Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі танымал аралас жекпе-жек шебері Арман Әшімовтің әлеуметтік желіге жүктеген видеосынан кейін тексеріс жүргізді, деп жазады Egemen.kz.
Аралас жекпе-жек шебері видеода «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» және «ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері» сынды атақтар жалған спортшыларға негізгіз берілгенін айтқан.
Антикор бейне-ақпаратты тексеріп, Агенттіктің ұсынысы бойынша жалған спортшылар спорттық атақтарынан айырылды.
Сондай-ақ құзырлы мекеме жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігіне жемқорлық деректерін жою, Е-sport Ұлттық цифрлық платформасын іске қосу сынды ұсыныстарын жолдады.
Е-sport Ұлттық цифрлық платформасы спортшылар, инфрақұрылым, жарыстар мен жетістіктер туралы бірыңғай деректер қоймасын құрайды және спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік бермек.