• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 08 Маусым, 2024

Заңсыз құрылыс жарға жығады

149 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Алматы қаласының тұрғындары үй, пәтер сатып алмай тұрып білуге тиіс бірқатар мәселе бар. Мегаполисте заңды белінен басып салынған құрылыс нысандары бар болғандықтан, билік жылжымайтын мүлікті сатып алуға ұсынылмайтын тұрғын үй кешені тізімін қайта-қайта толықтыруға мәжбүр. Ал қала құрылысын бақылау басқармасы дәл осы күндері бұл тізімдегі тұрғын үй кешендерінің саны 45-ке жеткенін мәлімдеп отыр. Яғни бұл нысандардың құрылыс салуға рұқсат құжаты түгел емес немесе жобадан ауытқыған, яки басқа да заң бұзушылықтарға жол берілген.

Тағы бір тоқтала кететін жайт, тізімге құрылысы әлі басталмаған рұқсат құжаты жоқ нысандар да кірді. Басқарма өкілдері осындай ТҮК бойынша ұсыныстар интернет ресурстардың мониторингі нәтижесінде анықталғанын алға тартып отыр.

Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы былтырғы жыл­дың басынан бері соттарға заң­нама мен құрылыс норма­ла­ры­ның талабын бұзғаны үшін 230 та­лап-арыз жолданғанын хабарлады. ­Бұл ретте 96 нысан толық немесе ­жартылай бұзуды талап етеді.

Сонымен сүрілетін ны­сан­дардың ішінде ТҮК пен таунхаустар бар болса да, міндетіне салғырт қара­ған құрылыс салушылар бірқатар пәтерді сатып үлгерген. Көбіне құрылыс салушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес үлескерлердің қаражатын тарту үшін 3-қабатқа дейінгі тұрғын үйлерге рұқсат талап етілмейтіндігін пайдаланады. Бұл көбінесе бастапқы жылжы­майтын мүлік нарығындағы кү­мәнді мәмілелерге ықпал етеді. Осындай жағдайда тексеру мен сот талқылауын жүргізудің құқық­тық нормасында белгіленген рәсім­дерінің ұзақтығы міндетіне көз жұмып қараған жауапсыз құрылыс салушыға заңсыз нысанда пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың белгілі бір санын сатуға мүмкіндік береді.

Қала құрылысын бақылау бас­қар­масы жүйелі түрде БАҚ-та қа­ла тұрғындарын құлақтандыру үшін жыл­жымайтын мүлік сатып алуға ұсы­нылмайтын тұрғын үй кешен­дері туралы ақпарат жария­лайды.

Алайда жылжымайтын мү­лік нарығындағы мәміледегі шы­ғын­­дардың алдын алып, кейін сазға отырып қалмау үшін құрылыс салушыдан толық рұқ­сат құжаттарын талап ете отырып, қала құрылысын бақылау басқармасының +7 705 896 6000 WhatsApp анықтамалық арнасы арқылы тиісті құжаттарының бар-жоғы туралы сенімді ақпарат алу қажет екенін ұмытпаған жөн. Қала құрылысы және урбанистика басқармасынан құрылыс салушыдан үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың болуы туралы ақпарат алуға болады.

Егер тұтынушы жылжымайтын мүлікті заңсыз нысанда сатып алса, құрылыс салушы қаражатты қайтарудан бас тартқан жағдайда Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментіне және құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгінуі керек.

Басқарма сонымен қатар осы нысандардың бірқатары неліктен жартылай салынғанын және олар­дың құрылысы бастапқы кезеңде қандай себеппен тоқтатылмағанын түсіндірді.

«Қазіргі таңда сәулет-құрылыс бақылау органдары құрылыс ны­сандарына кедергісіз бару құқы­ғынан айырылды. Жоспардан тыс тексерулер Кәсіпкерлік кодексімен регламенттеледі және тек ресми өтініш негізінде жүр­гізіледі. Осылайша, заңсыз құрылыс фак­тісін тіркеу және құрылыс салу­шы­ға шара қолдану үшін жоспардан тыс тексеру жүргізу қажет», дейді жоғарыдағы басқарма өкіл­дері.

Ресми өтініш алғаннан кейін материалдарды жинауды және тексеруді БП Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасында тіркеу үдерісі жүреді. Тексеру қорытындысымен бұзушылық анықталған жағдайда, оларды жою­ға және құрылыс-монтаж жұмыс­тарын тоқтата тұ­руға нұсқама беріледі.

Нұсқау мерзімі өткеннен кейін тексеру субъектісі нұсқама талап­тарының орындалуы туралы ақ­парат беруге тиіс. Егер бұзу­шылық жойылмаса, материалдар жұ­мыс­тарды тоқтата тұру және әкім­шілік жауапкершілікке тарту туралы үде­рістік шешім қабылдау үшін ма­ман­дандырылған ауданаралық әкім­шілік сотқа жіберіледі. Содан ке­йін нысанды бұзу туралы аза­мат­тық тәртіпте сотқа талап-арыз жол­­данады. Сот үдерістері нысан­ның кө­леміне және істің күрде­лілі­гіне бай­ланысты бірнеше айға созылады.

Қысқасы, заңсыз құрылыс мәсе­лесі қала билігінің қатаң бақы­лауында екенін айта кету керек. Қала басшысының тапсырмасы­мен мегаполис бойынша талап қою қызметінің нәтижесіне сәй­кес өткен жылдан бастап 35 заң­сыз нысан толық немесе жартылай бұзылды. Оның ішінде бизнес орталықтар, мейрамханалар, қосалқы ғимараттар мен автосер­вистер, сондай-ақ «Мечта» және «Khan» сияқты ірі тұрғын үй ке­шендері бар.

 

АЛМАТЫ