• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 12 Маусым, 2024

ҚДБ мен Кореяның қаржы институттары бірлескен меморандумға қол қойды

93 рет
көрсетілді

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы, бұдан әрі – Банк, ҚДБ) Кореяның экспорттық-импорттық банкімен және K-Sure Корея сауда-сақтандыру корпорациясымен өзара түсіністік туралы меморандумдар жасасты. Құжаттарға қол қою Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында өткізілген Қазақстан-Корея бизнес-форумы аясында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz  «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Қоғаммен байланыс қызметіне сілтеме жасап.

Меморандумдарға ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев, Кореяның экспорттық-импорттық банкінің басшысы Хи-Сун Юн және Кореяның K-Sure Корея сауда-сақтандыру корпорациясының басшысы Ёнжин Чан қол қойды.

«Бұл құжаттар стратегиялық маңызды жобаларды дамытуға және екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ете отырып, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы іскерлік ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстанның Даму Банкі бұл мүмкіндіктерді инновациялық бастамаларды іске асыру және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін пайдалануға ұмтылады. Біз Кореяның экспорттық-импорттық банкімен және K-Sure-мен әріптестігіміз тұрақты экономикалық өсуге және экономиканың басым секторларының өзара тиімді дамуына ықпал ете отырып, екі ел үшін де елеулі пайда әкелетініне сенімдіміз», деп атап өтті ҚДБ басшысы Марат Елібаев.

Кореяның экспорттық-импорттық банкімен қол қойылған құжат энергетика, мұнай химиясы, өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және көлік, экология және қоршаған орта, баламалы энергетика, металлургия және тау-кен өнеркәсібі мен экономиканың басқа да секторларындағы стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыруға бағытталатын 50 млн АҚШ долларына дейінгі сомаға банкаралық кредит желісін ашуды көздейді.

K-Sure-мен өзара түсіністік туралы меморандум өндірісті дамытудың негізгі салаларында Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның қаржы институттары арасындағы мәмілелерді сақтандыру бойынша ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады.

Бұдан басқа, құжат ағымдағы және әлеуетті жобалар мен іскерлік мүмкіндіктер туралы ақпаратпен алмасуды, қазақстандық және кореялық компаниялардың ынтымақтастығы жөніндегі бастамаларды қолдауды, олардың арасындағы байланыстарды дамытуды, экспорт және импорт үшін сақтандыру құралдарын ұсынуды, сондай-ақ тәжірибе алмасуды көздейді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті