• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Сұхбат 11 Маусым, 2024

Юн Сок Ёль, Корея Республикасының Президенті: Қазақстанмен стратегиялық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отырмыз

266 рет
көрсетілді

Қазақстанға мемле­кет­тік сапары қарсаңын­да Корея Республикасы­ның Президенті Юн Сок Ёль «Egemen Qazaqs­tan» газеті­не арнайы сұхбат беріп, екі ел арасын­дағы стра­­те­гиялық серік­тес­тігі­ да­муының бүгіні мен ке­ле­шегі туралы ой қозғады.

– Президент мырза, Қазақ­стан мен Корея Респуб­ликасы кейінгі 30 жылдан астам уақыт ішінде екіжақты қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне шығара отырып, кең ауқымды бағыт­тар бо­йынша берік және сын­­дарлы өзара әрекеттесу ор­нат­ты. Бұған, әрине, жо­ғары саяси деңгейдегі бел­сенді диалог ықпал етті: мем­лекет басшыларының әр­бір кездесуі қазақ-корей ынты­мақтастығының одан әрі дамуына серпін береді. Сіздің Қазақстанға сапарыңыздың күн тәртібін білгіміз келеді. Астанадағы келіссөздерден қандай нәтиже күтесіз?

– 1992 жылы дипломатия­лық қатынастар орнағаннан бері Корея Республикасы мен Қазақ­стан арасында терең байла­ныс пен өзара сенімге негіздел­ген ете­не достық пен ынтымақ­тас­тық қалыптасты.

Екі ел жоғары деңгейде 16 кез­десу өткізді және ең жоғары деңгейде мерзімді келіс­сөздер жүр­гізіп отырады. Осы жылы Корея мен Қазақстан ара­сын­дағы стратегиялық әріптес­тік ор­натудың 15 жылдығын атап өту ерекше маңызды деп есептейміз.

Менің Қазақстанға алғаш­қы сапарым, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жы­лы Кореяға мемле­кеттік сапары және 2023 жылы Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының ала­ңын­дағы кездесуіміз екі ел ара­сын­­дағы стратегиялық әріп­тес­тікті одан әрі нығайту орайында айрық­ша үлес қосады.

Бүгінгі жоғары деңгейдегі ке­ліссөздер энергетика, ин­ф­ра­­құрылым және өңдеу өнер­кәсібі саласындағы ынты­мақтастықты те­рең­­детеді, соны­мен қатар не­гіз­гі пай­далы қаз­баларды, ғы­лым мен тех­но­­логияны, қор­шаған ор­та­ны, ауыл шаруа­шы­лығын жә­не кли­­мат­т­ың өз­геруіне ден қою ша­ра­­­ларын қоса алғанда, бола­шақ­қа бағ­­д­ар­­ланған түрлі салада екі ел ара­сындағы өзара тиім­ді ын­­­ты­­­­м­ақ­­тас­тықты кеңейту жол­да­­­рын тал­қылау мүмкіндігі болады.

Осы сапарымда Қазақ­стан­ды салиқалы басқарып, дамытып келе жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өз­ара сенімді нығайтамын және дос­тық қарым-қатынасты терең­дете­мін деп үміттенемін.

– Сауда-экономикалық ын­ты­­мақтастықты дамыту – екі ел үшін де басымдық. Біз­дегі стат­истикалық дерек­терге қа­ра­ғанда, өткен жылы Қазақ­стан мен Оң­түс­тік Корея ара­сын­дағы сауда көле­мі 6 млрд дол­ларды құ­рап­ты. Сіз­дің елі­ңіз Қазақ­стан эко­­но­мика­сын­дағы топ-10 ин­вес­­тор­дың қа­тарына кіреді. Мұн­дай серпін­ге қан­дай факторлар әсер етті және елдердің сауда-эконо­­ми­­ка­лық ынтымақ­тасты­ғын кеңейтудің ұзақмерзімді мақсаты қандай?

– Корея мен Қазақстан 1992 жы­лы дип­ломатиялық қаты­нас ор­на­т­қалы бері етене ынты­мақ­тас­тық байланысты дамытып келеді.

Дипломатиялық қатынас бас­­талған сәттен бері екі ел ара­сын­дағы сауда көлемі 500 еседен астам ұлғайды. Нәтижесінде, Қазақстан Кореяның Орталық Азия өңіріндегі ең ірі сауда және инвестиция серіктесіне айналды.

