Maqsut Narikbayev University алаңында отандық және шетел сарапшыларының басын біріктірген дөңгелек үстел тақырыбы осылай аталды. Еліміздің жаңа конституциясын талқылауға арналған іс-шараны ұйымдастырушы – Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты. Сараптамалық дөңгелек үстел жұмысына ҚСЗИ директоры Жандос ШАЙМАРДАНОВ, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығы қорының президенті Қарлығаш ЖАМАНҚҰЛОВА, ҚСЗИ өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің жетекшісі Әмина ҮРПЕКОВА, сондай-ақ шетел сарапшылары – Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Альберто ТУРКСТРА, Грузияның бұрынғы сыртқы істер министрінің орынбасары, дипломатия және халықаралық құқық сарапшысы Давид АПЦИАУРИ, Халықаралық салықтар және инвестициялар орталығының Энергетика, өсім және қауіпсіздік бағдарламасы директорының орынбасары Уэсли Александр ХИЛЛ (АҚШ), Орталық Азия бойынша сарапшы, Нархоз университетінің профессоры Андрей КАЗАНЦЕВ қатысып, конституциялық референдумдардың халықаралық тәжірибесіне салыстырмалы талдау жасады.
Жандос ШАЙМАРДАНОВ:
– Еліміздегі конституциялық реформа саяси жаңғырудың заңды кезеңіне айналды.Бұл кезеңде ілгерілеудің негізгі факторы тек экономикалық өсім ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік институттардың сапасы болмақ. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз ауқымды трансформациядан өтіп, заманауи мемлекет пен нарықтық экономиканың негізін қалыптастырды. Бүгінде ел экономикасы жаңа деңгейге жетті: ІЖӨ шамамен 306 млрд долларды құрайды, ал жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың доллардан асты. Бұл көрсеткіштер елімізді Дүниежүзілік банк жіктемесі бойынша жоғары табысты елдер тобына жақындатады. Алайда дамудың белгілі бір кезеңінде экономикалық өсім емес, басқару институттары мен құқықтық жүйенің тиімділігі шешуші факторға айналады.
Жалпы, еліміз дамудың жаңа – сандық өсімнен сапалы дамуға көшу кезеңіне қадам басып отыр. Бұл кезеңді қамтамасыз етуге неғұрлым мықты әрі бейімделгіш институттар қажет. Қазақстан қоғамының трансформациясы мемлекетке деген жаңа талаптарды қалыптастырып келеді. Азаматтар ашық әрі есеп беретін басқаруды, құқықтардың тиімді қорғалуын және шешім қабылдауға кеңірек қатысу мүмкіндігін жиі талап ете бастады.
Конституциялық реформа 2019 жылдан бері елімізде жүзеге асырылып келе жатқан саяси жаңғырудың заңды жалғасы болды. Атап айтқанда, осы кезеңде қоғамдық диалогтің жаңа тетіктері құрылды, соның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, саяси қатысуды кеңейтетін заңнамалық өзгерістер қабылданды, партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді, сондай-ақ парламенттік оппозицияның рөлі күшейтілді. Кейін реформалар жергілікті басқару деңгейіне де таралды, яғни, азаматтар ауыл әкімдерін тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Бұны жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы маңызды қадам дей аламыз. Өзгерістердің жаңа кезеңі 2022 жылы басталды. Қазір еліміз саяси жаңғыртуды біртіндеп жүзеге асыру стратегиясын ұстанып келе жатыр. Бұл ретте реформалар дәйекті түрде жүргізіліп, әрбір жаңа кезең алдыңғы нәтижелерді бекітеді. Мұндай тәсіл қоғамның өзгеріп жатқан сұранысына бейімделуге мүмкіндік береді, сонымен қатар институционалдық тұрақтылықты сақтайды. Осы тұрғыда қазіргі конституциялық реформа дәйекті институционалдық дамудың заңды кезеңі саналады және ол саяси институттар мен мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталған.
