• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Маусым, 2024

«Масс-медиа туралы» заң талқыланды

191 рет
көрсетілді

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста мемлекеттік ақпараттық саясатты жақсартуға және медиа саласын дамытуға бағытталған заңдарды талқылады.

«Масс-медиа туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар мем­лекеттік емес бұқаралық ақпарат құрал­дарына грант беру арқылы мем­лекеттік ақпараттық сая­сат­ты қаржыландыру тетік­терін жетілдіру, жарияланған материалға талап қоюдың ескіру мерзімін бір жылға белгілеу, мемлекеттік тілдегі теле және радиобағдарламалар көлемін 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайту және шетелдік бағдарламаларды ретрансляциялау үлесін 20%-дан 10%-ға дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар қоғамның адамгершілік тұрғысында дамуына зиян келтіру мен жалпы адамзаттық, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтарға нұқсан келтіруге орай заңдардағы жаңалықтарда уәкілетті органның құзыретіне бұқаралық ақпарат құралдарының мониторингі жөніндегі функциялар енгізу, сондай-ақ журналистің кәсі­би қызметінің құқықтық кепіл­діктерін қамтамасыз ету және БАҚ сауалдарын қарау мерзім­дерін 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарту да бар.

Парламентшілер сонымен қатар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңды да қарады. Заң әкімші­лік құқық бұзушылық туралы кодекстің кейбір нормаларын «Масс-медиа туралы» заңның ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында әзірленген болатын. Атап айтқанда, ақпараттық хабар тарату сапасын қамтамасыз етуді және медиа контентті реттеу саласындағы заңнамалық шараларды нығайтуды көздейтін өзгерістер енгізіледі.

Сенаторлардың айтуынша, заңдарды қабылдау норматив­тік базаны тұжырымдама­лық тұрғыда қалыптастыруға мүмкіндік береді және бұқаралық ұлттық заңнама мен ақпарат құралдарына құқық қолдану тәжірибесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

Комитет мүшелері талқы­лау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысына қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.