Екі ел арасындағы ынтымақ­тастықтың серпінді кеңеюіне қос мемлекеттің бірін-бірі то­лық­­тырушы өнеркәсіптік құры­лымға ие болуын, ал берік сенім­ді қарым-қатынастарға аралас циклді Қарабатан ЖЭС және Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) сияқты ортақ табыстарымызды мысалға келтіре аламыз.

Екі ел арасындағы экономика­лық ынтымақтастықты қолдау­дың институционалдық базасы өткен жылы Сауда мен инвес­тицияларды ілгерілету туралы негіздемелік келісімге (TIPF) қол қою арқылы күшейтілді.

Бұл сапар маңызды минерал­дар, өңдеу өнеркәсібі және ин­фра­құрылым сияқты салалар­дағы ынтымақтастықтың нақты нәти­желеріне қол жеткізуге мүм­кіндік береді деп ойлаймын.

– Әлем қазір «үлкен энерге­тика­лық өтпелі» кезеңде тұр. Қазақстан мен Корея Рес­пуб­ликасы көміртегі бейта­рап­тығына толығымен көшу міндетін қойды. Осы мақсат­қа жету үшін екі ел энергетика саласында қандай ынтымақ­тастықты дамыта алады?

– Климаттың өзгеруіне ден қою – жаһандық міндет. Оны шешу үшін көміртегі бей­та­рап­тығына Корея 2050 жылға қарай, ал Қазақстан 2060 жылға қарай қол жеткізуге ұмтылып отыр.

Еуропалық одақтың мәліме­тіне сәйкес, электр энергиясын өндіру секторындағы көміртегі шығарындылары ең жоғары және ол әлемдік көмірқышқыл газы шығарындыларының 27,5 пайызды құрайды. Демек осы сектордағы көміртегі шығарын­дыларын азайту – көміртегі бей­тараптығына қол жеткізудің кілті.

Корея атом энергетикасы мен жаңартылатын энергия көздері­не негізделген көміртексіз энергия­ны («Carbon-Free Energy», CFE) ке­ңей­туге күш салып келеді. Ме­нің білуімше, Қазақстан да жылу энергетикасы өндірісінің жо­ғары үлесіне байланысты элек­тр энергиясын өндіру секторын­да көмірқышқыл газының шыға­рын­дыларын қысқартуға мейлінше күш-жігер жұмсап отыр.

Корея атом электр станса­лары, жаңартылатын энергия көздері саласында, сондай-ақ электр энергиясын өндіру тиім­ділігін арттыру саласында әлемдегі ең үздік бәсекеге қабілеттілікке ие. Сондықтан да Қазақстанмен осы салаларда ынтымақтастық әлеуетіміз зор.

Көптеген мүдделі корей компаниясы энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылау мақсатында осы мемлекеттік сапарды сүйемелдеуге қатыспақ және елеулі ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткіземіз деп есептеймін.

– Қазақстан саяси салада ғана емес, экономикалық сала­да да жүйелі реформалар жүр­гізіп келеді. Біздің ма­ңыз­ды мақсатымыздың бірі – жоғары технологиялық өнді­ріс­терді құру, білім экономи­касы мен ақпараттық-комму­ни­кациялық технологиялар (АКТ) секторын дамыту. Корея Республикасының осы сала­дағы жетістіктерін әлем мо­йын­дайды. Президент Қ.Тоқаев 2021 жылы Сеул сапа­рын­да жасанды интеллект және ауқымды дерек жинақ­таушы сияқты стратегиялық маңызды салаларда бірлескен жоба­ларды іске асыруды ұсын­ды. Осы бағыттағы серіктестік қалай дамиды деп ойлайсыз?

– 2019 жылы Корея мен Қазақ­стан арасындағы Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы төртінші меморандумға қол қо­йылған сәттен екі ел ара­сында ақпараттық-коммуника­циялық технологиялар (АКТ) саласындағы белсенді жұмыстар басталып та кетті.

Ең алдымен, біз Қазақстанда ауқымды деректерді талдау платфор­масын құру және компа­нияларға, университеттер мен мемлекеттік пайдаланушыларға олардың жүйесін меңгерту мен қолдау көрсету мақсатында 2020-2022 жылдары ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық жобасының бірінші кезеңін жүзеге асырдық.

2023 жылдан жасанды интеллект, бұлттық технологиялар, ауқымды деректер аясындағы жобаларды қамтитын екінші кезеңін бастадық.

