UFC-де өнер көрсетіп жүрген аса жеңіл салмақтағы қазақтың танымал аралас жекпе-жек шебері Азат Мақсұм өзінің келесі кездесуін 3 тамызда Абу-Дабиде америкалық Си Джей Вергараға қарсы өткізеді.
32 жастағы Техас штатының тумасы муай-тайдың хас шебері. Осы спорт түрін ол 2012 жылдан бері серік етіп келеді. Сол аралықта 18 кездесу өткізіп, 12 рет жеңіске жетті. Жеті бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Биыл наурыз айында ұйымдастырылған өзінің соңғы жекпе-жегінде ол біздің Асу Алмабаевқа есе жіберді. Ал былтыр Вергара Даниэль да Сильва мен Винисиус Сальвадорға сан соқтырды.
Азат Мақсұм UFC-мен келісімшартқа отырғанға дейін қатарынан 16 айқасты өз пайдасына шешті. Әлемнің ең мықты промоушеніндегі алғашқы кездесуін ол 2023 жылдың жазында Тайсон Нэмге қарсы өткізіп, қарсыласын ұпай санымен ұтты. Алайда одан кейін ойда-жоқта Чарльз Джонсонға есе жіберді. Бұл файтерлердің екеуі де – АҚШ-тан.
Парсы шығанағында ұйымдастырылғалы отырған турнирдің басты бәсекесінде Умар Нұрмагомедов Кори Сэндхагенмен сайысқа түседі. Сондай-ақ Тони Фергюсон мен Майкл Кьеза, Ник Диас пен Висенте Люке және тағы басқа да жекпе-жектер жанкүйерлердің көңілінен шығады деген ойдамыз.