Қостанайда тірек-қимыл жүйесі бұзылған және неврологиялық ауруы бар балаларды ерте жастан бейімдеу орталығы ашылды. Облыстық балалар ауруханасының ғимаратына орналасқан орталық жылына 600-дей баланы қабылдап, өмірге бейімделуіне көмек көрсете алады, деп жазады Egemen.kz.
Бұл – елімізде «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ашылып отырған он жетінші мемлекеттік орталық. Емдеу-оңалту мекемесі кемтарлығы бар балалардың еміне қажет бейімдеу және диагностикалық медициналық құрылғылар, арнайы техникалық құралдар, тренажерлер мен бағдарламалы құрылғы кешендерімен жабдықталған. Сондай-ақ орталықта вертикализатор, импрессонды ванна, сенсорлық, шунгит және тұз бөлмесі, ЭЭГ, аудиометриялық модуль, өзге де заманауи медициналық құрылғылар бар. Ерте бейімдеу орталығы нейро-ортопедиялық науқасқа шалдыққан және осы аурудың белгілері бар үш жасқа дейінгі сәбилерге көмек көрсетуді көздейді.
Орталық облыстық балалар ауруханасының бейімдеу бөлімінің құрамында жұмыс істейтін болады. «Қамқорлық қорының» балаларға арналған осындай емдеу мекемесін ашу туралы ұсынысынан кейін, облыс әкімдігі ауданы 500 шаршы метр болатын ғимаратты жөнге келтіріп, дайындық жұмыстарын жүргізу үшін 55 млн теңге қаржы бөлген. Бұған «Қамқорлық қоры» да 124,6 млн теңге бөліп отыр. Сонымен қатар әкімдік орталыққа жылына 256 млн теңге көлемінде қаржы бөліп отырады.
Бейімдеу бөлімінің меңгерушісі Гүлбарам Нұрханованың айтуынша, орталыққа невролог, реабилитолог дәрігерлер, ЕДШ нұсқаушылары, логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмысқа алынған. Мамандар біліктілікті арттырудың бірнеше кезеңінен өтеді.
«Әрине, әлі де мамандар керек болады. Мұнда балалар 21 күн бойы бейімдеу курсынан өтеді. Бізде 60 орын бар. Емделушілер педкоррекция, иппотренажер, баланың табаны мен өкшесін, жүрісін түзейтін корвит аппараты бар. Бейімдеу бөлімі 10 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Енді бүгінгі орталықтың ашылуы – балаларды ерте жастан қолдау бағытындағы мүмкіндігімізді кеңейте түседі», дейді бөлім меңгерушісі.
Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали, денсаулық сақтау саласының мамандары, «Samruk-Kazyna Trust», «Қамқорлық қорының» өкілдері қатысты. Жалпы, бүгінде өңірде шамамен 28 мыңдай мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оның 300-ден астамы – үш жасқа толмаған балалар.
«Аталған орталық ерекше қажеттілігі бар балалардың өмір сүру сапасын жақсарта түседі. Әкімдік орталыққа әрдайым қолдау көрсетіп отыратын болады. Орталықты ұстап тұруға жылына 250 млн теңге бөліп отыратын боламыз», деді Ринат Мұхаметқали.
«Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Әлфия Әдиеваның айтуынша, жаңа орталық қозғалыс дағдыларын дамытудың заманауи технологияларымен, арнайы техникалық құралдармен, тренажерлармен, аппараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықталған.
«Ерте қолға алу орталығы балаларға әлеуметтенуге, қажетті оңалту емін алуға, өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруге және білікті көмек алуға мүмкіндік береді. Орталыққа 46 бала келіп, оңалту курсынан өтіп жатыр. Ерте қолға алу орталықтарын құру жобасы ерекше балалардың өз тұрғыластарынан даму алшақтығын азайтуға ықпал етеді және олардың балабақшада, мектепте, жалпы өмірге бейімделу мүмкіндігін арттырады. Туылғаннан үш жасқа дейінгі кезең баланың дамуындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Жалпы, инклюзияны дамыту аясында «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен, оның ішінде серіктестермен бірлесе отырып, түрлі бағыттағы 38 оңалту орталығы ашылды. Сондай-ақ серіктестермен бірлесіп, жаңа оңалту орталықтарын және аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталықтарды іске қосу мәселесін пысықтап жатырмыз», деген Әлфия Әдиева жаңа денсаулық сақтау ұйымының маңыздылығын жеткізді.
Жалпы, «Қазақстан халқына» қоры денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек саласындағы көптеген жобаларға мұрындық болып отырғанын айта кету керек. Қордың басым бағыттарының бірі – балаларға оңалту көмегін көрсетуге бағытталған инфрақұрылымды дамыту.
«Соңғы жылдары ел көлемінде қаншама аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталықтар мен балаларға арналған оңалту орталықтарын ұйымдастыру жобалары жүзеге асырылды. Мәселен, Қостанайдағы жаңа орталыққа жыл сайын 600-ден астам бала келіп, уақтылы көмек алып, диагностикадан өте алады. Бұл олардың өмір сапасын жақсартады. Жоба аясында жаңа жабдықтар сатып алынды, мамандар оқу курстарын тәмамдады», дейді «Қазақстан халқына» ҚҚ Денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының басшысы Гүлзия Бидатова.
«Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінованың айтуынша, Қостанайда ашылған жаңа орталық өңірдегі ерекше балаларды сапалы және жан-жақты оңалтуға, олардың мейлінше дамуына және қоғамнан өз орнын табуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда елімізде ҚР Үкіметі, өңірлердегі әкімдіктер, «Қазақстан халқына» қоры, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ тәрізді жоба серіктестерінің бірлескен күшімен 17 мемлекеттік ерте қолға алу орталығы ашылған. Биыл тағы 3 орталық ашылмақ. Ерекше балаларға арналған ерекше орталықтар жыл сайын шамамен 12000 бала қабылдайды.