Атап айтқанда, біздің Үкімет жасанды интеллектіні дамы­тудың ұлттық стратегиясы, ауқым­­ды деректерді жинауға және пайдалануға жәрдемдесу жө­нін­дегі шаралар, сондай-ақ Қазақ­станның саяси ортасына сәйкес деректерді өңдеудің бірыңғай бұлттық орталығын құру жөніндегі жоспар сияқты АКТ саласындағы стратегияларға қарқынды қолдау көрсетеді.

Кореяның АКТ саласындағы табысты тәжірибесі және екі ел арасындағы жоғары технологиялар бағытындағы берік ынтымақтастық Қазақстанның экономикалық трансформация­сына және АКТ саласының дамуына ықпал етеді деп сенемін.

– Екі ел қарым-қатынасында мәдени-гуманитарлық сала­­ның да орны бөлек. Осы бағыт­та қандай жобаларды, қызық­ты ынтымақтастық кейстерін ерекше атап өте аласыз?

– Екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуда шынайы, сенімді гумани­тарлық және мәдени алмасулар маңызды рөл атқарады.

2010 жылы Корея Респуб­ли­касы Орталық Азиядағы тұң­ғыш Корей мәдени орталығын Астанада ашты және содан бері Қазақстан жұртшылығының Корея туралы мәліметінің артуы­на және екі халық арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге бағыт­­талған түрлі мәдени іс-шара­­лар өткізіп келеді.

Мысалы, 2022 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Корея мен Қазақстан 2022-2023 жылдарды «Өзара мәдени алмасу жылы» деп жариялады. Сондай-ақ анимация, театр, жастар өнері, K-pop сияқты салаларда ынтымақтастық ілгерілеп, екі ел халқы үшін етене түсіністік орнады. Осы бағытта мәдени және гуманитарлық алмасулар жыл сайын кеңейе бермек.

Корея Үкіметі қыркүйек айын­да Астанада өтетін «Comic Con» көрмесінде Корей жарнама орталығын құруды жоспарлап отыр. Онда K-pop қойылымдары мен дәстүрлі қолөнер сияқты көптеген қызықты іс-шаралар көрсетіледі.

Сонымен қатар Кореяның Куаңжу қаласында орналасқан «Азия мәдениеті мұражайы» келе­сі жылдан бастап халқы­мыз­ды Орталық Азияның мәдени мұрасымен, соның ішінде Қазақ­станмен жүйелі таныстыруды қолға алып, арнайы көрме өткізуді жоспарлап отыр.

Өзара етене қарым-қатынас пен туристік, т.б. сапарларға деген жоғары сұранысты ескере отырып, COVID-19 пандемия­сы салдарынан тоқтап қалған екі мемлекет астаналары арасын­дағы тікелей әуе рейстері төрт жылдан кейін қайта жанданды. Бұл екі ел халқының табиғи, адами байланысын арттырады.

– Қазақстанда елеулі корей диаспорасы тұрады. Сіздіңше, осы қандастарыңыз Корея мен Қазақстан арасындағы ынты­мақтастық пен байланысты нығайтуға қалай ықпал етеді?

– Қазақстанда 120 мыңға жуық этностық корей тұрады. Бұл – Орталық Азия елдеріндегі екінші көрсеткіш. Әрине, корей диаспорасының Кореяға, оның тіліне, мәдениеті мен өмір салтына ұқсас аспектілері көп.

Сырттағы корей диаспорасы мен Корея арасындағы бел­сенді алмасулар корей-қазақ қаты­настарының дамуына да ықпал ететіні сөзсіз.

Біріншіден, корей диаспорасы Корея мен Қазақстан арасын­дағы мәдени өзара түсі­ніс­­тік пен үйлесімділікті ілгері­­летуге өз үлесін қоса алады. Қазақ­­станда сәтті қоныстанған корей қан­дастар төл мәдениетін де, қазақ мәдениетін де жақсы түсінеді.

Корея қандастарының арқа­сында Қазақстан мәде­ниеті­­­мен жақынырақ танысса, өз кезе­гін­де қазақ халқы да эт­­ностық корейлермен қа­рым-қатынасы арқылы біздің мәдениет­тің қыр-сырын біле алады. Бұл түрлі мәдениеттер мен дәс­түр­лер қатар өмір сүретін көп­ұлт­ты мемлекет ретінде Қаза­қ­стан­ның рухына сәйкес келеді.

