Елімізде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған 17 арнайы кітапхана, оның ішінде 1 республикалық, 7 облыстық, 4 қалалық, 2 филиал және 3 арнайы бөлім жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бұл кітапханалардың оқырмандары республикада 49 272-ге, келушілер саны 423 860-қа жеткен.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана бүкіл ел бойынша 16 мамандандырылған кітапханаға әдістемелік орталық ретінде қызмет етеді.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, республиканың арнайы кітапханаларының жалпы қоры 1 010 076 кітапқа жеткен. Кітап қоры өткен жылмен салыстырғанда 2,5% өсіп отыр.
Арнайы кітапханалар – зағип жандар мен нашар көретін оқырмандар, олардың отбасы мүшелері бос уақытын тиімді өткізуге, рухани дамуға, білімін арттыруға және интернет арқылы түрлі ақпарат алуға көмектесетін бірегей мәдени орталық.
Бұл кітапханалар интеллектуалдық және шығармашылық дамудың бастауы ретінде кітап оқуды насихаттауда, қазақ жазушыларының үздік шығармаларын дәріптеуде, балалар мен жасөспірімдер арасында оқуға деген қызығушылықты арттыруда маңызды рөл атқарады.