• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Маусым, 2024

Ардагерлер Президент бастамасын қолдайды

206 рет
көрсетілді

Елордамызда «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің кезекті пленумы өтіп, жиынға Мәжіліс депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова және еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар қатысты.

Жастар болашағы алаңдатады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идеясын ардагерлер ұйымында жүзеге асыру жұмыстарын ұйымдастыруға арналған іс-ша­раны бірлестіктің Орталық кеңе­сінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып жүргізді. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды: жоғарыда аталған Президент идеясын жүзеге асыру үшін алға қойылған міндеттер, сондай-ақ келер жылғы Жеңістің 80 жыл­дығына орай қоғамдық бір­лестіктің іс-шаралар жос­па­рын бекіту және басқа да ағым­дағы мәселелер қаралды.

Жиында алғаш болып сөз алған Қазақстанның Еңбек ері, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Салахатдинұлы өткен аптада өзінің Мемлекет басшысының қабылдауында болып, ардагерлер ұйымының елдегі тұрақтылық үшін жасап жатқан жұмыстары туралы мәлімет бергенін жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлының Әділетті Қазақстан құру жолында аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да маңызды екенін айтқан ойымен бөлісті.

– Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент қоғамда жаңа кеселдердің пайда болғанын жасырмай айта келе: «Халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бө­лек. Елдің тұтастығы зиялы қа­уым­ның бірлігінен басталады. Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет» деген болатын. Президент халық үніне құлақ асатын мемлекет орнауы үшін Ұлттық құрылтайда алға қойған міндеттерді орындауға аға буынның үлес қосуын, әсіресе ұрпақ тәрбиесінде белсенді болуын­ тапсырды, – деді ол.

Бақтықожа Ізмұхамбетов бүгінде көпті алаңдатып отырған қоғамдық кеселдерге тоқталды. Соның біріншісі – нашақорлық. «Өкінішке қарай, нашақорлық, мамандардың айтуынша, балалар арасында да кең таралып барады» деген ол лудомания, яғни ойынқұмарлық туралы да айта келе, оның жас ұрпақтың болашағына балта шабатыны, талай шаңырақты шайқалтқаны, құмар ойын кесірінен қарызға батып, өзіне қол жұмсағандардың бар екені жайында хабардар етті.

«Үшіншіден, хейтерлер яғни адамды мазақ қылып, даттаушылар. Әлеуметтік желілер арқы­лы ақпараттық шабуыл жасау­шылар. Қазір – ғаламтордың шарықтап дамыған дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны жастардың санасын улап жатыр. Желіде әркім ойына келгенді жазады. Кей кезде жөн-жосықсыз жаланың кесірінен жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны болып, өмірден озғандар да бар» деді ол.

Бақтықожа Салахатдинұлы қоғамда көрініс тауып жатқан діни фанатизм мен алаяқтық әрекеттерін де заманымыздың жегіқұрты ретінде атады. «Еліміз­дегі қауіпті кеселдің бірі – діни фанатизм. Дін тақырыбы өте нәзік. Шырпы тисе қаулап жанатын шөп сияқты өте сақтықты керек етеді. Соңғы жылдары көбейіп кеткен сақалы беліне түскен жастар, бетін бүркеп, қара жамылған қыздарымыз қоғамдық орталарда жиі кездеседі. Бұлар – теріс діни ұстанымдағы, адасқан жастар. Бір елде тұрып, Отаны бір мұсылман баласының бір-бірін сыйламауы, тыңдамауы жақсылыққа апармайды. Бұл еліміздің егемендігіне үлкен қауіп», деген ол ұрпақ тәрбиесі әрбір ардагерді ойландыратынын, сондықтан алдағы уақытта «Жастар тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы» атауымен ашық диалог алаңында осы мәселе көтерілетінін жеткізді.