Альберто ТУРКСТРА:
– Қазақстандағы конституциялық реформа тек саяси жүйені жаңғыртуға ғана емес, сонымен қатар елдің ұзақмерзімді дамуының негізгі ресурсы ретінде адами капиталдың рөлін күшейтуге бағытталған. Ұсынылып отырған конституциялық реформа – мемлекеттегі саяси және құқықтық архитектураны жаңғыртуға бағытталған кешенді бастама және ол өзгеріп жатқан экономикалық, әлеуметтік, саяси жағдайларды ескереді.
Негізі, реформа жекелеген институционалдық өзгерістермен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға, бір мезгілде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған кең ауқымды негіз қалыптастырады. Жаңа конституциялық модельде әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасының бекітілуіне ерекше назар аударылды, оның аясында адам дамуы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты ретінде қарастырылады. Яғни конституциялық негіз Қазақстанның дамуындағы кең ауқымды стратегиялық өзгерісті көрсетеді. Нақты айтсақ, ол өзгеріс – экономикалық өсімге бағытталған модельден азаматтардың әл-ауқаты, мүмкіндіктері мен қабілеттері басты басымдыққа айналатын модельге көшу. Осы тұрғыда, жаңа Конституция адам өмірі, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары саналатын қағидатты растайды, мемлекеттік саясаттың адамға бағытталған сипатын қалыптастырады.
Қарлығаш ЖАМАНҚҰЛОВА:
– Жаңа конституциялық модель құқық үстемдігі қағидатын нығайтып, құқықтық жүйенің орталығына адамды, оның қадір-қасиетін, құқықтары мен бостандықтарын қояды. Яғни жаңа конституциялық негіз адам өмірі, оның қадір-қасиеті мен құқықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары екенін растайды, осылайша, адамға бағдарланған құқықтық жүйені қалыптастырады.
Реформа азаматтардың құқықтарын қорғаудың бірқатар жаңа тетігін енгізеді. Атап айтқанда, азаматтарға Конституциялық сотқа тікелей жеке шағыммен жүгіну құқығы беріледі, бұл құқықтар мен бостандықтарды сот арқылы қорғау мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар әділ сот талқылауына кепілдіктер күшейтіледі, оның ішінде кінәсіздік презумпциясы және заң көмегін алу құқығы бар. Сондай-ақ азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарының бекітілуі де уақыт өткен сайын өзекті болып келеді. Цифрлық экономика мен жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты жеке деректерді қорғау және цифрлық құпиялылық мәселелері ерекше маңызға ие бола бастады.
Қазіргі заманғы конституциялық жүйелер цифрлық дәуірдің сын-қатерлерін ескеріп, технологиялық үдеріс адамның негізгі құқықтарына нұқсан келтірмеуін қамтамасыз етуге тиіс. Жаңа Конституцияда жеке деректерді қорғау, электрондық коммуникациялар қауіпсіздігі мен ақпараттың құпиялылығын сақтау бағытындағы нормалар бекітілген.
Сондай-ақ реформа пікір білдіру еркіндігі мен ақпаратқа қол жеткізу кепілдіктерін күшейтпек. Қоғамдық пікірталас пен азаматтардың қатысуы демократиялық институттарды дамытудың маңызды тетіктері ретінде қарастырылады. Құқықтық тетіктерден бөлек, конституциялық реформа елдің ұзақмерзімді дамуын айқындайтын бірқатар негізгі құндылықтарды да бекітеді. Олардың қатарында экологиялық жауапкершілік, еңбек қадірі және заң үстемдігіне құрмет бар. Бұл қағидаттарды конституциялық құрылымға енгізу тек басқару институттарын қалыптастырып қана қоймай, Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғыруының құндылықтық негізін де айқындайды.
Давид АПЦИАУРИ:
– Қолданыстағы жүйе аясындағы саяси өкілдікті айқындайтын кәдімгі сайлаулардан айырмашылығы, конституциялық референдумдар қоғамға саяси жүйенің құрылымын қалыптастыруға тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Дәл осы себепті түрлі елдердің үкіметтері кең ауқымды институционалдық өзгерістер кезеңінде, реформалар-дың барынша кең демократиялық легитимділігін қамтамасыз ету қажет болғанда, референдумдарға жүгінеді.
