Еліміздегі туризмнің даму қарқыны туралы айтқанда инфрақұрылым, инвестиция сосын барып қызмет көрсету сапасына тоқталамыз. Жазы жылы, қысы қатал өлкелеріміз кейбір мәңгілік жаз орнаған курортты елдермен бәсекелесе алмаса да, өзіндік айшықтары, табиғи байлықтары өз басына жетіп-артылады. Ендігісі қолда барды ұқсатып, туристерге дұрыс ұсына білу қажет.
Бағаны бәсеке реттейді
Туризмнің дамуына инфрақұрылым, инвестиция, қызмет көрсету сапасы тікелей әсер ететіні сөзсіз. Осы үш бағыттың бірі ақсап тұрса, істің ілгерілеуі неғайбіл. Туризмді дамытуды ойласақ, бірінші кезекте ішкі туризм бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Ал ішкі туризм туралы айтқанда, сапа мен бағадан айналып өте алмаймыз. Біздің елден Еуропа, Американы былай қойғанда, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстанға баратын туристер көп. Олардың айтатын уәжі «елдегі туристік орталықтардың бағасы қымбат» деген пікірмен үндеседі. Бізде демалыс орындарының бағасына қатысты осындай пікірлер бүгін, кеше айтыла бастаған жоқ, бұрыннан бар. Елдегі туризмнің аяқалысын бақылап, мейлінше қолдау көрсетіп отырған мемлекеттік ұйымдар да кәсіпкерлердің ісіне араласа алмайды. Бағаны тек бәсеке реттейді.
Мысалы, туристік аймақта бірлі-екілі сапалы ірі орталықтар болса, басқасы, шағын демалыс орындары. Шағын және ірі демалыс орындарындағы баға мен қызмет көрсету сапасы жер мен көктей. Мұны жақсы білетін Туризм және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» ҰК» акционерлік қоғамы мен жергілікті әкімдіктер кәсіпкерлерді ынталандырып, салаға тартуға әдеттегіден көбірек көңіл бөле бастады. Мемлекет туризм нарығына тек бәсекелестік орта қалыптасыру арқылы ғана әсер ете алатынын жақсы түсінеді. Егер мемлекет қарастырған жоба-жоспарлар үйлесімді іске асса, осының есесіне туристік нысандар көбейіп, сұраныс пен ұсынысқа сай ортақ, көңілге қонымды баға қалыптасуға тиіс. Ол үшін салаға инвестиция тарту керек дедік. Ал инвесторға сапалы инфрақұрылым кажет. Инвестор жол, су, жарық тағысын тағы мәселелерге алаңдамауға тиіс. Бұл ретте былтыр елде 131 млрд теңгеге 33 инфрақұрылымдық жоба іске асқанын айта кеткеніміз жөн болар. Бұл аз қаражат емес.
Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың айтуына қарағанда, қазірдің өзінде жазғы демалысқа қолайлы өңірлерге қызығатын туристер көп.
«Еліміз Саяхат және туризмді дамыту жөніндегі Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) индексіне сәйкес, туристік бағыттар тізімінде 52-орынды иеленді. Екі жыл бұрын біз 117 елдің ішінде 66-орында болдық. Министрліктің ұзақмерзімді мақсаты – туризмді дамытуға көп көңіл бөліп, осы рейтингте үздік елулікке кіру. Бәсекеге қабілетті, қызмет көрсету сапасы мен әлеуметтік-экономикалық ықпалды қоса алғанда, түрлі критерий бойынша рейтингті жақсарту – біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді. Мысалы, былтыр елге 9,2 млн шетел азаматы келді. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. Осыған қоса 9,6 миллионнан аса отандасымыз ел ішінде саяхаттады. Бұл көрсеткіш те алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 млн адамнан асады. Орналастыру орындары 229 млрд теңгеден аса сомаға қызмет көрсетті. Туризм саласынан бюджетке түсетін салық 450 млрд теңгені құрады. Бұл да былтырғы жылдың көрсеткішінен 64 млрд теңгеге артық», дейді Н.Кәріпбаев.
Салаға инвестиция серпін береді
Былтыр саладағы инвестиция көлемі 787 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 53%-ға артық. Демек жыл ішінде инвестиция көлемі екі есе өскен. Осыған қоса, былтыр елде жалпы құны 57 млрд теңгеге 117 жаңа туристік нысан ашылған. Бұдан өзге жалпы сомасы 433 млрд теңгеге 297 инвестициялық жоба іске асып жатқан көрінеді. Осының есесіне 7647 жұмыс орнын ашып, 3219 адамды тұрақты жұмыспен, 4428 адамды уақытша жұмыспен қамту көзделген. Биыл да бұл үйлесімді жұмыстар жалғасып, жыл соңына дейін 246 млрд теңгеге 148 жобаны аяқтау жоспарланыпты. Ол-ол ма, Туризм және спорт министрлігі саланы одан әрі дамыту мақсатында жыл басынан бері бірнеше жаңа бастаманы пысықтауға кіріскен. Мысалы, қазірдің өзінде халықаралық франшизасы бар қонақүйлер үшін жеңілдікпен несиелеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзарған. Сол секілді енді фермерлерге өз жерінде агротуризммен айналысуға рұқсат беріледі. Мұның өзі шамамен 10 мыңнан астам ауыл тұрғынын қосымша жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Қош, былтыр елге туристер көп келген екен. Ал биыл туристік маусымға дайындық барысы қалай? Бұл туралы жаңалықты да Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев хабарлаған еді.
