• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 07 Маусым, 2024

Жаңашыл түркі медиа платформасы – ортақ қажеттілік

103 рет
көрсетілді

Баспасөз хатшысы қызметінің тамырына қан жүгірту үшін қандай кәсіби біліктілік қажет? Билік, халық пен журналистка – осы үш тағанды байла­ныстыратын ортақ құндылықтар қандай? Үшеуінің арасында ақпараттық дәнекер болудың маңыздылығы неде? Технология қарыштап дамып, әлемдік сын-қатерлер күн санап асқынып бара жатқанда бұл қызметтің ауырт­палығы неде, жауапкершілігі қандай? Өзбекстан аста­на­сы Ташкентте бас қосып, осы және өзге де өзекті мәселені кеңінен тал­қылаған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше ел­дер­дің министрліктері мен ведомстволарының баспасөз хат­шы­­лары қазіргі заманғы медиа кеңістікте ақпарат берудегі жа­санды интеллектінің әлеуетін сарапқа салып, әлеумет­тік желі платформаларының жаңа мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырды. Аталған жиынға еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен бір топ әріптестеріміз қатысып қайтты.

«Ақпараттық қызметтер 2024: ұлт­тық және шетелдік тәжірибе» атты үш күндік бірлескен оқу семинарына Түркия, Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстанның мемлекеттік органдары мен ұйымдарында қызмет ететін 120-дан аса баспасөз хатшысы қатысты.

Семинар-тренингке қатысушыларды құттықтаған Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігінің директоры Асаджон Ходжаев түркі елдерімен қарым-қатынасты барлық аспектіде, соның ішінде ақпараттық салада дамыту Жаңа Өзбекстанның сыртқы саясатының маңызды аспектілерінің бірі екенін атап өтті.

– Өзбекстанның даму стратегиясының басым бағыты еліміздің қауіпсіздігі мен қорғаныс әлеуетін нығайту, ашық, прагматикалық және белсенді сыртқы саясатты жүргізуге негізделген. Еліміздің халықаралық қатынастарда тең құқы­лы субъект ретіндегі рөлін арттыру, қауіпсіздік, сауда-экономикалық, су, Орталық Азиядағы энергетика, көлік және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты жоғары деңгейге шығаруға, дәстүрлі серіктестерімізбен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға, сыртқы байланыстар географиясын кеңейтуге басымдық беріледі, – деді Асаджон Ходжаев.

Агенттік басшысы әсіресе, түркі елдерімен қарым-қатынасты дамыту Өзбекстанның сыртқы саясатының басым бағыты екеніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастықты жандандыру өзбек елі үшін көршілермен және аймақтан тыс жаңа серіктестер­мен көпжақты қарым-қатынастарды дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Өз елінің сыртқы саясаты терең ойластырылып, нақты ше­шім­дерге негізделгенін атап өткен ол Өзбекстанның демократиялық рухта азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделеріне жауап беретін бұл бағыты халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалғанын да алға тартты.

Кейінгі 10-15 жылдың бедерінде Өзбекстанда мемлекет пен қоғам арасында сапалы диалог орнату, реформалардың мақсаттары, міндеттері және нәтижелері туралы халықты жылдам, бейтарап және толық ақпаратпен қамтамасыз етуде ілгерілеу бар. Атап айтқанда, мемлекеттік және шаруашылық басқару органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын арттыру, сондай-ақ олардың халықпен және ақпаратпен өзара әрекеттесуінде қызмет көрсету қызметінің тиімділігін түбегейлі жақсартуда айтарлықтай оң өзгеріс байқалады. Бұған осы елдің министрліктері мен ведомстволарының баспасөз хатшыларына әлемнің жетекші тренерлерінің, «Википедия», «Мета», басқа да беделді халықаралық компаниялардың өкілдері мен сарапшыларының қатысуымен өзекті тақырыптарда ұйымдастырылған көптеген семинар мен тренинг айғақ бола алады.