Биыл 15 наурызда елімізде өткен жаңа Конституция бойынша референдум қалыптасқан халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Салыстырмалы саясаттану зерттеулері кейінгі онжылдықтарда референдум-дардың институционалдық реформаларды қоғамдық мақұлдау тетігі ретінде жиі қолданылып келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, 1990–2021 жылдар аралығында әлемде 1 500-ден астам жалпыұлттық референдум өткізілген, олардың жартысынан астамы дәл осы кезеңге тиесілі. Халықаралық тәжірибе мұндай да-уыс берулердің әдетте саяси жаңғыру кезеңдерінде өтетінін де көрсетеді. Атап айтқанда, Францияда 1962 жылғы референдум тікелей президент сайлауын енгізсе, Түркияда 2017 жылы президенттік басқару нысанына көшу мақұлданды, ал Чилиде 2020-жылдардың басында референдумдар конституциялық өзгерістерді қоғамдық талқылаудың құралына айналды. Қазақстан да негізгі институционалдық реформаларды азаматтардың тікелей қатысуы арқылы бекітетін осындай жаһандық үрдістерді ұстанып отыр. Мемлекеттік жүйені жаңғырту жөніндегі пікірталастар 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді, сондықтан референдум ұзаққа созылған қоғамдық және сараптамалық талқылаудың шарықтау шегіне айналды.
Реформаны институционалдық тұрғыда дайындау мәселесі де ерекше назар аударарлық. Құрамына парламент өкілдері, мемлекеттік органдар, академиялық қауымдастық және азаматтық қоғам өкілдері кірген Конституциялық комиссияны құру конституциялық өзгерістерді дайындаудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді. Конституциялық референдум – құқықтық реформаны, саяси пікірталасты және қоғамдық қатысуды біріктіретін күрделі үдеріс. Қазақстан азаматтарға жаңа конституциялық модельді тікелей мақұлдау мүмкіндігін бере отырып, реформаның демократиялық легитимділігін күшейтті әрі мемлекеттің институционалдық болашағын оның азаматтары айқындайтыны туралы қағидатты растады.
Әмина ҮРПЕКОВА:
– Конституциялық реформаны қоғамдық қабылдауда азаматтар күнделікті өміріне, әлеуметтік қорғалуына және мемлекеттік басқару сапасына тікелей әсер ететін нормаларға көбірек назар аударады. Конституциялық реформаны қоғамдық қабылдау динамикасы 2026 жылғы қаңтардан наурыз айының басына дейін жүргізілген бірнеше ұлттық әлеуметтік зерттеу нәтижелерінен айқын көрінеді. Қоғамдық талқылаудың бастапқы кезеңінде азаматтардың назары ең алдымен институционалдық жаңалықтарға ауды. Өйткені олар – қоғамдық күн тәртібіндегі ең көзге көрінетін өзгерістер. Мұндай өзгерістер қатарында бір палаталы парламентке көшу, вице-президент лауазымын енгізу мен Халық қеңесін құру жиі аталды. Референдум жақындаған сайын қоғамның назары біртіндеп азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктеріне тікелей қатысты Конституция нормаларына ауысты. Талқылаудың соңғы кезеңінде қоғамда модернизация басымдықтарын әлеуметтік маңызы бар мәселелермен ұштастыратын нормаларға ерекше қызығушылық артты. Оларға қоршаған ортаны қорғау, білім мен ғылымды дамыту, цифрлық ортада жеке деректерді қорғау және әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға қатысты нормалар жатады.
Сондай-ақ әлеуметтік зерттеулер Конституция жобасына қоғамдық қолдаудың тұрақты жоғары деңгейін көрсетеді. Әртүрлі сауалнамалар деректеріне сәйкес, реформаны қолдау деңгейі респонденттер арасында шамамен 90 пайыз деңгейінде болған. Әдіснамасы мен іріктеме көлеміндегі айырмашылыққа қарамастан, барлық зерттеу қоғамдық көңіл-күйдің ұқсас динамикасын көрсетеді.