«Жуырда Алматы әуежайының жаңа терминалы ашылды. Жазғы маусымның басында Шымкент және Қызылорда қалаларындағы екі жаңа әуежай терминалы ашылуы керек. Бұл жолаушылар ағынын едәуір арттырады және туристік дестинациялардың қолжетімдігіне оң әсер етеді. «Әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесінің арқасында IndiGo, FlyNas, малайзиялық AirAsia X секілді шетелдік авиакомпаниялар елдің бірқатар әуежайына шектеусіз ұшу құқығын алды. Жазғы маусым қарсаңында Қазақстанның курорттық аймақтарына маусымдық рейстердің жиілігі мен санын арттыру мәселесі пысықталуда. Былтыр олардың саны Алакөлде демалғысы келетін туристер ағынын қамти алмады. Көлік министрлігінің ақпараты бойынша, биыл конкурстардың қорытындысына сәйкес, 22 субсидияланатын әуе рейстері мен коммерциялық рейстерді орындау көзделген. Экотуризмге сұраныс артты. Былтыр экотуризммен 2,4 миллионнан аса турист саяхаттаған. Бүгінде елімізде 16 визит-орталық жұмыс істесе, оның жетеуі Ұлттық парктер аумағында орналасқан. Былтыр Алтын Емел, Шарын және Іле-Алатау ұлттық парктері жалпы құны шамамен 3 млрд теңгені құрайтын 3 жаңа визит-орталықпен толықты», дейді Н. Кәріпбаев сөзін түйіндеп.
Туристі немен қызықтырамыз?
Елге сапарлаған және сапарлауды жоспарлап жүрген туристердің ағынына зер салсақ, көңіл толарлықтай. Кейінгі кездері оқиғалық және экотуризммен Орталық Азия елдеріне баруды жөн көретін қауым көбейді. Әлемнің түкпір-түкпірін аралаған кейбір туристер бұрын-соңды естімеген, естісе де бармаған жерлерге қызығады. Адам аяғы баспаған табиғаты бай өңірлерге саяхаттайтындар көп. Бізге керегі – елге қызығушылық танытқан әрбір туристке сапалы қызмет көрсетіп, көрікті жерлерімізді, ұлттық айшықтарымызды әспеттеп ұсыну ғана. Ол үшін қайтпек керек? Мысалы, жазғы туризмді дамытуда ескеретін негізгі ережелер бар. Бұл жөнінде «Kazakh Tourism» ҰК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы тарқатып айтып берген еді.
«Жазғы туризмнің негізгі 4 аспектісі бар. Біріншісі – инфрақұрылым. Демалыс аймағына апарар жол, тоқтайтын жер, тамақтанатын орын қажет. Бұл бойынша іске асып жатқан жобалар көп-ақ. Жүздеген туристік нысандар ашылды. Екінші мәселе – қауіпсіздік. Таудағы, судағы қауіпсіздік. Мысалы, Алматы облысының маңында жылда жүздеген адам түрлі келеңсіз жағдайға тап болып жатады. Мұны біршама реттеуге визит-орталықтар септігін тигізеді. Содан соң жұмсақ инфрақұрылым керек. Кейінгі зерттеулер бойынша бізге әлі 500-ге жуық осындай орын қажет көрінеді. Бүгіннің өзінде осының 54 пайызы салыныпты. Кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау бар. Мысалы, жол бойында қызмет көрсететін орталық салуды көздегендерге бизнес-нысанның 10 пайыз шығынын мемлекет қайтарып береді. Төртінші – ақпараттандыру. Бұл – «Kazakh Tourism» компаниясының тікелей айналысатын жұмысы. Кеше ғана Катонқарағай жасыл туристік бағыттардың қатарына енді. Сосын Үндістанда біздің еліміз туристер ең көп таңдайтын бағыттарға енген. Мұның алдында Араб мемлекеттерінде Ораза айт мерекесі қарсаңында Қазақстан ең көп қарастырылған туристік бағыт болған. Біз де қол қусырып қалмай, ақпараттандыру жұмыстарына қолдан келгенше араласамыз», дейді Д.Сержанұлы.
Туристік бағыттар бойынша түрлі рейтингтерге зер салсақ, ілгерілеушілік жоқ емес. Мысалы, Алматы қаласы The New York Times нұсқасы бойынша үздік 52 туристік бағыттың қатарына енді. Биыл Астанада Дүниежүзілік көшпелілер ойыны өтеді. Шымкентте гастрономиялық фестиваль, Алматы облысында шарлар фестивалі, өңірлерде альпиниада мен баспасөз турлары ұйымдастырылады. Сондай-ақ 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланғаны мәлім. Наурызда Бейжіңде Туризм жылының ашылу салтанаты өтіп, екі елдің 300-ден астам бизнес өкілі форумда бас қосты. Енді жыл ішінде Қытайдың 7 ірі қаласында ТОП-20 отандық дестинациялардың тұсаукесері өтеді. Мұнымен шектелмей, еліміздің Қытайдағы туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында 30-дан астам ауқымды іс-шара өткізу жоспарланыпты. Осының есесіне, жыл соңына дейін ҚХР-дан келетін қонақтар ағыны 500 мың адамға дейін ұлғаюы мүмкін деген дерек бар. Статистикаларға үңілсек, коронавирус пандемиясынан кейін ішкі туризм ілгерілеген. Соның ізімен шетелден келетін туристердің ағыны көбейген. Шетелдіктердің Орталық Азияға қызығушылығы жылдан-жылға артып жатқанын ескерсек, жазда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, оларға барынша сапалы қызмет ұсыну жағы ақсамаса екен дейміз. Сонда туризмге қаралған қаржы, инвестиция ақталады.