Қарағанды облысы полиция департаментінің хабарлауынша ер адам 10 маусым күні өлі табылған, деп жазады Egemen.kz.
Оның денесінен оқ жарақатының ізі табылған. Облыстық полицияның мәліметінше, ер адам өз-өзіне қол жұмсаған.
«Өз қаруынан оқ атқан 48 жастағы ер адамның мәйіті табылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі сонымен қатар оқ марқұмның тіркелген мылтығынан атылғанын айтты.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды», деп атап өтті Қарағанды облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Кейбір Telegram арналары марқұмның осы жылдар ішінде құқық қорғау органдарында, оның ішінде Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде жұмыс істегенін атап өтеді. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.