Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Азия даму банкі (АДБ) Орталық және Батыс Азия департаментінің бас директоры Евгений Жуковпен және Қазақстандағы АДБ өкілдігінің директоры Утсав Кумармен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан мен АДБ-ның 2023-2027 жылдарға арналған Елдік әріптестік стратегиясы аясында одан әрі ынтымақтастықтың басымдықтарын, сондай-ақ өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, Қазақстан АДБ-мен өзара әрекеттестікті одан әрі кеңейтуге дайын.
«Еліміз энергетика, «жасыл» экономика, көлік және логистика, су ресурстарын басқару салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі. Отандық сарапшылар қатысатын тәжірибе мен білім алмасу бағдарламалары да біз үшін маңызды», деді Н.Байбазаров.
Евгений Жуков Азия даму банкі инвестиция арқылы елдің экономикалық дамуына қолдау көрсетіп, мемлекет-жекеменшік әріптестікті ілгерілету әрі сараптама ұсына отырып, негізгі серіктес ретінде Қазақстанмен 30 жыл бойы ынтымақтаса келе жатқанын айтты. Ұйымның негізгі және басым бағыттардың бірі – климаттың өзгеруінің салдарымен және декарбонизациямен күресте қолдау көрсету.
Кездесу барысында Қарағанды көпсалалы университет ауруханасының құрылысы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаның ағымдағы жағдайы, сондай-ақ АДБ-ның «Қызылорда-Жезқазған» жолын қайта жаңғыртуға қатысу мәселесі талқыланды.
Нұрлан Байбазаров мемлекеттік органдарға жобаларды тиімді іске асыру үшін мемлекетішілік рәсімдерді жеделдетуді, сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігіне елдің су инфрақұрылымын жаңғырту үдерісіне АДБ-ның қатысу мүмкіндігін талқылауды тапсырды.