Жақында академик Ғарифолла Есімнің «Бүгін» тақырыбындағы семинарына қатыстым. Ойшыл қоғамдық санадағы шамадан тыс жоспаршылдық үрдісін сынға алып, қазіргі уақыттың маңыздылығына мән бермей жатқанымыз хақында ой тарқатты.
«Барлық ой-аңсарымыз ертең мен өткенде. Бабаларымыздың ерлігі мен балаларымыздың жарқын болашағына иланып қана қоямыз. Қазір ХХ ғасыр басындағы «бесжылдықтардың» орнын «отызжылдықтар» мен «елужылдықтар» алмастырып жатқандай. Батпақта жатып, бақытты армандаймыз. Бірақ дәл қазір батпақтан шыға қоятын түріміз жоқ. Ол үшін оны ресми түрде «жоспарлау» керек...» дейді Ғарифолла Есім.
Ойды ой қозғайды. Есіме Қожанасырдың мына оқиғасы түсті. Қожанасырдың көк есегі қырсығып жүрмей қояды. Сонда Қожекең ұзын таяқтың ұшына арпа салған дорба іліп қойып, таяқты өзі ұстап отырады. Әлгі есек арпаға жетпек болып желе жөнеледі. Бірақ мойнын қанша созса да, қанша шапқыласа да жете алмайды... Қожанасыр үйге жеткен кезде ғана есекті жемге қояды. Әнтек қана айтылған әзіл әңгіме. Елдің көңіліне келе қоймас. Әйтсе де, шындық.
Хакім Абай «Көк тұман алдымдағы келер заман, үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» деп толғанады.
Рас, армансыз, үмітсіз қоғамның түбі – құрдым. Бірақ бүгінгі күннің биігінен не көріп тұрмыз?
«Алпамыс, Қобыланды батырлар бізге қазір керек» деп аяқтады сөзін пәлсапашы...