• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2024

Өзекті мәселелер шешімін тауып келеді

735 рет
көрсетілді

«Елге ел қосылса – құт» дейді халқымыз. Ұлы Абай, дана ­Шә­кәрім, заңғар Мұхтар дүниеге келген, Алаштың айбоз ұлдары ту қадаған ұлағатты өлке Семейдің өз алдына отау тігіп, ірге бекіткеніне екі жыл толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған облыста осы уақыт ара­лығында нендей жұмыстар атқарылды? Өңірдегі өзекті мәсе­лелер қалай шешімін тауып жатыр? Алдағы жоба-жос­парлар қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде ­облыс әкімі Нұрлан ҰРАНХАЕВ газетіміздің тілшісіне арнайы сұхбат берді.

45 шақырым жылу желісі жаңғыртылды

– Нұрлан Телманұлы, Абай облысы құрылған күннен бас­тап атқарылған шаруалардың дені жоспарларды орындау мен мақсат-мұраттарды айқын­дауға кеткені анық. Сөзімізді ел Президенті жүктеген өңірді дамытуға бағытталған жоспарлар мен тапсырмалардың орында­луынан бастасақ.

– Семей облысы 1997 жылы мамыр айында тараған болатын. Облыс өз мәртебесінен айырылған ширек ғасырда өңірде әр салада мәселелер қордаланып қалған еді. Мемлекет басшысы 2022 жылы Семейге келгенде аймақтағы ең өзекті мәселелерге тоқталып, алдымызға үлкен міндет қойды. Облыстың келешектегі даму бағытын айқындап берді. Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін 2023 жылы Үкіметте Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Маңызды құжат шеңберінде 2023-2027 жылдары жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге 9 н­егізгі бағыттағы 102 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Мәселен, өткен жылы 20 миллиард теңгенің үш жобасы іске асып, 700-ге жуық жұмыс орны құрылды. Берікқара кен орнында кен өндіру және мыс өңдеу зауыты жұмысын бастады. Жалпы, екі жылда облыс экономи­касына шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылды. Үш мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандары ашылды. Өңірге инвес­тиция тарту үшін көрші Қытай елімен ынтымақтастық байланыс орнады. Бұған дейін Абай облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында бірқатар бірлескен іс-шара өткізілді. Шекаралас өңірді жан-жақты дамытуға бағытталған уағдаластықтарға қол жеткізілді. Жуықта Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен жылдық қуаты 300 мың тонна болатын мыс бал­қыту зауытын салу туралы ке­лісімге қол қойылды. Бұл кәсіпорын Аягөз ауданының Ақтоғай кентінің маңында салынады.

– Өңірдегі ең үлкен мәселенің бірі – жылу. Семей тұрғындары ала жаздай ыстық сусыз отырады. Бұл мә­селе қалай шешімін тауып жатыр?

– Өңірдің инфрақұрылым саласында мәселе көп. Тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 401 шақырым. Желілердің орташа тозуы 64,2 па­йызды құрайды. Яғни 257 шақырымы жаңартуды қажет етеді. Семей қаласындағы жылу желілерінің ұзақтығы – 325 шақырым, тозуы –­  66 пайыз. Әсіресе шаһардың оң жағалауына сағатына 147 Гкал жылу жетіспейді. Жылу тапшылығын жою үшін «Ғаббасов» және «Орталық» жылу орталықтарына жаңа қазандықтар қойылды. Өткен жылы жалпы сомасы 24 млрд теңгеге өңірдегі 45 шақырым жылу желісі жаңғыртылды. 20 жылу қазандығы жөнделді. Осы жұмыстың нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 70,5 пайыздан 64,2 пайызға дейін төмендеді. Биыл 37,9 шақырым желіні жаңғыртуға, 11 жылу қазандығын жөндеуге 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Осы жұмыстар аяқталса, жылу желілерінің тозуын 56 па­йызға дейін азайтуға мүмкіндік туады. Әрине, мұнымен мәселенің толық шешілмейтіні анық. Қалаға үлкен жылу орталығы керек.

– «Қалаға үлкен жылу орта­лы­ғы керек» деп қалдыңыз. Бі­луім­ізше, үшінші жылу электр ор­талығын салатын компания да белгілі болған секілді.

