Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған «Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері» атты мақаласында дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Әділетті Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасының мән-мағынасын жан-жақты айшықтап берді.
Мұнда автор «Әділетті Қазақстан – баз біреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идеясы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі» екендігін ерекше атап өтеді. Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан» идеясының басты бес тұжырымға негізделгенін айта келіп, олардың әрқайсысының әртүрлі кезеңде саяси өмірге біртіндеп енгізіліп келе жатқандығына қоғамдық өмірден нақты дәлелдер келтірген.
Мақалада ең алдымен Әділетті Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасының басты қағидаты – «әділдік» ұғымы туралы: «Әділдік дегеніміз – бәрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Әділдік – ең алдымен, құқықтар мен міндеттерді бәріне бірдей бөлу», делініп, оның қоғамның сұранысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келетіні айшықталған. Сөйтіп, «әділдік» деген ауқымды ұғым осы идеологияның арқауына, ал «Әділетті Қазақстан» деген түсінік мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналды» деген тұжырымға келеді.
Әділетті Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасының негізгі қағидаты болып саналатын «әділдік» ұғымына мақалада берілген түсініктің Ұлы дала тұлғаларының ұлағатты, қағидатты ілімдерімен сабақтасып жатқанын көруге болады. Шығыстың ғұлама-данышпаны Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» атты шығармасында мемлекеттің өркендеуі үшін әділеттіліктің үлгілі идеяларын ұсынған еді. Отырарлық ойшылдың «әділеттілік дегеніміз – бұл ең алдымен қоғамдағы адамдардың үлесіне тиетін ортақ игіліктердің бөлінуі және бұдан кейін олардың арасына бөлінген сол игіліктердің сақталуы» деген анықтамасы мақалада айтылған әділеттік жөніндегі түсінікке толық сәйкес келетінін анық көруге болады. Сонымен қатар ойшыл әділетсіз қоғамда адам тағдыры, оның рухани жетілуі, олардың арасындағы қарым-қатынастардың бәрі саудаға түсетінін ескертеді. Бақытқа қол жеткізудегі тұтыну талабын адамдар жеке даралықта емес, әділетті әкім ұйымдастырған көпшілік арасында, яғни қоғамда жүзеге асырады. Сол заманның көрнекті ақыны және ойшылы Жүсіп Баласағұн «кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе ретінде «ізгі іс пен әділдікті» атап, «бұл арқылы адам шын бақыт табады» дейді. Сөйтіп, түркі дәуіріндегі екі ойшылдың да тұжырымы бойынша елде әділетсіздік жойылып, әділеттік орнағанда ғана игілікке қол жетіп, қоғамда бақыт орнайтыны тұжырымдалады.
Мақалада «Әділетті Қазақстан» идеологемасының іске асырылу саясаты басты бес тұжырымға негізделгені айқындалған. Олар: «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат».
Әділетті Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасын жүзеге асыруда маңызды тетіктің бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», ал оның мәнісі – мемлекет қызметшілерінің ел-жұртпен тығыз байланыста болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдай білу екендігі айтылған. Әл-Фараби «...қайырымды қаланы әділетті билеуші басқару керек. Ол қайырымды іс-әрекеттер ғана жасайды. Кез келген тұлға қоғамның алдындағы қызметін абыройлы атқарып, кемел атаққа ие болу керек». Осы орайда ойшыл болашақ қайырымды іс пен мемлекетке адал қызмет жасайтын азаматтарды баулу мәселесіне ерекше көңіл аударатындығын байқауға болады. Ол әділеттілік – қайырымдылықтың негізі мен мазмұнына айналу қажеттігін уағыздайды. «Ел басқарудың алғашқы ізгілікті сабағы қалалар мен халықтар арасындағы ізгілікті тұрмыс салты мен ізгілікті қабілеттерді орнықтыруды, оларды жан-жақты насихаттауды және мәдениетсіз өмір салтының келеңсіз көріністерінен сақтануды қамтамасыз ететін іс-әрекеттерден тұратынын» ескертеді.
