Қарағанды облысының полицейлері зорлық-зомбылық көрсетіп зейнеткер, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың пәтерін тартып алумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, деп жазады Egemen.kz.
Заңгер, адвокат, нотариустан құралған қылмыстық топ 14 пәтерді заңсыз рәсімдеген. Олар көбіне егде жастағы кісілер мен есірткіге тәуелді адамдардың мүлкін қолды етіп отырған.
«13 мамыр күні тінту іс-шараларын жүргізу барысында әртүрлі жылжымайтын мүлік пен тұлғалардың жеке деректеріне қатысты көптеген құжат тәркіленді. Қылмыстық топтың 28 мүшесі ұсталды. Олардың осындай басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша тергеу басталды», деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Істі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық топтың бір мүшесі деструктивті діннің жақтаушысы екені анықталды.