– Облыс мәртебесін алғаннан кейін Семейде құрылыс қарқыны артты. Қаланың оң жағалауында жылу жетіспегендіктен, үлкен құрылыстың дені сол жағалауда жүргізіліп жатыр. Семейге үлкен жылу орталығын салу – көптен айтылып жүрген мәселе. Бүгінгі таң­да жобаның техникалық-эко­номикалық негіздемесі әзірле­ніп жатыр. Жуырда біз ресейлік «Интер РАО-Экспорт» компаниясы өкілдерімен кездесіп, жобаны іске асыру жол­дарын талқыладық. Негізгі жаб­дықтың қуаты, орналасуы, ин­женер­лік-коммуникациялық ин­фрақұрылымы және ЖЭО-3 құ­ры­лысының мерзімі алдын ала анық­талды. Облыс әкімдігі тарапы­нан техникалық параметрлер туралы ұсынысымызды айттық. Оған сәйкес жаңа ЖЭО-ның электр және жылу қуаты 360 МВт және 1200 Гкал/сағ құрауға тиіс. Бұған дейін құ­­ры­лыс алаңы ретінде қаланың сол жағалауындағы Степной кенті аума­ғындағы ауданы шамамен 60 гектар жер учаскесі бекітілген болатын.

 

Аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізіледі

– Облыстағы маңызы бар қа­лалар мен аудандардың арасын­ бай­ланыстыратын күре жол­дар­дың күрмеуі әлі толық ше­шіл­­мей келеді. Семей мен Үржар, Ақ­суат аудандарының ара­сын жал­ғайтын жол­дардың аяқ­та­луын­ халық тағат­сыз­дана күтіп жүр.

– Сіздің айтып отырғаныңыз, «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен» жол­дары ғой. Бұл екі күре жол да респуб­лика­лық маңыздағы жолдар саналады. «Қаз­АвтоЖол» ұлттық компаниясына қарай­ды. Олардың берген мәліметінше, «Талды­қорған –­ Өскемен» бағытындағы жол жыл соңына дейін аяқталады.

Өткен жылы аймақтағы күре жолдарды жаңартуға 25 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 363 шақырым жол ретке келтірілді. Туристік орындар да назардан тыс қалған жоқ. Абай ауданындағы Ақшоқы (Құнанбай әулетінің қорымы) мен Қоңыр әулие үңгіріне баратын жолдар бір­шама жақсарып қалды. Биыл облы­сымыздағы елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеу көзделген. Шамамен 320 шақырым жол жаңғыртылады. «Аягөз – Қарауыл – Қайнар», «Шар – Әуезов», «Воскресеновка – Петропавловка – Шелехово – Дмитриевка», «Көк­пекті – Самар» бағы­тын­дағы 75 шақырым жолға асфальт төселеді. Бұлар – облыстық маңызы бар жолдар. Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бо­родулиха, Жарма, Көкпекті, Ма­қаншы, Үржар аудандарындағы 150 ша­қырымға жуық жол жаңа кейіп­ке енеді.

Өткен жылы Семейдегі көше­лер­дің жолын жөндеуге баса мән бердік. Ұзындығы 50 шақырым болатын 56 көшенің жолы асфальтталды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Қалада жалпы ұзындығы 756 шақырым 1 179 көше бар. Соның 703-і, яғни 450 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Халық әр кездесуде осы мәселені көтереді. Сондықтан бұл тараптағы жұмыс жыл сайын жүйелі түрде жалғасады. 2024 жылы қаладағы 40 көшенің жолын ретке келтіруді жос­парлап отырмыз. Жұмыс жүріп жатыр.

– Облыс құрылғалы бері облыс орталығындағы көлік қаты­насы үлкен мәселе туғызып келе жатқаны белгілі. Семей қала­сындағы даңғылдар мен үл­кен көшелерді ретке келтіру, жалпы айтқанда, қаладағы кептеліс мәселесі қалай шешім табады?

– Абай облысы логистикалық тұр­ғыдан қолайлы жерде орналас­қан. Бұл көршілес өңірлер және Қытай, Ресей елдері арасын­дағы сауда-экономикалық қарым-қаты­нас­тарды дамытуға мүмкіндік береді. Өңірдің логис­тикалық әлеуе­тін нығайту үшін тиісті көлік ин­фрақұрылымын құру қажет. «Елі­міздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады. Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту аса маңызды. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сон­дықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет», деп тап­сыр­ған болатын Мемлекет басшысы.