 

Қоғамға пайдалы қос жоба

Ұйым төрағасы өз сөзінде ардагерлер тарапынан қолға алынып жатқан іргелі істерге де тоқталды. Мәселен, көктемде еліміздің біраз бөлігін еріген қар суы басқанда олар жұмылып іске кірісіп, көмек беру жұмыстарына ұйытқы болып, халық арасынан табыла білді. Сонымен бірге Президент қабылдауында Ардагерлер ұйы­мы­ның «Дәнекер», «Іскерлік және жана­шырлық» жобалары туралы мәлімет бергенін де айта кетті.

– Орталық кеңесте «Дәнекер» жобасы 2019 жылы, «Медиация туралы» заңды жүзеге асыру бағытында қолға алынған болатын. Нәтижесінде, ардагерлерден құралған қоғамдық медиа­тор­лар­дың көмегімен соңғы 4 жылда тараптар арасын­дағы 6 896 даудың 4 563-і сотқа жетпей келісімге келу арқылы шешілді. 2021 жылы үкіметтік емес ұйымдар арасында «Қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту» номинациясы бойынша «Дәнекер» жобасы жеңімпаз болып, арнайы сыйақы иеленді, – деді ол.

Былтыр Ардагерлер ұйы­мында қоғамға пайдасы бар «Іскер­лік және жанашырлық» атауы­мен қанатқақты жоба қол­ға алынған. Оған ардагерлер кеңес­тері басшылық жасайды. Олар ауыл-аймақта әлеу­мет­тік қолдауға зәру, мұқтаж аза­маттарға, жанұяларға көмек көр­­сетуге кәсіп­керлерді, мекеме, кәсіп­орындарды жұмылдырады. Қанат­қақты жоба қазір Атырау, Сол­түстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асып жатыр.

– «Іскерлік және жана­шыр­лық» қанатқақты жобасының жұмысы Атырау облысында Мұрат Сақтайұлының басшы­лы­ғымен тұрақты жолға қо­йылған. Оған өздеріңіз жел­тоқсанда өткен Орталық кеңес­тің кеңейтілген төралқа отырысында куә болдыңыздар. Бұл жобамыз Солтүстік Қазақ­стан және Қызылорда облыс­та­рында да жалғасын тапты. Осы жұ­мыс­тар­ды тез арада жол­ға қойып ұйымдастыра біл­­­гені үшін әріп­тестеріміз Мұрат Сақтайұлына, Ескендір Есмақұлына, Серік Әбішұлына алғы­сымды біл­ді­ре­мін, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Сонымен қатар ол алдағы жылы болатын Жеңістің 80 жылдығына орай Ардагерлер ұйымы әзірлік жұмыстарын бас­тап кеткенін, Орталық кеңес­тің жұмыс жоспарына сәйкес, алдағы қыркүйекте ТМД елдері ардагерлері ұйымы төраға­ла­ры­ның қатысуымен Алматы қала­сында дөңгелек үстел өтетінін хабарлады.

 

Ардагерлерді қолдау жалғаса береді

Пленумда сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау жағдайына тоқталды. «Бүгінгі таңда елімізде 142 соғыс ардагері тұрады. Олар үшін әлеуметтік көмек шаралары орталық та, жергілікті деңгейде де іске асырылады», деп атап көрсетті ол.

С.Жақыпова Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасын орындау аясында базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатқанын еске салды. «Біріншіден, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-дан 65%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-дан 105%-ға дейін ұлғайды. 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 70%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 120%-ға дейін арттырылатын болады. Бұдан басқа өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан соғыс ардагерлеріне ай сайын 16 АЕК немесе 59 072 теңге мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

«Екіншіден, қолданыстағы заңнама бойынша олар үшін салық салу бойынша жеңілдіктер, амбулаториялық-емханалық кө­мек көрсететін ұйымдарда басым қызмет көрсету және кезектен тыс емдеуге жатқызу және т.б. көзделген. Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есе­бінен жекелеген өңірлерде коммуналдық қызметтерге, сана­торийлік-курорттық емделуге, сондай-ақ қоғамдық көлік­те жол жүру жеңілдіктеріне төле­нетін әлеуметтік көмек ай сайын төленеді», деді С.Жақыпова.

