inDrive, Яндекс Go жүргізушілері жолаушы тасымалы кезінде жылдамдықты жиі асыратын болса, бұл қызметтен шеттетілуі мүмкін. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Жүргізушілердің жылдамдықты жиі асыратыны туралы ақпарат жолаушылардың қосымшада қойған бағасына қарай анықталады.
Егер такси жүргізушілерінің атына осы мәндегі шағымдар көп түскен болса ол жолаушы тасымалынан уақытша немесе біржолата шеттетілуі мүмкін.
Жүргізушілерге көліктің техникалық жағдайын тексерту және қауіпсіздік белдігін тағуға қатысты хабарламалар жіберіледі.
«ҚР Көлік министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Яндекс Go және inDrive арасында қол қойылған Меморандум мобильді қосымша операторының такси тасымалдаушыларының автомобиль көлігі саласындағы заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету бойынша шараларды кезең-кезеңімен қабылдауды көздейді», делінген министрлік мәлімдемесінде.
Құжаттағы талаптарды іске асыру мақсатында серіктес жүргізушілер арасында біліктілікті арттыру тренингтерін өткізу жоспарланып отыр.