Өткен жылдың соңында ұзын­дығы 270 шақырымнан асатын «Бақты – Аягөз» бағытындағы жаңа теміржол желісінің құрылысы бас­талды. Жаңа желіні салу барысында Қытаймен «Бақты – Шәуешек» үшінші шекара өткелін ашу жос­парланып отыр. Ауқымды жоба жеке инвестордың қатысуымен жүзеге асырылады. Құрылыс барысында 11 станса, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргін­шілер көпірі салынады.

Семейдегі көпірлерге келсек, жұрт «жаңа көпір» деп атайтын аспалы көпір 2000 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрген жоқ. Қаланың символына айналған нысанды жапон мамандары келіп, көріп, жай-күйін бағалап кетті. Көпірдің асфальт төсеміне жыл са­йын ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Көлік өткеліне күрделі жөндеу жасау үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

2022 жылы қаладағы автогуж көпірінің жанынан жаңа көпірдің құрылысы басталды. Ұзындығы 810 метр болатын, төрт жолақты көлік өткелі салынады. Ал ескі көпір жаяу жүр­гін­шілерге қызмет көрсетеді. Рас, облыс бол­ғаннан кейін қалада тіршілік жанданды. Көлік көбейді. Көлік саны артқан соң, кеп­те­ліс те көбейді. Жаңа көпір салынса, шаһар­да­ғы көлік қозғалысы бір­шама жеңілдейді.

– Абай облысындағы ауылдар­ға қалай көңіл бөлініп жатыр?

– Президенттің бастамасымен облысымызда Жаңа Семей мен Мақаншы аудандары құрылды. Бұл ауылға, сондағы халыққа үлкен қолдау, қамқорлық деп ойлаймын. Екі ауданның да аграрлық, туристік әлеуе­ті зор. Ауылды қолдау жайы­на келсек, тек өткен жылы елді ме­кен­дер­ді дамытуға 35 миллиард теңге бөлінді. Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылып, бірнеше ауылға ауызсу тартылды. Жалпы, қазір облыста ауызсу тарту бо­йынша 46 жоба іске асырылуда. Ауыл хал­қы­ның денсаулығы да әр­дайым на­зарымызда. Был­тыр Үр­жар ауы­лын­­да дәрігерлік амбула­тория құ­ры­­лысы басталды. Тұрғындардың ті­легін ескере отырып екі ауданда ге­­модиализ орталығы ашылды. «Ауыл­­дық ден­саулық сақтауды жаң­ғырту» ұлт­тық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 65 алғашқы меди­ци­­налық нысан салу жоспарланып отыр.

 

11 жаңа мектеп салынады

– Семей 25 жыл бойы облыс­та­ғы маңызы бар қала ре­тінде бол­ғаны рас. Осы уақыт аралығында қор­да­ланған мәсе­лелер де жете­ді. Солардың бірі – халықты баспанамен қамту. Қазір жаңа тұрғын-үй кешендерінің салыну қарқыны жақсы. Облыс құрылғалы бері баспаналы болып қуанғандардың қарасы қаншалықты қалың?

– Бұл бағыттағы жұмыс жү­йе­лі түрде жүргізіліп келеді. 2022-2023 жылдары өңірімізде 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінде облыс бойынша 20 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Оның 14 мыңы Семейге тиесілі. 2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың қаңтарына дейін кезекте тұрғандар саны 880 адамға өсіпті. Демек ай сайын орташа есеппен 73 адам тұрғын үйге кезекке тұрады. Өткен жылы облыстың мемлекеттік тұрғын үй қорынан 695 баспана берілді. Биыл бюджет қаражаты есебінен Семей мен Аягөз қалаларында жалпы ауданы 119,3 мың шаршы метрді құрайтын 23 көпқабатты несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүр­гізілуде. Облыс орталығындағы жастарды баспанамен қамту мақсатында «Абай жастары» бағдарламасы іске қосылды. Былтыр бағдарламаға қалалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, 40 жас отбасы баспаналы болды. 2023 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары мен кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға 211 пәтер берілді. Ағымдағы жылы 80-ге жуық адам қоныс тойын тойлады. Жалпы, облыста жыл соңына дейін 600-ден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Бүгінде Семейде 21 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды.

