Цифрлық құжаттардың қатары негізгі орта және жалпы орта білім туралы аттестатпен толықты. Ол енді eGovMobile мобильді қосымшасындағы «Bilim» жаңа қызмет көрсету сервисінде қолжетімді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше осы жылдан бастап мектеп түлектері аттестаттарын цифрлық нұсқада ала бастайды.
«Аттестатты алу үшін eGovMobile мобильді қосымшасындағы «Bilim» сервисіне өту керек. Мұнда «Менің балаларым» бөлімінде ата-аналар мен заңды өкілдері үшін кәмелетке толмаған балалардың құжаттары қолжетімді болады», дейді цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Маралбаева.Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын Оқу-ағарту министрлігі eGovMobile мобильді қосымшасында «Bilim» жаңа сервисін іске қосқан болатын. Мұнда білім туралы мәліметтер, цифрлық құжаттар берілген бірнеше бөлім бар. Ал бір жыл бұрын қосымшада колледж дипломдары QR-кодпен беріле бастады.