Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» АҚ бұрынғы вице-президенті С. Жұбандықовқа қатысты үкім шығарды, деп жазады Egemen.kz.
Ол Алматы облысы Іле жағалауындағы «Көшпенділер» киножобасы аясында салынған «Түркістан қаласы» Бутафор бекінісін 44 есе арзан бағада сатып, мемлекетке залал келтірген.
Сот үкімімен Жұбандықовқа шартты түрде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар активтерді қайтару бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жер учаскесі мен бекініс мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бұған дейін Антикор 2017 жылы бекініс салынған құнынан 44 есе арзанға бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қарасты үлескер компанияға сатылғанына байланысты тексеру басталғанын мәлімдеген еді.Үкім заңды күшіне енген жоқ.