• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2024

Керқұланым, келдің бе?

193 рет
көрсетілді

Сүйінші! Араға біраз жыл салып, кәрі құрлықтан керқұлан үйірі байырғы атамекеніне қайтарылды. Олай дейтініміз, бұл жануарлардың атасын өткен ғасырдың 60-жылдары еуропалықтар қазақ жерінен әкеткен екен. Біздегі тұқымы әртүрлі себеппен жойылып кетсе де, Еуропаға кеткені өсіп-өніпті. Сөйтіп, Торғай топырағына қайта оралды. «Қазақ пен жылқы егіз» деген сөзге куә болдық. Жылқы текті жануарларды ұшақтан түсірген сәтте жергілікті ағайын көзіне жас алды.

Керқұландарды елге әкелу салтанатты рәсіміне Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев, Қостанай облы­сының әкімі Құмар Ақсақалов, Чехия Республикасының Қазақстандағы елшісі Павол Шепеляк бастаған Чехиядан келген делегация мүшелері, жергілікті жұрт­шылық қатысты. Бұған қоса салтанатты жиынға қатысқандардың арасында елі­міздегі биоалуантүрлілікті сақтау қауым­дастығының (БСҚ) өкілдері, Франкфурт зоология қауымдастығының мамандары, Чехия мен Германиядан 40-қа жуық өкіл, журналистер де болды.

«Жабайы жылқыларды қай­тару» халықаралық жобасы аясында Чехия қарулы күштерінің арнайы әскери ұшағымен «Ал­тын дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына жер­сіндіруге «Пржевальский жыл­қысы» аталып келген сегіз бас керқұлан жеткізілді. Сөйтіп, зоопарктен құтылған құла түздің құланын кекілінен бір сипап кең далаға жібердік. Алғашқы сегіз тұяқ жануар жерсініп кетсе, бұған қоса тағы да 40 бас кер­құлан атажұртына қайтару жоспарланып отыр.

Бұл жабайы жылқы тұқымы Еуропа елдерінің хайуанаттар бағынан жеткізіліп, таза табиғатқа жіберілді. Керқұлан жануарының байырғы мекені – қазақ жері екені белгілі. Ұлы даланың шөлді, шөлейтті аймағында, Ертіс пен Іле бойында ежелден жылқы текті түз жануары үйір-үйірімен жүргені туралы тарихшылар жазған. Әйткенмен, бұл жануар кейінгі жылдары ел аумағында мүлдем жойылып кетті.

Осы олқылықтың орнын толтыру және еліміздегі био­алуан­түрлілікті сақтау мақса­тын­да былтыр Қазақстан – Чехия биз­нес форумы аясында еліміздің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага хайуанаттар бағы «Жойылып кету қаупі төніп тұрған жануар түрін (Пржевальский жылқысы / Equus Przewalskii) қорғау туралы» меморандумға қол қойған еді. Аталған келісімге сай Чехия мен Германиядан 3-4 маусымда бастапқы 8 жануарды (Чехиядан 4 бас, Германиядан 4 бас керқұлан) Қостанай өңіріндегі «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберіледі деп жоспарланған. Жоба-жоспар үдесінен шықты.

Керқұлан жануарын қазақ жеріне қайтару туралы халық­аралық жобаға Еуропадағы бір­неше хайуанаттар бағы қаты­сып отыр. Мәселен, Қазақстан Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, ҚБСҚ, Франкфурт зоология қауым­дастығы, Берлин және Нюрнберг хайуанаттар бағы мен Hortobágy ұлттық паркі (Мажарстан) ынты­мақтастық меморандумына қол қойып, ресми серіктес атанған.

«Біз жабайы жылқы тұқымын хайуанаттар бағынан жабайы табиғатқа жіберудің жаңа ке­зеңін бас­тадық. Бұл жоба бұ­рын Моң­­ғолияда сәтті жүрді, қазір ол жақ­та керқұланның тұқымы кө­бейіп келеді. Одан кейін қазақ елі де бізге осындай өтінішпен жүгінді. Алдағы бес жыл ішінде «Алтын дала» аума­ғына 40-қа жуық жабайы жылқы жет­кізуді жоспарланып отыр», деді Прага хайуанаттар бағының мамандары.

Прага хайуанаттар бағы бұ­ған дейін 2012–2019 жылдары жабайы жылқыларды Моң­ғо­лиядағы бұ­рынғы меке­ніне қай­таруды қолға алған еді. Қазір он­дағы керқұ­лан­ның саны мың­­нан асты.

Ал еліміздегі керқұландарға қоныс болар аймақ туралы айтсақ, Қос­танай облысының Амангелді, Жан­гелдин аудандарының аума­ғындағы «Алтын дала» мемле­кеттік табиғи резерваты 2012 жылы құрылған. Оның аумағы – 489 766 гектар. Бұл резерватта жабайы тұяқты жануарлар реинтродукциясы орталығы бар. Бұл орталық серіктестердің қаржылай қолдауының арқасында «Ал­тын дала» табиғат қорғау бас­тамасының аясында құрылды, басқарушы ұйым – ҚБСҚ. «Алтын дала» резерваты 3 кластерлі учаскеге бөлінеді. Біріншісі – Сарықопа көлдер жүйесі тұщы сулы орнитологиялық маңызы бар аймақ. Екіншісі – Торғай өзенінің сол жағалауындағы Тосынқұм құмы. Үшінші бөлігі – Ұлы Жыланшық өзенінің бойындағы шөлейтті алқап. Жалпы, резерваттағы флораға 370 аса түр кірсе, оның ішінде 23 түрі өте сирек кездесетін жануарлар. Ондағы омыртқалы жануарлар фаунасы сүтқоректілердің 57 түрін, құстардың 275 түрін, бауырымен жорғалаушылардың 11 түрін, қосмекенділердің 4 түрін және балықтың 9 түрін қамтиды. Енді оған – керқұландар қосылып отыр. Өйткені Торғай топырағы бұрыннан құла аңның мекені болған жер.

