Үлкен ойшыл, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы «Шыннан өзге Құдай жоқ, Анық Құдай – Шын Құдай, Ұқпай қалма алаң боп, Шын болмаса, кiм Құдай?» деген екен. Ғұламаның бұл пайымын тәпсірлер болсақ, «құдай» деп отырғаны ақиқат. Соның ішінде шынайы білімнің ақиқаты. Қазіргі таңда қазақ қоғамындағы басты мәселе – білім пен ақпараттың орны ауысып кетті. Шәкәрім бабамыз айтқан «шын білім» көмескіленіп, ақпараттық дүниелер алға шықты. Бұл өте қатерлі құбылыс. Өйткені шын білім, ақиқат, нағыз ілім салтанат құрмаған қоғамның болашағы күңгірт.
Қандай бір ұлт, мемлекет қалыпты жағдайда өркендеу үшін оның бұқарасы біліммен қарулануы керек. Білім болғанда – өмірге, тұрмысқа, қоғамға, мемлекетке, қажетті іліммен. Социологтер білімнің қоғамдық маңызына қарай бірнеше жікке бөліпті. Біріншісі, аса маңызды білім, одан кейін маңызды білім, одан кейін қажетті білім, қажеттен соң керексіз білім, одан кейін қауіпті білім деп қарастырыпты.
Қазір осылардың орны ауысып кетті. Адамдар ақиқатқа байлаған шынайы білімге ұмтылудан гөрі, жарқ-жұрқ еткен алдамшы білімге, яғни білім сияқты көрінген ақпаратқа құмар.
Сондай-ақ жас ұрпақ, яғни оқып жатқан оқушы-студенттер күнделікті интернеттен алып жүрген ақпаратын білім деп шатасып қалуы әбден кәдік. Бүгінгі қоғам білім мен ақпараттың орнының алмасуы елді, қоғамды сауатсыздыққа қарай итермелейді. Өйткені білімнің құны оның шындығында. Ақпараттық білім ешқашан шындықты бере алмайды.
Бұл жерде айтпағымыз: білімнің түрі көп. Бірақ әрбір нәрсенің негізгі тұғыры болатыны сияқты, білімнің негізгі өзегі – тарихи сана. Өйткені өзінің өткенін білмеген ұрпақ, болашағына бағдар жасай алмайды. Тамырсыз ағаш сияқты, жапырақ жайып көктемейді. Санасы қортықтанып, өзін басқалардан кем санау, өзгенің мәдениеті мен тарихын үлгі тұтып, өзінікін қор тұту сияқты кембағал түсінік қалыптасады.
Келесі кезекте, білім алу өмірдегі басты мақсатқа айналмайынша нәтиже бермейді. Бір нәрсені біліп-үйренуге деген құштарлық, өзін-өзі тануға ұмтылған алғашқы қадам. Осылайша, білудің ғажайыптар әлеміне жетелейтіндігіне көзің жетеді. Атамыз қазақ «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп, білім алған тұлғаның қоғамдағы орны мен беделін анықтаған.
Шынайы білімге ұмылған ел озатынын қарт тарих дәлелдеп отыр. Білім алудың артықшылығы және оның адам өміріндегі маңызы талас тудырмайтын мәселе. Білім – кез келген адам мен қоғамның дамуына негіз болатын басты факторлардың бірі. Білім жоқ жерді қашанда надандық жайлайды. Надандықтың сипаттық синонимін қазақ «қараңғылық» деп атаған. Себебі надандық, білім арқылы келетін адамдағы таным-түсінік сәулесін қараңғылық құрсауына батырып жібереді. Сондықтан ғалымдар «Білім – адамды надандықтың қараңғы қақпасынан шығаратын нұр», деген.
Осы орайда, дана Абай атамыз: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Олар: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік ол хайуандық. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады» десе, өткен ғасыр басындағы Алаш қайраткері, ағартушы – ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмау үшін, біз білімді және бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек» деген екен.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, ұлы ғалым-оқымысты Әл-Фараби бабамыздың, «Білімге құштар адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт» дегеніндей білім оңайлықпен келе салатын дүние емес. Білім алу жылдар бойғы қажырлы еңбекті талап етеді. Қазақтың «Білім инемен құдық қазғандай» деп айтуының астарында да осы мағына жатыр.
Жас ұрпаққа білімнің артықшылығы мен маңызын үнемі ескертіп, оларды білім алуға әрдайым ынталандыру қажет. Білім сондай-ақ тұнық нәрсе болғандықтан, рухани тазалықты да қажет етеді. Яғни шынайы білім иесі болудың басты шарты – санасы мөлдір, ой таза, бір сөзбен айтқанда, білім іздеген адамның жан дүниесі не ексе соны оратын құнарлы топырақ сияқты болғанда ғана оның бойына, санасына шынайы білімнің нәрі қонбақ.