Екіншіден, корей қандас­тардың қатысуымен екі ел арасында маман, адам алмасу, т.б. жоғары табысты бизнеске жол ашуы ықтимал. Кореяда жылдам экономикалық өсу, әлемдік деңгейдегі технологияны дамыту тәжірибесі мол болса, Қазақстан табиғи географиялық жағдайына байланысты минералдық және энергетикалық ресурстарға бай логистикалық және көлік торабы ретінде үлкен өріс әлеуетіне ие. Бұл екі ел экономикаларын өзара толықтырады.

Этностық корейлер екі елдің компанияларын байланыстыратын буын рөлін атқара отырып, корей-қазақ ынтымақтастығы әлеуетін арттырып, бизнес саласындағы синергияны барынша байытады.

Корея Үкіметі екі ел арасын­дағы қатынастардың дамуы­на үлес қоса алатын мүмкіндігі үшін корей диаспорасы мен ата­жұрт арасындағы алмасуды одан әрі дамытады.

Мысалы, біз Орталық Азия­дағы этностық корейлер мен Кореядағы корейлер арасындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асырамыз, сондай-ақ төл мәдениет­пен таныстыру мақсатында Корея­ға этностық корейлердің жаңа буы­нын шақырамыз. Осы арқы­лы Корея Үкіметі екі ел арасын­дағы қарым-қатынастардың дамуы­на белсенді үлес қоса алатын және Қазақстандағы жергілікті қоғам­ның дамуына ықпал ететін орта қалыптастырады.

– Осыдан 10 жыл бұрын визасыз режімнің енгізілуі елдер арасындағы байланыстың нығаюына ықпал етті. Біздің азаматтар Оңтүстік Кореяға турист ретінде және емделу мақсатында баруға мүдделі. Сонымен қатар заңды еңбек миграциясына сұраныс бар. Білуімізше, қазір бұл мәселені мемлекеттік тиісті орындар пысықтап жатыр. Нақты ше­шімді қашан күтеміз?

– Елдер арасында адам ал­­­ма­су қарапайым жұмыс күші­нің миграциясынан тыс, өзара түсініс­тік пен сенімге, жана­шыр­лыққа негізделеді.

Корея – келем деушілерге дәс­түрлі өңдеу өнеркәсібінен бастап жоғары технологиялық өнеркәсіпке дейін өз есігін айқара ашқан ел. Осында көптеген корей қандасымыз тұратындықтан, Қазақстан – Кореямен ауқымды тарихи және мәдени байланысы бар мемлекет.

Жоғары деңгейдегі келіссөз­дерде жұмысқа орналасуға рұқ­сат беру жүйесіне қатысты талқы­лау сәтті өтеді деп үміттенемін.

– Елдеріміз екіжақты ғана емес, көпжақты деңгейде де диалог жүргізіп келеді. Мұнда Орталық Азия – Корея Республикасы сияқты форматты айрықша атап өткен жөн: ол 15 жылдан астам уа­қыт бұрын іске қосылды. Бұл біз­дің өңірдің Корея сырт­қы сая­сатындағы маңыз­ды рөлін көрсетеді. Шын мәнін­де, Қазақстанға осы сапары­ңыз – Сіздің ОА елдері бо­йынша турыңыздың бір бөлігі. Орталық Азия мен Корея Рес­публикасының ынтымақ­тас­тығының динамикасы мен болашағын қалай бағалайсыз?

– 2007 жылдан бастап біздің ел жыл сайын Орталық Азияның бес мемлекетінің қатысуымен Ор­талық Азия – Корея Респуб­ликасы ынтымақтастық форумын өткізіп келеді.

2017 жылы Корея мен Орта­лық Азия арасындағы ынтымақ­тастықты мейлінше жүйелі іске асыру үшін Орталық Азия – Корея Республикасы ынты­мақ­тастық жөніндегі хатшылығы құрылды. Форум Сыртқы істер министрлері деңгейіне көтерілді және өзін Корея мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық бағытында жоғары деңгейдегі негізгі консультативтік орган ретінде көрсетті.

Жаһандық күрделі дағда­рыс­­тар мен белгісіздік кезеңін­де Орталық Азияға сапарым Корея Республикасы диплома­тия­сының осы өңір әлеуеті мен стратегиялық құндылығына ерек­­ше мән беретінін аңғартады.