2022 жылы Президент Шавкат Мирзиёевтің Жарлығымен баспасөз хатшыларының қызметіне «Ашықтық индексі» енгізілді. Әр жылдың қоры­тындысы бойынша бағалау көр­сет­кіштері де шығарылады. Тіпті Өзбекстан Президентінің 2022 жылғы қаулысына сәйкес, Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігіне мемле­кеттік органдар мен ұйымдарда ашық­­тықты қамтамасыз етуге жауапты баспасөз хатшыларының қызмет тиімділігін бағалау міндеті жүктелген. Мәселен, агенттік өткен жылы 131 ұйым мен ведомствоның баспасөз хатшыларының қызметін бағалауды республикалық деңгейде жүргізген. Бағалау комиссиясының қорытындысына сәйкес, жоғары бағаланған баспасөз хатшыларының үлесі 8,8 пайызды құраса, төмен бағаланған спикерлердің саны 5,5-тен 1,4 пайызға дейін төмендеген. Ал жалпы елде кейінгі 5 жылда ақпараттық қызмет көрсету ұйымдарының саны ­45 пайызға өскен.

Агенттік ұсынған мәліметтерге ден қойсақ, өткен жылы осы елдің Ұлттық баспасөз орталығында 300-ге жуық бас­пасөз конференциясы, 300-ден аса ­бри­финг ұйымдастырылған. Мемлекеттік органдар мен басқармалардың, ұйым­дардың, мекемелердің халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету, ашық және айқын ақпараттарды тұрақты түр­де жеткізуді жолға қою мақсатында күнделікті баспасөз конференциялары, медиа-жоспар негізінде брифингтер өткізіліп тұрады.

Семинарға қатысқан әр мемлекеттің өкілдері – баспасөз хатшылары мемле­кеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық қызметтері БАҚ пен медиа кеңістігінде ақпаратты жеткізу және тарату үдерісінде, талдамалық үндеуде, сын айтуда, даулы жағдайда жедел әрекет етудің аса маңызды екенін өз тәжірибелерін мысалға келтіре отырып баяндап берді.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің министрліктері мен ведомстволары баспасөз хатшыларының семинар-тренинг секцияларында көтерілген мәселелер бойынша ой-пікірлері тоқайласқан тұстары көп. Соның бірі – бүгінгідей тез өзгеріп жатқан заманда тілі де, діні де, жүрегі де жақын түрік халықтарының сан алуан мәселеде бірлесе жұмыс істеуі. Бұл өте маңызды үдерісте Ұйымның бүгінгі таңда қалыптасып жатқан жаңа әлемдік тәртіп пен халықаралық институттар жүйесінде ерекше орын алатыны да рас. Мұны халықаралық іс-шараға қатысқан Түркия, Әзербайжан мен Өзбекстанның өкілдері де мойындап отыр. Олар үшін Ұйыммен ынтымақтастықты жандандыру көрші елдермен және аймақтан тыс жаңа серіктестермен көпжақты қарым-қаты­настарды дамытудың тың мүмкіндіктеріне жол ашады.

Мәселен, қазіргі таң­да Ұйымға мүше елдер өзара экономикалық ынты­мақ­тастықты нығайтып қана қоймай, ақпарат саласында бірлесіп дамып, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ашықтығын қамтамасыз ету, түрлі жалған ақпарат пен фейк ақпаратпен бірлесіп күресу бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Ташкент төрінде өткен оқу семинары – сондай іс-шараның бірі.

Басқосу кезінде бауырлас елдердің бір­лігін бекемдей түсу үшін Түркі платформасын құру идеясы көтерілді. Түркі­тілдес елдердің ортақ құндылықтар мен өзара сенімге негізделген ақпараттық алаңы болуы керектігі де ашық айтылды. Мәселен, семинардың екінші күні «Медиа кеңістігінде ұлттық мүдделерді қорғауды ұйымдастырудағы баспасөз хатшыларының міндеттері» тақырыбында сөз сөйлеген Өзбекстан Журналистика және бұқаралық коммуникация уни­вер­ситетінің ректоры, Ұлттық медиа қауымдастығы­ның басқарма төрағасы, профессор Шерзодхон Кудратқожа: «Түркі платформасын құру – ешкімге ешқандай мәселе туындатпайды. Бізге қорқудың қажеті жоқ. Біздің, түркітілдес елдердің өз ақпараттық алаңы болуы керек. Өзіміздің абы­рой-беделімізді қайтарайық. Ұлттық қызығушылығымызды, ұлттық құнды­лығымызды нығайту арқылы ғана осы қорқынышты жеңе аламыз. Бір ғана мысал келтіре кетейін. Іргеміздегі Қазақ­станда болған су тасқыны, Түркия­дағы жер сілкінісі туралы бірінші болып Батыс ақпарат көздерінен естіп-білдік. Неге? Себебі өзіміздің ортақ медиа платформамыз әлі қалыптаспаған», деген ойын ашық білдірді. Қоғамдағы медиа сауаттылықтың төмендігі кез келген кикілжіңді үлкен дауға алып келетінін айтқан саяси ғылымдар кандидаты: «Ақпаратты теріс түсіндіру де өте қауіпті іс. Медиа мәдениет, медиа білім жоқ жерден дау-дамай толастамайды», деді.

