• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 05 Маусым, 2024

Ғалам ғажаптары: Ештеңесі жоқ кітап

72 рет
көрсетілді

Кітап – ғаламның ғажайыбы. Мұ­ны Максим Горький айт­қан. Осы ғажап дүниенің әлемде сан түрі бар. Жұқасы, қалыңы. Тіп­ті ішінде ештеңесі жоқ кітап та жұрт­шы­лықтың көңілінен шығыпты.

Бір сұхбатында Бернард Шоуға «Сіз өзіңізбен бірге адам тұрмайтын аралға қандай 5 кітап әкетер едіңіз?» деген сұрақ қойылыпты. Сонда ол «ішінде» ештеңе жазылмаған 5 кітап алар едім деп жауа­п берген. Бұл ойды 1974 жылы аме­рикалық «Harmony Books» баспасы іліп алып, 192 бос беттен тұратын «Ештеңесі жоқ кітапты» шығарды. Кітап атауын алған шығарылым халықтың ықыласына бөленіп, қайта-қайта басылған.

 

Мектепке апарар жол

Кезінде үйдің үлкендері мектепке қалай барғандарын айтқанда ертегідей көруші едік. Ондай қым-қиғаш жолдар қазір де бар. Ал Ко­лум­бия балалары мектепке жолмен емес, болат кабельдер арқылы жетеді екен.

Колумбияның кейбір таулы ай­мақ­тарында тұратын балалардың мектепке қатынауы қиын. Бірақ ересектер бір айла тапқан көрінеді. Тау басына үлкен діңгек қадап, болат кабельдер жүйесін жасаған. Кабельдің екінші ұшы қиырда. Мектеп те сол жерде. Осылайша, оқушылар өзендерді, жартастарды басып өтіп, білім ордасына жетеді. Мысалы, сіз көріп тұрған суретте 9 жасар қыз 65 км/сағ жылдамдықта кабельмен төмен қарай құлдилап бара жатыр.

 

Қайырымды Почо

Жер шарындағы барша тіршілік иесі бір-бірімен тығыз байланыс­ты. Әсі­ресе адам мен жануар дос­тығын жиі кез­дестіреміз. Десе де қол­ты­ра­уын мен Гильберттің 20 жылғы нә­зік байланысын естігенде, таңғал­дық.

1991 жылы Коста-Рика азаматы Гильберт Шедден өзен жағасында жатқан жаралы қолтырауынды көреді. Сол көзі шыққан, жараланған жануардың халі мүшкіл еді. Жігіт қолтырауынды қайыққа салып, үйіне алып кетеді. Алты ай бойы күтім жасап, емдейді. «Почо» деп ат қояды. Арада біршама уақыт өтіп, Почо жазылады. Гильберт оны өзенге апарып, байырғы тіршілігіне жібермек болғанда қолтырауын артынан үйге еріп келеді. Сөйтіп, мейірімді жігіттің үйіне жақын тоғанда өмір сүреді. Олар күн сайын бірге жүзіп, ойнап, қызықты уақыт өткізеді. Адамға үйірсек қолтырауын 2011 жылы өлді деседі.