Хакім Абай әділетті тұтастай ғалам құбылыстарын реттеуші құдірет ретінде қарастырған. «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінде:
«Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет-шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа.
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа?» – дейді. Көріп отырғанымыздай, ойшылдың білуінше, адамға бақыт қонуының басты шарты – әділеттің иесі болу. Әлемдегі орасан қаржылық дағдарыстар да, белгілі бір мемлекеттегі ұлттық байлықтың толығынан халықтың игілігіне айналмауы да әділетсіздіктен туындайтындығы анық.
Мақалада өзекті тұжырымның бірі ретінде «Заң және тәртіп» аталып, оның қоғамда әділдік орнатудағы рөлі айқындалған. Заңды мүлтіксіз сақтау, баршаның заң алдында тең болуы, ең бастысы заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты болатындығы көрсетіледі. Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанының басты идеясы – мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Билікті дұрыс құрудың бірінші шарасы – заңды дұрыс жасай білу және оны дұрыс қолданудың барлық мүмкіндігін қарастыру. Жүсіп Баласағұнның бұл ойларынан «заңның жалпыға бірдей міндеттілігі» қағидатын сол кездің өзінде-ақ күн тәртібіне қойғандығы байқалады. Әділ заңмен басқарылса қара халық та билеушінің соңынан ереді, дейді.
Бұл жерде Ж.Баласағұнның:
«Екі нəрсе елдің бағын ашады,
Заң мен сақтық – ел тұғыры қашанғы...» – дегенін келтірген орынды. «Құтты білік» мемлекеттік билікті заңмен реттеудің нақты қолданбалы жолдарын көрсетіп береді. Оның осы тұрғыдағы пікірлері мен ұсыныстарының маңызы мен құндылығы қазіргі заманда да төмендеген жоқ.
Данышпан Абай да заңның үстемдігін қажет деп санады. Егер ол әділ заң болса қоғамды, адамды дұрыс жолға салуға болатынына сендіреді. Мұны Отыз жетінші қарасөздегі: «Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», деп, ой толғайды.
Мақаладағы бесінші тұжырым – «Адал азамат» ұғымы «Әділетті Қазақстанды кім қалыптастырады?» деген сауалға жауап бере отырып, ел-жұртымыздың рухани-адами келбеті болашақта қандай болатынын және азаматтық қоғам қалай дамитынын көрсетеді. Осы ретте айта кету керек, Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Адал азамат» жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам» деген қағидалы сөзін айтқан еді. Осыған орай, отаршылық бұғауында болған қазақ еліндегі көріністерді Абай өзінің Он бірінші қарасөзінде: «Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі – ұрлық, ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып пайдаланам деп, не өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең кеп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр», деп сынай отырып, өз заманындағы адал еңбек пен адал табыс таба алмай, жалған бақыт іздегендерді ойшыл нақтылы мысалдармен келтірген.
Мақалада аталған жалпықұндылықтар туралы Ұлы дала тұлғаларының ілімдері олардың ғылыми танымының тереңдігін, әлеумет жөніндегі ой-қағидаларының кемелдігі мен іргелілігін анық көрсетеді. Сондықтан қай заманда болсын қоғамның алға ілгерілеуіне олар негіз бола алады. Ендеше, «Әділетті Қазақстанның идеологемасының да жүзеге асуына бұл ілімдер әдістемелік тұрғыдан маңызды қызмет ететіні анық. Сондықтан мақалада айтылғандай, «жалпыұлттық құндылықтарды әдістемелік тұрғыда негіздеу бірден нәтиже бермесе де, стратегиялық жағынан алғанда әлдеқайда тиімді» екендігінің ақиқатына ерекше көңіл аудару қажет.
Мақаланың басты түйіні – жалпыұлттық құндылықтардың бір тұжырымдамаға біріктіріліп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін идеологиялық бағыт-бағдарымыздың бірыңғай жүйесінің жасалынғаны, ал мұның өзі сайып келгенде, қазіргі таңдағы ұлттық идеямыздың «Әділетті Қазақстан» екендігіне көз жеткізу.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ҰҒА құрметті академигі