Кейінгі отыз жылда Корея Республикасы мен Орталық Азия энергетика, құрылыс, сау­да және инвестиция сияқты экономика салаларында етене ынтымақтастық орнатып, денсаулық сақтау, білім беру, қоршаған орта сияқты салаларда жан-жақты және үлгілі серіктестіктер құрды.

Осы сапардың алдында мен алғаш рет Корея Республика­сының Орталық Азияға қатысты стратегиясын байыптай отырып, «Корея Республикасы мен Орталық Азия арасындағы ын­ты­мақтастық бастамасы, К – Жібек жолы (K-SILK ROAD)» тұжы­рым­дамасын жарияладым.

Ынтымақтастықтың үш қағи­датын – серіктестікті, бірігуді, құру­ды қамтитын бұл бастама бос­тандық, бейбітшілік, өр­кен­деу көзқарасына және Корея мен Орталық Азия елдері­нің инновациялық, шығарма­шылық тұрғыдан бірге даму қағи­датына негізделген тұжырым­дама­мыз­дың болашағына сенемін.

Бұл бастама келешекте Корея мен Қазақстанды қоса алған­да, Орталық Азия елдері арасын­дағы әріптестікті биік деңгейге көтеретін жаңа кезең болмақ.

Осы сапар барысында біз Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­қа «К – Жібек жолы» ынты­мақ­тас­тық бастамасын жан-жақты айтып беруді, сондай-ақ оны іске асырудың екі ел арасын­да­ғы ынтымақтастықты едәуір терең­детуге мүмкіндік туғызатын нақ­ты жолдарын егжей-тегжей тал­қылауды жоспарлап отырмыз.

– Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап өзін әлем­дік қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде танытып, жаһандық деңгейде бейбіт қатар өмір сүрудің және орнықты дамудың құнды­лықтары мен қағидаттарын ілгерілетіп келеді. Біздің сырт­қы саясатымыздың «визит картасының» бірі – ядро­лық қарусыздану және оны та­ратпау мәселесіндегі көшбас­шылық. Корея Республикасы еліміздің ядролық қарусыз­дану ісіндегі рөлін қалай бағалайды?

– Қазақстан – әлемде ядролық қаруы жоқ, қырғиқабақ соғыс кезінде жүздеген ядролық сынақтар жүргізілген Семей ядро­лық полигонын жауып тас­таған және тәуелсіздіктен кейін Кеңес одағынан қалған ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан үлгілі мемлекет.

Бұдан басқа, Қазақстан халық­аралық аренада, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйы­мында жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына және қолданылуына жол бермеу жөніндегі түрлі күш-жігерді ілгерілетуді сәтті жалғастырып, адамгершілік пен бейбітшілікке ұмтылған халықаралық қоғамдастықтың көш басында келеді.

Корея Республикасы Қазақ­станмен қатар денуклеаризация және ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне де белсенді қатысып отыр.

Алайда Солтүстік Корея Бірік­­кен Ұлттар Ұйымы Қауіп­­­сіздік Кеңесінің бірнеше рет қ­абыл­даған шешіміне және ха­лық­ара­лық қоғамдастықтың ядро­лық әзірлемелерден бас тартуға ша­қы­ратын біртұтас пікіріне қара­мастан, халық­ара­лық бейбітшілік пен қауіпсіз­дікке елеулі қауіп төндіретін ядролық қару мен оны тасымалдау құралдарын әзірлеуді жалғастырып жатыр.

Сонымен қатар Солтүстік Кореяның ядролық әзірлемелері Корея мен Қазақстан табанды­лықпен қорғайтын және дамытатын халықаралық таратпау режімінің негіздеріне нұқсан келтіретін қауіпті және жауапсыз акт деп санаймыз.

Өңірдің қауіпсіздігі мен адамзат бейбітшілігі мүддесі үшін ядро­лық қарудан бас тарту тәжі­рибесі бар Қазақстан денуклеариза­ция саласындағы жетекші ел ретінде Корея Үкіметі мен халықара­лық қоғам­дастықтың еркін және бей­біт Корей түбегін құру жөніндегі күш-жігерінде маңызды рөл атқара алады.

Бүгін мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бұл мәселені егжей-тегжей талқы­лау­ды жоспарлап отырмын. Қазақ­стан халқынан Корей түбегіндегі бейбітшілікке мүдделестік танытып, қолдау көрсетуді сұраймын.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Сұхбаттасқан –

Қамбар АХМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»