«Ақтөбе балықшылары» еріктілер қозғалысы, «Amanat» партиясы облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мүшелері суқоймасы, өзен жағалауы мен шомылатын орындарды тазартты.
«Жасыл ел» еңбек жасағының 100-ге жуық мүшесі суқоймасы мен өзен жағалауларынан 150 тонна қоқыс жинап, қалалық полигонға апарып төкті. Мұнымен бір кезде еңбек жасағының бір топ мүшесі қаладағы «Ғашықтар аллеясын» тазартып, осы жерден 40 тонна қоқыс шығарды.
Үш өзеннің бойында бірнеше қоғамдық жағажай бар. Бұл жерлерге суға түсуге келген ағайын тамақ қалдықтарын, пластик құтыларды тастап кетеді. Жаздай, қыстай жиналған тұрмыстық қалдықтар көктемде су келгенде төңіректі түгел ластайды. Оның үстіне, биылғы су тасқынынан кейін тал-теректің арасы қураған шөптер мен сынған бұтақтарға толып қалды. Қураған шөп пен қоқыс күн ысығанда өрттің шығуына себепші.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штабы және «Атамекен» студенттік отрядтар бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, биыл «Жасыл ел» жасағына 1860 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Олар абаттандыру, көгалдандыру және құрылыс отрядтарында бір ай еңбек етіп, 130-160 мың теңге аралығында жалақы алады.
«Су тасқынына байланысты биыл жұмысты ерте бастадық. Еңбек жасағына сәуір айында облыс орталығынан 38 жұмыссыз жас тартылып, олар тасқыннан зардап шеккен зейнеткерлер үйлерін тазартуға көмектесті. Үш айдан бері «Таза қала», «Таза жағалау» акциясы аясында қала көшелері, өзен жағалаулары, қараусыз қалған қоғамдық жағажайларды тазарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Еңбек жасағы мүшелерінің тағы бір тобы қазіргі уақытта көшеттерді күтіп-баптайды және көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Сәуір, мамыр, наурыз айларында «Жасыл елде» 918 жас жұмыс істесе, шілде айында 596 бала қабылданады.
Еңбек жасағында абаттандыру, көгалдандыру және құрылыс саласы бойынша бірнеше шағын жасақ құрылды. Көгалдандыру жұмыстарына тартылғандар орман шаруашылығы мекемелеріне қарасты тәлімбақтарда жұмыс істеп, 130 мың теңге жалақы алады. Абаттандыру бағыты тазалық жұмыстарын қамтиды. Сенбілікке белсенді шығып жатқан осы жасақ құрамындағы балалар. Бұл жерде еңбек ететіндер 150 мың теңге жалақы алса, құрылыс жұмыстарына тартылғандар 160 мың теңге алады. Бірақ құрылысқа 18 жастан асқандарды аламыз», дейді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штаб жетекшісі Нұржан Шаңғытбаев.
«Жасыл ел» жасағына 16-35 жас арасындағы кез келген адам мүше бола алады. Оның құрамында мектептің жоғары сынып оқушылары, жұмыссыз жастар, ЖОО және орта арнаулы кәсіптік оқу орындары студенттері бар. Бір ерекшелігі, бір бала бір ай ғана еңбек етеді. «Жасыл ел» қатарына жазылғысы келетін балалар саны өте көп болғандықтан, еңбек еткісі келген бар балаға мүмкіндік беру керек.
Бүгінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Әйтеке би, Ойыл, Қобда, Темір аудандарында баспана құрылыстары басталды. «Жасыл ел» жасағының бір бригадасы қазір Ойыл ауданындағы құрылыста жүр. Облыс орталығында үйлерін су басқан тұрғындар үшін әзірше құрылыс басталған жоқ. Егер құрылыс қазығы қадалса, көмекке «Жасыл ел» еңбек жасағының бір бригадасы әзір тұр.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында елімізде өтіп жатқан сенбіліктерге Ақтөбе облысының ауыл тұрғындары осылайша белсенді қатысып жатыр. Өткен сенбілікке бір мезгілде мыңнан астам ақтөбеліктің шығуы туған жерінің табиғатына бейжай қарамайтындардың көп екендігін көрсетеді. Айта кетерлік бір мәселе – адамдарымыз қоқысты көшеге тастамау мәдениетін бойларына сіңірсе, әр апта сайын қаладан да, даладан да тонна-тонна қоқыс шықпас еді.
Ақтөбе облысы