Бүгін елордада рухани-танымдық хабар тарататын «ALQA» радиосының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласы әкімдігі Дін істері жөніндегі басқарманың қолдауымен құрылған интернет-радиода қазақ халқының төл дүниетанымы мен тұрмыс-салты, дәстүрі насихатталады.
Радионың ашылу рәсіміне жергілікті мемлекеттік орган, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен өнер қайраткерлері келді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актер Нұрлан Өнербаев пен Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков лента қию рәсіміне қатысты.
Сонымен қатар филология ғылымдарының докторы, ғалым Айгүл Сымақова, Дәулеткерей Кәпұлы, Әділ Ахмет салтанатты шараның қонағы болды.
«ALQA» радиосының бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағыны мүшесі, ақын Серік Сейітман радионың атауына қатысты пікір білдірді.
«Алаш қайраткерлеріміз осыдан 100 жыл бұрын «Алқа» деген әдеби ұйым құрған болатын. Біз осы атауды жаңғырту мақсатында радиомызды «Алқа» деп атадық.
Алдағы уақытта бағдарламалар қатары арта береді. Біздің студия алқа құрып отырып, мәселе шешетіндей, елдің ел болуы жөнінде сұхбат құратын орталыққа айналады деген ойдамыз», деді Серік Сейітман.
«ALQA»-да «Шеберлер алқасы», «Өнер алқасы», «Сахнагерлер алқасы» сияқты бағдарламалар эфирге шығады. Әрі бағдарламаларды журналистер емес, өнердің әр саласына қатысты кәсіби мамандар жүргізетін болады.
«Радио Астана қаласы әкімдігі Дін істері жөніндегі басқармаға қарайды, сондықтан діннен алыс болмайды. Теріс ағымдар белең алмауы үшін олармен күрес жүргізу еліміздің әрбір патриотының, мемлекеттік құрылымның негізгі міндеті. Ал оларға тосқауыл болатын күш – біздің дәстүрлі дүниетанымымыз. Сондықтан радиомызда қазақтың дүниетанымынан алыс кетпейтін, дәстүр, тарих, мәдениет тақырыбындағы бағдарламалар дайындалады», деді Серік Сейітман.