– Білім, ғылымға құштар жас жеткін­шектерге бағытталған қандай ауқымды дүниелер бар? Білім беру саласындағы өзге­рістерге тоқталсаңыз.

– Білім саласында өзгеріс болуы үшін, сапа болуы үшін ең әуелі тиісті жағдай жасалуы керек. Егер біздің балаларымыз тар мектепте қысылып-қымтырылып оқыса, сапалы білім, саналы тәрбие ала ма? Бүгінде облысымыздағы білім ошақтарында 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Бұл – үлкен мәселе. Осы мәселені шешу үшін өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 700 орындық 11 жаңа мектеп салынады. 2023 жылы аймақта 5 мектептің құрылысы бас­талды. Семейдегі екі мектепті күзге дейін аяқтау жоспарланып отыр. Үлкен мектептерден бөлек Жарма, Үржар, Бесқарағай аудандарында 510 орындық 6 шағын жинақты мектеп бой көтереді. Облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес 6 мектептің жанынан қосымша ғи­марат салу жоспарланған. Соның екеуінің құрылысы басталып кетті. Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында 2027 жылға дейін 2 100 орындық 9 балабақша салу жоспарда бар. Облыстық білім басқармасы Семейдің Қарағайлы шағын ауданына 320 орындық 2 бала­бақша салу үшін жеке инвес­тор­ларды тарту жұмысы жүріп жатыр.

Өткен жылы облыста жаңа фор­маттағы екі жаңа мектеп ашылды. Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен Шәкәрім атындағы университет базасында «Shakarim High Schoоl», Ә. Бөкейхан атындағы университет базасында 10, 11-сынып бағдарламалары бойынша «Abay IT-School» инновациялық мектептер жұмысын бастады.

Семейдегі «Қарағайлы» ша­ғын ауданында креативті индус­трия паркі ашылды. Мұнда облыс­тың кез келген тұрғыны өзінің креа­тив­ті идеясын жүзеге асыра алады. Биыл Семейде 500 орындық көпфункционалды орталықтың құрылысы басталды. Үш қабат­ты нысанда бассейн, фитнес, жекпе-жек залы, нейроробот техникасы,­ бағдарламалау кабинеттері мен кі­тапхана болады. Облыс орталы­ғында 51 мың оқушы бар. Соның 11 мыңнан астамы әртүрлі үйірмеге қатысады.

 

Бас жоспар аяқталуға жақын

– Қаланың бас жоспары көп­шілік талқысына ұсынылды. Алда ұсыныстарды қабылдап, бекіту, Мемлекет басшысына таныстыру жұмысы тұр. Семейдің бас жоспарының ерекшелігі мен халыққа тиімді жағы қандай?

– Семейдің бас жоспарын әзірлеу – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспары әзірлену үстінде. Аяқталуға жақын деуге де болады. Маңызды құжаттың жо­басын жұртшылыққа таныс­тыр­дық. Айтылған ұсыныс-пікір­лер ескеріліп, жоспарға тиісті өз­герістер енгізілді. Қазір тиісті ми­нистрліктермен жұмыс істеп жатырмыз. Жоба кешенді мем­лекеттік сараптамадан өтеді. Бұл жұмыс­тар аяқталған соң бас жос­парды Президент назарына ұсынамыз.

– Өңірде тарихи орындар мен киелі жерлер де жетерлік. Облыстың туризм саласын тура жолға қою, жаңа облысқа туристерді тарту жұмысы қандай деңгейде?

– Облысымызда тарихи орындар да, көркімен көз тартатын әдемі жерлер де аз емес. Өткен жылы өңірімізге 333 мың турист келді. Оның 200 мыңға жуығы айдынды Алакөлде демалды. Бүгінде курортты аймақта 435 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. 230 қонақүй бар. 2023 жылы Алакөл жағасындағы кәсіпкерлерден 89,7 миллион теңге салық түсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 17 миллион теңгені құраған еді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Туристер Алакөлге автобуспен де, пойызбен де, ұшақпен де бара алады. Семейден Үржар ауылына аптасына үш рет ұшақ қатынайды. «Семей – Жалаңашкөл» бағытында күнара пойыз жүреді.

