Будапештте күрес түрлерінен Мажарстанның мақтан тұтар перзенттері – Имре мен Варга Яношты еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің алғашқы күні Қазақстан құрамасының қоржынына үш жүлде түсті.
Жарысты еркін күрес шеберлері бастады. Жанкүйерлер 97 кг салмақ дәрежесіндегі бәсекелерді тағатсыздана күтті. Себебі бұл салмақта қазақтың екі бірдей танымал балуандары бақ сынады. Біріншісі – Азия чемпионатының төрт дүркін жүлдегері Ерғали Әлішер, екіншісі – ел тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан. Екеуі биыл Қазақстан чемпионатының финалында күресіп, бұл айқаста алғашқысы жеңіске жетті. Сонымен қатар, Әлішер Бішкекте өткен құрлық біріншілігінде Олимпия ойындарының лицензиясына иелік етті. Мажарстандағы турнир осы қос саңлақтың қайсысы мықты екенін анықтаушы еді. Бірақ бұл жолы Алаштың қос апайтөсінің жолдары қиыспады. Ризабек жартылай финалда Әзербайжанның туы астында өнер көрсетіп жүрген әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Еуропа чемпионы, дағыстандық Магомедхан Магомедовтен 7:15 есебімен жеңілді. Әлішер болса, ирандық Абдолфазл Бабалоодан басым түсті – 3:2.
Финалда Магомедов бозкілемге шығудан бас тартып, бас жүлдені Әлішер Ерғали олжалады. Ал Ризабек Айтмұхан үшінші орын үшін белдесуде әлем чемпионатының күміс және Әлем кубогі мен Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері, словакиялық Батырбек Цакуловты жолынан ығыстырып, қола медальді еншіледі – 3:2.
Аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмұрзаев Африканың төрт дүркін чемпионы, мысырлық Камал Әбделмоталеба (6:1) мен Рио Олимпиадасының қола және Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, үш дүркін әлем, екі дүркін Еуропа чемпионы, екі дүркін Әлем кубогінің жеңімпазы, грузиялық Гено Петриашвилиден (4:2) айласын асырды. Бірақ финалда ол Мэйсон Марк Пэрристен ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты.
Кеше 86 кг салмақтағы Азамат Дәулетбеков бозкілемге шықты. Тұсаукесер кездесуінде ол Олимпиада мен әлем чемпионатының, Еуропа ойындарының қола жүлдегері, құрлық чемпионы, албаниялық Майлз Аминмен айқасты. Алдағы күндері біз әйелдер күресінен Эмма Тисина мен Марина Седнева (55 кг), Диана Каюмова мен Ирина Кузнецова (59 кг), Ирина Казюлина (65 кг), Жәмила Бақбергенова мен Гүлмарал Еркебаеваның (72 кг) және грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Нұрсұлтан Тұрсынов пен Шәміл Ожаев (86 кг), Әлімхан Сыздықов (130 кг) сынды саңлақтардың өнерін тамашалаймыз.