатып: «Келесі жолы қайда? Бәлкім, бұдан да биігіне – Эвереске шығып, компанияның атын ұлықтармыз?» дегеніміз есімде. Сол сәтте Мақсұт, Альмир үшеуміз бұл биіктікті де бағындыра алатынымызды, бағындырғымыз келетінін түсіндік.
– Эвересті бағындырған адам енді ештеңеден қаймыға қоймас! Көздеген мақсаттарына жететін альпинистер де ырымшыл болғанымен, болашаққа құрған қандай өршіл жоспарларыңыз бар екенін сұрағым келеді...
– Әрине, осы жетістікпен тоқтап қалғым келмейді. Елге орала салысымен, басшыларыма: «Жалғастыру керек!» деп айтып, қатты таңғалдырған болармын (күледі). «7 шың» бағдарламасына қатысып, барлық құрлықтың ең биік тауларына көтерілгім келеді. Оның үстіне қоржынымда африкалық Килиманджаро, Жер шарының ең биік шыңы Эверест бар.
– Анар, сәттілік серігіңіз болсын!
P.S. Осы күндері «Kazakh Everest Team» экспедициясын қолдау мақсатында отандастарымыздың Эвереске көтерілуі хақында деректі фильм түсіріліп жатыр. Ғибрат Бақаев режиссерлік еткен фильм биыл күзде көпке таныстырылады. Айта кетейік, түсірілім тобы Непалда қатысушылармен бірге ере жүріп, құнды кадрлар түсіріп алған.
Әңгімелескен –
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