Түркі мемлекеттері ұйымының хатшысы Алмагүл Серікбаева, Әзербайжан Аудиовизуалды кеңесінің төрағасы Исмат Саттаров, Түркияның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Олған Бекар, Қазақстан Республикасы Мәде­­­ниет және ақпарат министрлігі Жұрт­шылықпен байланыс орнату және мемлекеттік органдармен үйлестіру басқармасының басшысы Ақшолпан Марат та семинарда талқыланған мәсе­лелердің өзектілігіне тоқталып, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің министрліктері мен ведомстволары баспасөз хатшылары үшін бұл алаң тәжірибе алмасу мен диалог құруда маңызды екенін атап өтті.

Бірлескен оқу семинарын өткізуге ұйытқы болып отырған Өзбекстанның Түркі мемлекеттері ұйымының белсенді мүшесі екенін атап өткен ұйым хатшысы Алмагүл Серікбаева: «Ташкентте БАҚ өкілдері, баспасөз хатшылары мен PR мамандарының басын қосқан семинар-тренинг біздің ұжымдық күш-жігерімізді тұрақты түрде нығайтуға жасалған қадамның бірі деп санауға болады. Ортақ ақпарат, талқылау мен диалог алаңында әр мемлекеттің өкілі тек кәсіби қызметтеріне емес, сол қызметті жауапкершілікпен, абыроймен атқару арқылы бүкіл түркі әлеміне адал екенін аңғартады. Өздеріңізге белгілі, Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы кезінде Қазақстан «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME» тақырыбын темірқазық етіп алды. Бұл бағытта біз білім алмасу және медиа саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударып отырмыз. Бұл күш-жігер Ұйымның осы бастамасын бірлік символы ретінде бекітіп беріп, беделін нығайтты», деді. Қазіргідей күрделі кезеңде түркі БАҚ-тарының ынтымақтастығы бұрынғыдан да маңызды екенін атап өткен ұйым хатшысы, «Жылдам дамып жатқан медиа-ландшафта білім мен тәжірибе алмасу болашақ қиындықтарды бірге еңсеру үшін өте қажет» деген ойын да ортаға салды.

Түркиядағы баспасөз орталық­тары­ның қызметі жөнінде ақпаратпен бөліскен «Анадолының» өкілі Эрман Юксел бүгінде бүкіл әлемге күніне 1300-ден аса ақпаратты 13 тілде таратып отырған агенттіктің тарихымен жақынырақ таныстырды. Спикер сондай-ақ ақпарат агенттігінің мысалында фейк, жалған суреттер таратудың салдары, қақтығыс орындарынан тара­тылатын ақпарат пен фотоларды көшіріп басуда көбіне-көп авторлық құқықтың сақталмайтынын, хабарламалар және жасанды интеллектінің ғаламдық ақпарат саласындағы фейк жаңалықтар ағынына әсері туралы баяндады.

Әзербайжан Республикасы БАҚ-ты дамыту агенттігі­нің халықаралық байланыс­тар және құжат айналымы бөлімінің басшысы Расим Багиров дағдарыс кезінде баспасөз қызметінің бастапқы ақпараттық хабарламаны дайындау ісіне, туындаған кері байланысты бағалаудың негізгі шараларына жеке-жеке тоқталды. Спикер өз елінің мысалында әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, дағдарыс кезінде халықты ақпараттандыру, желіге арналған қысқа да түсінікті ақпаратты дайындау тәсілдерімен де бөлісті.