– Өткен жылғы өрт қаншама қара­ғай­лы орманды жайпап кеткенін білеміз. Жасыл желекті қалпына келтіру де оңай шаруа емес. Осы бағытта қолға алын­ған жұмыстарға тоқталсаңыз. Жалпы, өңірде өртке қарсы күрес күшейтілді ме?

– Аймақта өрттің алдын алу бойынша тиісті жұмыстар атқа­рылуда. Өрт кезінде жедел әрекет ету үшін елді мекендерде 10 өрт сөндіру бекеті құрылды. Әуеден бақылауды кү­шейту мақсатында «Қазавиақұтқару» АҚ-пен тікұшақ тарту жөнінде келісімшарт жа­салды. Семей қаласындағы әуежай мен Қорғаныс ми­нистр­лігінің облыстық ­фи­лиалының авиабазасында су төгетін ­құ­рыл­ғы­лары бар МИ-8 тікұшағы кезекшілік етуде.

«Семей орманы» табиғи резер­ва­ты­ Экология және табиғи ресурс­тар ми­нистрлігіне қарайды. Өткен жылы «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры есебінен 11 өрт сөндіру техникасы мен 363 жабдық сатып алынды. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен 34 өрт сөндіру техникасы мен 323 жабдық берілді.

Қарағайлы орманды қалпына келтіру үшін облыс әкімдігі Жол картасын әзірледі. Қазір табиғи резерватта өртенген ағаштарды кесу жұмысы жүргізілді. Кесілген ағаш­тар­­ды тереңдете өңдеу үшін зауыт қажет. Со­ған жеке инвестор қарастырып жатырмыз. Инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру үшін «Өндіріс» индустриалды аймағынан жер бөлінді.

– Қазақстанның үш дүркін чемпионы «Елім-ай» футбол клубы бірінші лигадан премьер-лигаға көтерілді. Қайта құрылған «Елім-ай» болашаққа жарқын үмітпен қарайтын балалар мен жасөспірімдерге жалын сый­лаға­ны ақиқат. Облыс тұрғын­дары­ның саламатты өмір салтын қа­лып­­тастыру мен спорт сала­сындағы жаңа­лықтары қандай?

– Облыста спорт жақсы дамып­ келе жатыр деп айтуға болады. Спорт ны­сандары да көбейіп келе­ді. Был­тыр шалғайдағы Ақсуат пен Қай­нар ауылдарында дене шы­нық­ты­ру сауық­тыру кешендері пай­да­­лануға берілді. Қазіргі уақытта «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 4 ауданда спорт нысандары салынып жатыр.

Кейінгі жылдары Семейде фут­болдың қанат жая бастағаны рас. Бұлай болуы заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені Семей – қазақ футболының отаны. 1994, 1995, 1998 жылдары Қазақстан чемпионы болған «Елім-айдың» облыспен бірге қайта түлеуі өңір тұрғындары үшін көптен күткен жағымды жаңалық болды. Команда премьер-лигада жақсы өнер көрсетіп жүр. Клубтың үйдегі ойындарын өткізу үшін «Спартак» стадионына жөндеу жүргізілді. Семейліктердің футболды сағынып қалғаны байқалады. «Елім-ай» мен «Қайрат» арасындағы ойында стадионға 10 мыңнан астам жанкүйер келді.

Қазақстан футбол федерация­сы тала­бына сәйкес премьер-ли­гаға қа­ты­сатын әрбір команда үйдегі ­мат­­ч­­­­тарын өткізу үшін ке­мінде екі мен бір­неше халық­ара­лық деңгейдегі қонақүйге ие болуы міндетті екен. Осыған орай «Елім-ай» ФК өкілдері әле­м­нің­ жетекші қонақүй опера­тор­ла­рының бірі Accor-мен мәмі­леге келіп, меморандумға қол қо­йылды. Мұнда 100-ден астам тұ­рақ­ты жұмыс орны ашылады. Бұл жоба аймақта туризмнің кең қанат жаюына ықпал етумен қатар жер­гі­лікті тұрғындардың еңбекпен қам­ты­луына жол ашады. Бұдан бөлек, Пищевик стадионының орнында 10 мың көрерменге арналған жаңа заманауи спорт аренасы салынады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қуат ҚИЫҚБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Абай облысы