Шын ақын – ұлттық ақын. Әлем әдебиетін ақтарған сайын бұған көзіміз анық жете түсуде. Ал ұлттық ақынның басты ерекшелігі қоңыр жанында, үстем рухында. Қазақтың жаны кейде дүлей, кейде «насыбайға бола өкпелер» назды, кейде қылдан да нәзік. Бір сөзбен айтқанда, аяулы жан.
Дәулеткерей Кәпұлының отыз жасында жарық көрген «Сүтті іңір» кітабы көңілді еліткен. Оқып отырып, қиянда қалған қырға, кірпігі майырылмаған тұма шағыңа сапар шегесің. Сәл пенделік көрсе өкпелеп, ар туы үшін өмір кешуге тас түйін бекінген адал ниетке қауышып, бауыр басасың.
Қырмызы күн жолынан нұр алаулап,
Таң көбесі сөгілді ырауандап.
Тобылғының басынан қотырторғай,
Құйрығымен отырды шуақ аулап.
Неше күндей шөлдетіп, сағындыртып,
Ақ жаңбырын кеше өткен Тәңір бүркіп.
Апам ұйтқан айранның беті құсап,
Қоңыр жота жонымен сағым кілкіп.
Осы шумақтардан көңілге тұтас пейзаж құйылады. Құйрығымен шуақ аулап отырған қотырторғай алдыңда тұрғандай, қиял желбезегі көкті шарлап жөнеледі. Сірә, ақын мен табиғат егіз. Әйтпегенде, адам қолымен жасалған көліктің түтініне, ғимарат мұнарасына қамалған сөз керуені мәңгілікке сапар шекпейді. Уитменнің «Шөп жапырақтары», Эмили Дикинсонның құстары, «Сынып түссе бір бұта, қабырғама қараймын» деген Жұмекен сазы табиғатқа айналған ақынның өміршеңдігінің дәлелі.
Суретің қандай, сүтті іңір,
Балтырлы қайың жұп-жұмыр.
Қасқайған қарағайлардың,
Сырғауыл бойы сыптығыр.
Атқандай мүлде жұмбақ таң,
Бақыттың қолын бұлғатқан.
Тағдырдың ғажап тартуы-ай,
Табиғат даусын тыңдатқан.
Ақын болмысы сыртқа тек жауынгер рухты көрінгенімен, ол – сезім суреткері, жүрек ақыны. Жалғыздықта жаралы ой кешіп, жанын түнге жаяр мезеті жиі боларына сенімім мол. «Сүтті іңір» жыры уызына қанған аяулы жанның ұяңдығына, арманшыл іңкәрлікке толы.
Тобылғы торы тіршілігім-ау,
Көбеңсіп қапсың көптен шын.
Дүлдүл тұяқтың дүрсілі дырау,
Дүр рухыма от берсін!
Сексеуіл шоқты жанарым менің,
Жасын ойнатшы жалғанға.
Бақытқа байтақ бала күндерім,
Алақан жайсын арманға.
Ұлттық поэзияның тағы бір ерекшелігі құнарлы сөз, қыл сыймас қою иірімінде. «Орыстың айшықты тілі менімен бірге өледі!» деп налитын Иван Бунин ұлттық сөз өнері үшін қам жеген еді. Ал 29 жасынан соң ұлттық поэзияға бет бұрған ұлы Пушкин ертегілер мен ауыз әдебиетіне бас қойып, өскен жерін зерделейді. Әйгілі Достоевский нені аударса да орыстың шапанын жапқан ақынға мәз-мейрам болып, ұлтпен біте қайнасқан рухына қол соғады. Ал Еуропаны терең ойымен естанды қылған Гете барлық қайнар ел арасында екенін ерте ұғынып, шығармашылық жолының әлқиссасын неміс фольклор нұсқаларын жинаудан бастайды. Солайша тамырынан қуат алған ақындар басқа халықтардың да махаббатына бөленіп, жаһанға арайын шашты.
Қатты ұйықтауға қорқамын, ал, неліктен,
Сөніп қалатұғындай сәуле біткен.
Мен көз ілсем, жұлдыз да, Ай да сөніп,
Айырылардай қара түн бар көріктен.
Жапқым келмей қақпасын қара түннің,
Кей түндерде көз ілмей таң атырдым.
Жарығыңа ғашықпын, тәубе, Тәңір,
Тамшы сүттей сәулеңнен жаратылдым.
Осы бір шумақтардан тек қазақ баласына тән суреттер, ұғымдар менмұндалайды. Сірә, арда ағалардың «поэзия аударылмайды» дейтіні ұлтқа тән дербес түйсіктен болар. Жат ел ақыны қанша заманның қилы бояуы жұққан қазақ жанының қатпарлы қыртысын қайдан ұқсын, қалай аударсын? Форма аударылар, бірақ жан аударыла ма?!
Дәулеткерей Кәпұлы поэзиясы – бұлжымаған қазақ жанының, қазақ болмысының бірегей таңбасы. Оқыған сайын айызың қанып, өз-өзіңмен қауыша түсесің. Мұхтар Әуезов: «Қазақтың ары мен ұяты, кісілігі – күйде ғана қалды» десе, мен осы бір сөзді өзгертіп, қазақтың ары мен ұяты санаулы ұлттық ақынның жырында һәм күйде қалды дер едім.