Айтпақшы, осы ретте бұл жет­кізілген қылқұйрықтың атауы­на тоқтала кетейік. Бұл түз жануары «Пржевальский жылқысы» деп аталып келді.

Жылқы тарихын мұқият зерттеген танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабайдың пікірінше, әлемдік жануарлар дүниесін қорғау құжаттарына бұл жылқының тұқымы «керқұлан» деген атаумен енген. Осы күні керқұланның табиғат аясындағы өсімі Қытай және Моңғолия елінде байқалады екен. Әлемдегі жалпы саны 6 мың­нан асатынға ұқсайды. Оның 75 пайызы моңғол жерінде өсіп-өніп жатыр.

Бірақ ауызекі тілде «кертағы» деп аталатын нұсқасы да бар.

Кешегі салтанатты жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев:

Ғылымда «Пржевальский жыл­­қысы» атауымен жүрген жануарлар өзінің тарихи жеріне оралып отыр. Ақындар жырға қосқандай, негізі кертағы қазақ­тың кең даласынан шыққан. Қа­қаған қысқы аяз бен жаз­дың аптап ыстығына төзімді, жалына құрық тимеген, мұз дәуі­рінен бері Азияның шек­сіз жазығын мекендеген жабайы жануар. Пржевальский жылқысы – жабайы жылқының біздің заманымызға дейін жеткен соңғы түрі. Осыдан көптеген жыл бұрын кертағы Еуразияның бүкіл жазық белдеуі бойымен кең алқапта ке­ңінен таралған. Өкініш­ке қарай, 60-жылдардың соңына таман кей­бір жануарлар секілді жа­байы табиғатта мүлдем жойыл­ған», деді.

Оның айтуынша, тәуел­сіздік жылдарында табиғатта жойылып бара жатқан жануарларды сақтап қалу мақсатында көп­теген іс-шара атқарылып жатыр. Мәселен, бөкеннің саны қайта қалпына келді, даламыз мың­даған құлан мен қарақұйрық табын­дарына толды. Еліміздің бар­лық тау шыңдарынан арқар­ларды кездестіруге болады, өзен бойындағы тоғайларға Бұхар бұғылары қайта оралды.

«Бүгін біз Қазақстан дала­сы­ның «өмір кітабын» («жылнамасын») оның байырғы мекендеушісі – кертағымен толықтырып, жабайы табиғатты сақтап қалудың жаңа кезеңін бастадық. Бұған Чехия Республикасы, Германия Феде­ративтік Республикасы елші­ліктері, Прага мен Берлиннің хайуанаттар бағы және Франкфурт зоология қоғамы мол үлес қос­ты. Небәрі бір жылдың ішін­­де біз Қазақстандағы биоа­луан­түрлілікті сақтау қауымдас­ты­ғымен және жоғарыда аталған әріптестермен бірлесе отырып кертағыны қайта жерсіндіруге көп еңбектендік, бүгін осы ын­тымақтастықтың жемісін көріп отырмыз. Тұяқты жануарларды, атап айтқанда, құланды қайта жерсіндіруде еліміз қалыптасқан тәжірибені, сондай-ақ Халық­аралық табиғатты қорғау ода­ғының ұсынымдарын ескере отырып, біз жабайы жыл­қыны қорғау және санын көбейту жұмысын жалғастыратын боламыз. Бүгін «Алтын дала» резер­ватының қорына қосылған 8 кертағы киелі Торғай жерінен өз отанын табатын жануарлардың алғашқы жаршысы», деді Е.Ны­санбаев.

Сондай-ақ министр Қостанай өңірінің тұрғындарынан осынау жануарларды қорғауға ша­қырды. Сонымен қатар ол ел аумағында жабайы жылқы тұ­қымының мың­даған үйірі еркін жайылып жү­руіне барлық күш-жігерін са­ла­­тынын айтып, ағы­нан жарылды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов керқұландардың тарихи мекеніне қайта оралуын мағынасы зор күн екенін, сондықтан бұл іске атсалысқан елдердің басшы­лы­ғына, министрліктеріне, елші­ліктеріне және осы жобаға бел­сен­ді қатысқан азаматтарға алғы­сын білдірді.

«Біз биліктің, ғалымдардың және бейжай қарамайтын адам­дардың бірлескен әрекетінің ар­қасында түз жылқылары Қос­танай облысы фаунасының ажырамас бөлігіне айналады, ал олардың ұр­пақтары бізді ғасыр­лар бойы өзінің сұлулы­ғымен және ұлылығымен қуантады деп сене­міз», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Прага зообағының директоры Мирослав Бобек және жазушы Қанат Тасыбековтер жылы лебіздерін білдірді. Ал ата-бабаның көзін көрген асыл текті жануарлардың қайта оралуы баршаның көңіліне ерекше  қуанышты сезім сыйлап, іс-шара соңы ән-күймен әспеттелді.

 

АСТАНА – АРҚАЛЫҚ – АСТАНА