Сонымен қатар қоғамдық талқылау мен түсіндіру жұмыстары референдум қарсаңында Конституция жобасына тұрақты жоғары қолдау деңгейінің қалыптасуына ықпал етті. Сауалнама деректеріне сәйкес, респонденттердің басым бөлігі реформалардың олардың өмірі мен әл-ауқатына оң әсер ететінін күтеді. Ал референдумға қатысуға дайындық деңгейі 71–75 пайыз шамасында болды. Бұл елдің болашақ конституциялық моделін талқылау төңірегінде қоғамдық жұмылдырудың жоғары деңгейін көрсетеді.
Уэсли Александр ХИЛЛ:
– Халықаралық тәжірибеде конституциялық өзгерістер үдерісі бірнеше негізгі критериймен бағаланады. Олардың қатарында реформаны дайындау үдерісінің инклюзивтілігі, референдум өткізуге арналған құқықтық база, медиа орта және реформалардың жалпы институционалдық контексті бар. Мәселен, инклюзивтілік реформаны дайындауға тек мемлекеттік институттардың емес, сонымен қатар сарапшылардың, азаматтық қоғам өкілдерінің және азаматтардың қатысуын білдіреді. Қазақстанда бұл тәсіл конституциялық комиссия құру арқылы жүзеге асырылды. Оның құрамына парламент өкілдері, мемлекеттік органдар, академиялық қауымдастық пен азаматтық қоғам өкілдері енді.
Сонымен қатар азаматтардың қатысуын қамтамасыз етуде цифрлық платформаларды пайдалану маңызды рөл атқарды. eGov және e-Otinish жүйелері арқылы азаматтар Конституция жобасы бойынша ұсыныстар мен пікірлер жолдай алды. Нәтижесінде, комиссияға 12 мыңнан астам ұсыныс түсті, бұл реформаны талқылауға қоғамның кеңінен қатысуына мүмкіндік берді. 2025 жылға қарай елде 5 мыңнан астам БАҚ тіркеліп, интернетке қолжетімділік деңгейі халықтың 93 пайызынан асты, бұл қоғамдық талқылауға кең мүмкіндік жасады. Жалпы, 15 наурызда Қазақстанда өткен жаңа Конституция бойынша референдум көпжылдық институционалдық реформалардың шарықтау шегіне айналып, азаматтарға мемлекеттік басқарудың болашақ архитектурасы бойынша өз ұстанымдарын тікелей білдіруге мүмкіндік беру арқылы реформалардың демократиялық легитимділігін күшейтті.
Андрей КАЗАНЦЕВ:
– Қазақстандағы жаңа Конституцияны қабылдауды 2019 жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан саяси және институционалдық өзгерістердің кең ауқымды контекстінде қарастыру қажет. Кейінгі жылдары ел елеулі құрылымдық трансформациядан өтіп, Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретіндегі позициясын нығайтып, тұрақты экономикалық өсім көрсетті. Қазақстанның даму стратегиясы біртіндеп өзгеріп келеді. Мұндай модельді жүзеге асыру тек экономикалық реформаларды ғана емес, сонымен қатар ұзақмерзімді мемлекеттік саясатты үйлестіре алатын және құрылымдық экономикалық өзгерістерді қолдайтын тиімді басқару институттарын талап етеді. Осы тұрғыда жалпыұлттық референдумда мақұлданған конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі үшін институционалдық негіз қалыптастырып, мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз ету қабілетін күшейтеді. Сондай-ақ басқару институттарының нығаюы қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, Қазақстанның өңірлік әрі жаһандық экономикадағы рөлін күшейтуге ықпал етеді. Жалпы, конституциялық реформа елді жаңғыртудың кең ауқымды стратегиясы мен Қазақстанның ұзақмерзімді даму бағытын қалыптастырумен тығыз байланысты.
ТҮЙІН: Сарапшылардың пікірінше, жалпы конституциялық реформа екі мақсатқа – мемлекеттің жұмыс істеу тиімділігін арттыру мен конституциялық жүйеде азаматтардың рөлін нығайтуға бағытталуы қажет. Ел азаматтарының жаңа Ата заңды қолдап, дауыс берген жоғары пайыздық үлесі мен отандық, шетелдік халықаралық байқаушылардың референдум барысын жоғары бағалағанына қарағанда, еліміз осы мақсатқа қол жеткізген деп айтуға толық негіз бар.
Дөңгелек үстелді дайындағандар –
Гүлнар ЖОЛЖАН,
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»