Ол сондай-ақ соғыс ардагер­ле­ріне Астана және Алматы қа­ла­ларындағы мамандан­ды­рыл­­ған госпитальдарда білік­ті медициналық көмек көрсе­тіле­ті­нін, ал тұрғын үй заңна­ма­сы­на сәйкес оларға бірінші кезекте тұрғын үй берілетінін атап өтті.

С.Жақыпова Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ведомство ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі іс-ша­ралар жоспарын әзірлейтінін, ал жергілікті атқарушы орган­дар­ға ұқсас өңірлік жоспарларды әзірлеу қажеттілігі туралы хаттар жіберілетінін хабарлады.

«Министрлік жаңа бастама ретінде басқа мемлекеттер аума­ғын­дағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлеріне, жеңілдік­тері  бо­йынша соғыс ­ардагерлеріне, тыл еңбек­керлеріне және басқа да санаттарға теңестірілген ардагерлерге ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін арттыру мәселесін қарас­тыруда», деп түйіндеді министр.

 

Отбасы құндылықтарын дамыту қажет

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пленумда ардагерлердің, яғни аға буынның ұлттық бірегейлікті нығайту мен елдің қарқынды дамуындағы рөлін, сондай-ақ келер жылы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай, министрлік іс-шаралар жоспарын әзірлегенін атап өтті.

– Биыл Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Қазақстан ардагерлері туралы мәліметтерді қамтитын баршаға қолжетімді «Батырларға тағзым» порталы іске қосылды. Бүгінде порталдың қызмет аясы кеңейіп, барлық қазақстандық ардагерлер тура­лы деректерді біріктіретін ақпа­раттық интерактивті жүйе ре­тінде жұмыс істеуін мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ соғысқа қатысушыларға арналған Қа­зақстан-Ресей тарапының бір­лескен фото-альбомын шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Сонымен бірге А.Балаева қоғамдағы ұлттық бірлік, этностар мен діни топтар арасындағы өзара түсініктік, жастарды есірткі мен лудомания секілді түрлі жағымсыз әдеттерден сақтауда ардагерлеріміз ел ағасы ретінде өз үлестерін қосып, еңбек етіп келе жатқанын айтты.

– Бақтықожа Салахатдинұлы өз баяндамасында қоғамдағы ең көкейкесті мәселелерді айтып өтті. Десе де әрбір мемлекеттік орган жұмылып, осы қоғамдық кеселдерге қарсы белсенді жұмыс жүргізуіміз керек. Оның ішінде отбасылық, ұлттық дәстүрімізді насихаттап, оны сақтау өте өзекті болып отыр. Өйткені тәрбие ең бірінші отбасында басталады. Отбасында қандай тәрбие алса, ол кейін қоғам өмірінде көрініс табатыны рас. Өкінішке қарай, қазір жастарымыз арасында қатыгездік, буллинг көрі­ністері көп. Сіздер осындай келең­сіздіктердің алдын алу үшін жергілікті жерде қоғамдық ұйым­дармен, әкімдіктермен бірге жұмыс істеп жүрсіздер. Мен арда­герлер ұйымы мен біздің министрліктің бірлескен жос­парын дайындап, оны жүзеге асыруға шақырамын. Сіздердің тараптарыңыздан бізге арналған ұсыныстарыңыз болса, біз оны жұмыс жоспарына енгізіп, жүзеге асыру жолдарын өз қолымызға алатын боламыз, – деді министр.

Бұдан бөлек, А.Балаева көше атауларын беру, ескерткіштер орнату және тағы да басқа өзекті мәселелерде Ардагерлер ұйы­мымен тығыз байланыста, бірге жұмыс істеуге сенім білдірді. Сонымен бірге ардагерлер Аида Балаева мен Светлана Жақыповаға ономас­тика, арда­гер­лерді ем-доммен қамту, тыл еңбеккерлеріне жағдай жасау, Ақмола облысындағы Еңбек ауылына Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атын беру­ге қатысты, т.б. сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.

