• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 12 Маусым, 2024

Қазақстанда «Ақылды ауыл шаруашылығы фермалары» жобасы жүзеге асады

137 рет
көрсетілді

Президент «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы артып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Оңтүстік Корея компанияларымен осы бағытта тәжірибе алмасудан бастап, нақты жобаларды жүзеге асыруға және технологиялар трансфертіне дейінгі ықпалдастықты жүйелі түрде жандандырамыз деп үміттенеміз. Бұдан бөлек, біз дәстүрлі қуат көздерін де дамытуға мүдделіміз. Сондықтан Doosan Enerbility компаниясының Түркістан мен Атырау облыстарында газ электр станцияларын салу жоспарын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, еліміз агроиндустрия кешенін жоғары технологиялық салаға айналдыруға ниетті.

– Бүгінгі келіссөздер барысында Корея Президенті Қазақстанға «ақылды ауыл шаруашылығы фермалары» принципі бойынша жұмыс істейтін технологиялар жеткізу жөнінде ұсыныс айтты. Менің ойымша, бұл – өте жақсы ұсыныс. Біз аталған жобаны жүзеге асырамыз. Оңтүстік Кореяның жасанды интеллектіге, роботты техникаға және биотехнологияға негізделген инновациялық агротехнологиясын енгізуге мүдделіміз. Біздің шаруалар тиімділігі жоғары «ақылды» жылыжайлар салу тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып отыр, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур компанияларымен бірлесе жүзеге асырылатын «Alatau City» жобасына кореялық инвесторлар мен девелоперлерді де белсенді атсалысуға шақырды.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті