Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Бангкокта өткен соңғы іріктеу турнирден кейін пікір білдіріп, Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жолдама жолындағы жеңісін атап өтті, деп жазады Egemen.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Бас бапкер, ең алдымен, Париж Олимпиадасына толық құрамда бару мақсаты орындалғанына назар аударды.
«Ендігі мақсат – жігіттеріміз рингте барын салып, елге абыроймен оралсақ деген ой. Мұхамедсабырдың жолдама алғанына өте қуаныштымын. Оған оңай болған жоқ.
Екі іріктеу жарысы да жігіттерге қиын соқты. Бангкоктегі турнирден соң да мықты деген боксшылар жолдамасыз қалды. Бокс бес құрлықта да дамып жатыр. Сондақтан, әрбір кездесу финалдық жекпе-жектен кем емес. Базарбайұлы алты кездесу өткізіп, лицензия алып отыр. Оған тек жарайсың дейміз», деді Мырзағали Құланұлы.
Сондай-ақ ол төртжылдықтың басты бәсекесіне дайындық пен жаттығу жиындары тыңғылықты жүріп жатқанын мәлімдеді.