Семинар аясында ұйымдастырылған медиа-тренинг дағдарыстық коммуникация тақырыбымен жалғасты. Дағдарысқа қарсы PR немесе дағдарыс жағдайында спиндокторинг дегеніміз не? Осы сұрақ­тың жауабын көрнекі презентациясында жан-жақты түсіндіріп өткен «Жаңа медиа» білім беру орталығының негізін қалаушы, техника ғылымдарының докторы Беруни Әлімов «Дағдарыс жағ­­дайындағы ақпарат ағынын басқару», «Дағдарыс жағдайында қоғаммен байланыс қандай болуы керек?», «Дағдарыс жағдайындағы негізгі PR-құралдар», «Дағдарысқа қарсы PR» тақырыптарын­да толық түсіндірмелер берді. Осы тақырыптарды толықтырған Өзбекстан «Халық банкі» Ақпараттық қызметінің жетекшісі Гүлноза Әлімова дағдарыс жағдайларының салдарын «емдеудің» құралы – спиндокторинг туралы жан-жақты айтып берді.

Спиндокторинг – PR әдістерінің бірі. Ағылшын тілінен аударғанда spin – «айналдыру», doctor – дәрігер, емдеу деген мағынаны білдіреді. Яғни Spindoctor оқиғаларды «емдейді», жалған ақпараттың таралуын тежеп, түзетіп, оны басқаша түсіндірумен, оқиғаларды жұртшылықтың оң қабыл­дауын қамтамасыз етумен айналысады. Тренинг кезінде осы құралдың көмегімен сыни мәселелерді шешуге болатыны, журналистер мен спиндоктор арасындағы қарым-қатынас пен айырмашылықтар, олардың бірегейлігі және басқа да маңызды мәселелер кеңінен түсіндірілді.

«Қазіргі медиа кеңістікте ақпарат берудегі жасанды интеллект пен әлеуметтік желі платформаларының жаңа мүмкіндіктері». Семинарға қатысушыларды ерекше қызықтырып, көп сауал қойдырған, қызу талқыға түскен секция тақырыбының бірі – осы.

Цифрлық технологиялар министр­лігіне қарасты Цифрлық технологияларды және жасанды интеллектіні дамыту ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Сайёра Ибрагимова жасанды интеллект туралы жалпы түсі­ніктерге сүйене отырып, әлемде және түркітілдес мемлекеттерде жасанды интеллектінің қолданылу деңгейін көрсетті. Ол сондай-ақ ақпараттық қызметтердің жұмысын жеңілдететін пайдалы қолданбаларды ұсынады. Ал осы министрлікке қарасты Жасанды интеллект технологияларын енгізу және дамыту департаментінің бас маманы Фазлиддин Әнуаров БАҚ-тағы жасанды интеллектінің рөлі туралы ақпарат берді. Ол жасанды интеллект көмегімен контент құрудың тәжірибелік мысалдарын келтіріп, фейк жаңалықтарды ажыратуға көмектесетін қосымшалар туралы мәліметтермен де бөлісті.

Жасанды интеллектінің даму кезең­дері, осы саладағы инновациялық жоба­лар мен жаңалықтарға жан-жақты тоқтаған маман ақпарат таратудағы ЖИ-дің артықшылықтары мен қауіп­теріне де сараптама жасады. Талқылау кезінде баспасөз қызметкерлері жасанды интеллектінің БАҚ-тың болашағы мен бағыт-бағдарына ықпалы, журналист жауапкершілігі мен этика нормаларына қатысты маңызды мәселелерді қозғап, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды. Жасанды интеллект және әлеуметтік желі платформаларындағы жаңа мүм­кіндіктер бойынша өткен медиа тренингте жалған ақпарат пен фейк ақпаратты таратудағы ЖИ-дің оң және теріс аспектілері сарапқа салынды.

Естеріңізде болса, 2023 жылы Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X cаммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілгенін айтқан болатын. Бұл құжат ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге танытары анық. Бір нәрсе анық. Қазіргідей геосаяси ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу үшін сенімді, өзекті, объективті ақпарат алмасу – өте маңызды. Түптеп келгенде, бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі болмақ. Ташкентте өткен оқу семинарында үш күн бойы талқыға түскен тақырыптардың түп мақсаты да осында жатыр – ортақ сын-қатерлерге, әлем елдерін сарсаңға салған қауіптер мен табиғи зілзала, апаттардың алдын алып, қарсы тұруымыз үшін ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз қажет.

 

Астана – Ташкент – Астана