Жалпы, талантты адамдардың табиғаты ерекше. Болмыстары да қарапайым жұрттан тым бөлек. Шығармашыл жанның ешбір шеңберге сыймайтын бұл «бөтен» мінезі біреуге қызық, біреуге оғаш, енді біреуге үлгі, біреуге күлкілі көрінеді. Ал дәл осындай типтегі адамдарда неліктен дәл осындай «біртүрлілік» болатынын ешқандай ғылым әлі зерттеп тапқан жоқ. Бар анықтамасы, ол – өнер адамы.
Ет жемейді, балконда ұйықтайды
Суретші Илья Репин ет жемейтін. Вегетариандық ұстанымына берік болғаны соншалық, үйіне қонақ келсе де дастарханға ет қоймайды. Десе де үй иесінің бұл ережесінен айласын асырған қонақтар етті тағамдарды тығып әкеледі. Түнде суретшіден жасырып жеу де қиын емес еді. Өйткені Репин әрқашан таза ауада, балконда ұйықтайтын. Қыста да, жазда да.
Қалтада – қару
Өзі бұзық, өзі ерке Пабло Пикассо ұйқы мен гигиенадағы біртүрлі ғадеттерімен көзге түспеді. Бірақ испандық суретші серуенге шыққанда ылғи револьверін алып, қалтасына салып жүріпті. Ал таңға жуық Бато-Лавуарға оралғанда қызық үшін аспанға оқ атады. Негізінде оны түсінуге болады.
Кілт ұстаған Дали
Ұйқы – жалпыға ортақ режім. Бәріміз көзімізді жұмып, бірдей ұйықтайтын сияқты көрінеміз. Бірақ, шын мәнінде, әркім әртүрлі ұйықтайды. Әсіресе шығармашыл жандар үшін ұйқы – өз әлеміндегі қызық бір кеңістік сынды. Мәселен, өз заманының ең біртүрлі адамдарының бірі – Сальвадор Дали қарапайым адам сияқты ұйықтай алмайтын. Суретші көбінесе қолына кілт ұстап, төсекке жататын. Денесі босап, шындап ұйқыға кеткенде кілт қолынан түсіп, дыбысынан оянатын болған. Бұл ешқандай мазохизм емес. Бұл – шығармашылыққа деген сүйіспеншілік. Өйткені Сальвадор Дали осылайша көрген түсін қағазға түсіріп, одан шабыт алып, тағы бір шедевр жасай алды.
Төрт сағатта – 20 минут
Ұйқы дегенде Леонардо да Винчиді де айтпай кете алмаймыз. Оның ұйқы жүйесі расында да мазохизмге ұқсайды. Суретші өзіне әр төрт сағат сайын 20 минут ұйықтауға рұқсат берді. Бұл, әрине, өнімді жұмыс істеудің амалы. Да Винчиге қатысты бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетіні белгісіз. Ол өмір бойы осылай ұйықтады ма, әлде мұндай тәжірибелерді қиын сәттерде де ғана қолданды ма? Жұмбақ.
Ұзақ жасаудың «сыры»
Ал жеке гигиена әр адам әрқашан сақтауы керек жалпыадамзаттық іске жатады. Дейміз ғой. Бірақ италиялық мүсінші Микеланджело баршаға белгілі бұл ұстанымнан тым алшақ болды. Ол үнемі етікпен, киіммен ұйықтайтын. Тіпті онысын бірнеше апта бойы ауыстырмай жүре беретін. Ал жуу дегенді мүлдем атамаңыз. Ойына да келмеген.
Сөйткен әйгілі Микеланджело 87 жас жасады. Мүсіншінің ұзақ өмір сүруінің қаншалықты гигиенамен байланысты екенін білмейміз, бірақ бұл бір күлкілі кездейсоқтық екен.
Тым шынайы суретші
Караваджо шығармасының шынайы шығуына тырысқаны соншалық, «Лазардың тірілуі» картинасында өлген адамды пайдаланған. Суретші зират қызметкерлеріне үш күн бұрын жерленген адамның денесін қазып алуды тапсырған. Дәл осы жұмысшылар өлген адамды суретшіге керекті формада ұстап тұрған. Ал Караваджо еш алаңсыз қылқаламын қолына алып, шабыттана іске кірісті.
Әрине, өнер құрбандықты талап етеді. Ең бастысы, шығармашылық үшін ешкімді өлтірмеген абзал.