• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құқық 05 Маусым, 2024

«Автокөлік әперем» деген алаяқ

72 рет
көрсетілді

Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінен алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен ірі мөлшерде алаяқтық қылмысын жасаған күдіктіні экстрадициялады.

Ол 2010 жылдың қазан айында жә­бірленушіден АҚШ-тан «Роллс-Ройс» маркалы автокөлікті әкеліп беремін деп 50 млн теңгеден астам ақшасын алып, кейін қашып кеткен. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланады. Күдікті еліміздің құқық қорғау органдарынан 10 жыл­дан астам уақыт бойы жасырынып келді. Мұндай қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін­гі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Күдіктіні экстрадициялау Қазақ­стан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы 2009 жылы Қазақстан Республикасының Бас про­куратурасы дайындаған қылмыскер­лерді ұстап беру туралы келісім негі­зінде жүзеге асты.

Ел тұрғындарының құқықтық сауаты артты дегенімізбен, әлі де алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқандар аз емес. Ақмола облысы про­куратурасының мәліметінше, осы аптаның өзінде 18 облыс тұрғыны ин­тернет-алаяқтардың құрығына түсіп, 20 млн теңгеден астам қаражатынан айырылған.

Интернет сайттары және әлеумет­тік желілердегі жоқ тауарларды сату, әртүрлі қызметтерді ұсыну туралы хабарландырулар, банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкері болып хабарласып, ақшалай қаражат­ты немесе салымды «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынатын қоңыраулары алаяқтықтың ең көп таралған тәсілдері болып тұр.

Мәселен, бір тұрғынға ұялы байланыс операторымын деген белгісіз адам SIM-картаның мерзімін ұзарту керек деп қоңырау шалған. Алаяқ оған сілтеме жіберіп, сол арқылы оның атынан несие рәсімдеген.

Тағы бір жағдайда зейнеткерге бел­гісіз адам қоңырау шалып, өзін баласы ретінде таныстырған және банк картасының екі бетін суретке түсіріп жіберуді, телефон нөміріне келіп түскен құпия сөзді айтуды сұраған. Осы­лайша, арам ойын іске асырған әккі зейнеткердің атынан ақшалай несие рәсімделген.

Прокурорлар азаматтарды қыра­ғы болуға, сатушының сенімділігіне көз жеткізбестен тауар үшін алдын ала төлем жібермеуге, қоңырау ша­лушыларға сенбеуге, өздерінің жеке мә­ліметтерін бейтаныс адамдарға бермеуге шақырады.