 

Жергілікті жердегі жүйелі жұмыстар

Жиында Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз сөзін халық бірлігін нығайтудың маңызынан бастағанын еске салды. «Бірлік пен әділдік – біз өмір сүріп отырған қоғамның үздіксіз өркендеуінің негізгі сигменті. Ол – моральдық қағида, қарама-қайшылықтың екі жағының үйлесімді бірлігі. Құрылтайдың басты өлшемі де идеалды қоғам құруды жетіл­діруге үндейді. Оның бар байламы – жақсы отба­сы мен өнегелі, тәрбиелі қоғам құру, бейбіт өмір сүру қағидатын қалыптастыру», деді ол.

«Алматы қалалық ардагерлер кеңесі қандай жұмыстар атқарып отыр?» деген сауалға жауап бере келе А.Бижанов: «Біздің ардагерлер кеңесі ұйымының мақсаты мен міндеті – жастарға көне дәстүрлерді жаңғыртып, әр ұлттың мәдениетінің өзіндік ерек­шеліктерін түсіндіру. Мыса­лы, осы міндеттерді орындау жолында биыл біз қалалық ға­лымдар қауымдастығымен, жас­тар ұйымдарымен бірлесе отырып, келе жатқан Жеңіс­тің 80 жылдығына орай, соғыс қаһар­мандары С.Нұрмағам­бетов, Р.Қошқарбаев, Ш.Жәнібеков­тер­дің 100 жылды­ғына арнап, «Қазақ батырларының ерлік және ар-намыс дәстүрлері – жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің негізі» деген тақы­рыпта ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Бұған қоса, қаламыздағы әлеуметтік, рухани маңызы бар «Шыңға өрлеу» атты жоба биыл да жалғасын тауып отыр. Оның маңыздылығына тоқталсақ, жағдайы қиын, көпба­лалы отбасылардың балаларына ардагерлер дәріс оқып, ру­ха­ни құндылықтар туралы сабақ өткізіп, тәрбие жұмысын жүргізеді», – деді.

 

Сапалы білім мен саналы тәрбие қатар жүруге тиіс

Қоғам қайраткері, Түркіс­тан облысы ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұл­ұлы баяндамасын бүгінгі таңда ел экономикасы дамып, халықтың тұрмысы да түзеле бастағанына қарамастан, жастарымыздың бір бөлігі тән құмарының соңына түсiп, рухани құндылықтарды ұмыт қалдырғаны туралы әңгі­меден бастады.

– Өкінішке қарай, осының барлығы – ұрпақ тәрбиесінде жіберген кемшіліктердің салдары. Бүгінде балабақшадан бас­тап, орта мектеп пен жоғары оқу орындарының барлығында тәрбие жұмысы білім беру үде­рі­сінің тасасында қалып қой­ғаны белгілі. Бастауыш сыныптан бастап балалардан бірнеше тілді оқып үйренуді талап етеміз. Заман талабы осы екен деп оқу бағдарламаларын да өте күрделі етіп жібергенбіз. Бір сөзбен айтқанда, жас ұрпаққа сапалы білім беруді ғана ойлап, саналы тәрбие беру мәселесіне тиісті деңгейде назар аудармай келеміз, – деді.

Адами құндылықтарды бо­йына сіңірген, ой-санасы өсіп-жетілген, рухани тұрғыда кемелденген азаматтары көп. Әділетті және ізгі қоғам орнатқымыз келсе, ең алдымен ұрпақ тәрбие­сіне баса назар аударуымыз керек екенін айтқан Жеңісбек Мәуленқұлұлы қазіргі таңда Түркістан облысының ардагерлер кеңесі жалпы орта мектептің бас­тауыш сыныптарына Дәстүртану пәнін енгізу жөнінде бастама көтеріп, нақты жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

– Әрине, Дәстүртануды жаңа пән ретінде жалпы білім беру мекемелеріне енгізу белгілі бір уақытты қажет ететіні бел­гілі. Өзбекәлі Жәнібеков атын­дағы Оңтүстік Қазақстан педаго­ги­калық университетінің ғалым­да­рымен бірлесіп, бүгінгі тәрбие сағаттарына балама құрал ретін­де Дәстүртану сабағын өткізу бағытында нақты жұмыс атқа­рылып келеді. Бүгінгі таңда бас­тауыш сынып жетекшілеріне арналған әдістемелік көмекші құралдың нұсқасы пайдалануға берілді. Облыс көлемінде бірне­ше әдістемелік семинар мен тәжірибелік сабақтар өткізілді. Ұстаздардың да, шәкірттердің де бұл пәнге қызығушылығы мен ынтасы жоғары. Алғашқы бастама көрсеткендей, балаға ұлттық танымға негізделген ойын­­дар арқылы ұлттық дәстүрді таныс­ты­рудың оң нәтижелері бай­қа­лып жатыр, – деді ол.

 

Ардагерлер үлесі

Қоғам қайраткері, Алматы облысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов 2022 жылы жаңа облыс болып бөлінгелі өңірде 155 198 ардагер тұратынын, 9 аудандық, 1 қалалық, 134 округтік және 374 ауылдық ардагерлер ұйымы жұ­мыс істейтінін атап өтті.

Биылғы көктемде еліміздің басым бөлігін қарғын су алғанда облыс ардагерлері де сын сағат­т­а қалыс қалмай, барынша қол­дау көрсеткеніне тоқталды. «Cу тасқынында зардап шеккен өңір­лерге гуманитарлық көмек жинау үшін «Күшіміз – бірлікте» атты 500 волонтердан тұратын штаб құрылып, Алматы облысы бойынша 400 тоннаға жуық күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, тұр­мыстық техника және құры­лыс материалдарын жиналды. Өңірдің бизнес субъектілері тарапынан бірыңғай арнайы шотқа қаржылай көмек ретінде 90 млн теңге аударылды. Батыс Қазақстан облысына 171 арнайы техника қызмет көрсететін мамандарымен бірге жолданып, гуманитарлық көмекті көздеген жерлерге жеткізіп, таратуға 15 волонтер атсалысты. Облыстағы «Тау Тұран» (Талғар ауданы) және «Тау Жаңашар» (Еңбекшіқазақ ауданы) балалар сауықтыру лагерьлеріне Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан 211 бала қабылданды», деді ол.

Пленумның күн тәртібіндегі екінші мәселе – Жеңістің 80 жыл­дығына байланысты Орталық кеңестің іс-шаралар жоспары бірауыздан бекітілгеннен кейін ұйым төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов аймақтардағы арда­­гер­лер кеңестері жұмысына зор үлес қосып жүрген әріптес­терін марапаттады. Атап айт­қанда, Аманқос Төлеуов (Ақтөбе) Ардагерлер ұйымының арнайы «Құрмет белгісі» төсбелгісімен, Рымтай Шөкеев (Павлодар) «Құрмет» грамотасымен, Күлай Ермағамбетова (Қызылорда) Алғыс хатпен, Ардагерлер ұйы­мының жұмысын үйлестіру­дегі жаңашылдығы үшін Сол­түстік Қазақстан облысы ар­да­герлер кеңесі «Жаңашыл ұжым» аталымымен, «Іскерлік және жанашырлық» қанатқақты жобасын ұйымдастырудағы белсенділігі үшін Атырау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов «Үздік ұйымдастырушы» аталымымен, «Дәнекер» жобасына қосқан зор үлесі және түрлі дауларды шешудегі кәсібилігі үшін Сатыбалды Досымбеков (Тараз) «Үздік мәмілегер» аталымымен марапатталды.