Бітімгерлік операциялар орталығында «Орталық Азия және БҰҰ бітімгерлігі: ағымдағы қызмет және перспективалар» тақырыбында өңірлік дөңгелек үстел өтті. Жиында Қазақстан мен Тәжікстан қорғаныс ведомстволарының, Біріккен Ұлттар Ұйымының, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы кеңсесінің, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің және отандық жоғары оқу орындарының өкілдері бас қосты.
Қатысушылар халықаралық гуманитарлық құқық және бітімгерліктің гендерлік аспектілерін талқылады. Сондай-ақ отырыста Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында бейбітшілікті нығайту ісіне қосқан үлесі айрықша атап өтілді. Дөңгелек үстел барысында Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының басшысы, полковник Бауыржан Нығметуллин еліміздің әскери қызметшілерді бітімгерлік және тілдік дайындау тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
«Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне қатыса отырып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға үлес қосып келеді. 2018 жылы Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып бітімгерлік бөлімшелерін БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына жіберді. Іс-шараға 500-ден астам Қазақстан азаматы қатысты. Біздің әскери қызметшілердің Непалда, Кот-Д'Ивуарда және Малиде БҰҰ миссияларына қатысу тәжірибесі бар.
Қазір отандық бітімгерлер Ливанда, Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасында және Конго Демократиялық Республикасындағы миссияларда қызмет етіп жатыр. Қазақстан үшін тарихи қадам БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясында бітімгерлік контингентті өз бетінше өрістету болып отыр. Бүгінде ондағы миссия құрамында 139 қазақстандық қызмет өткеріп, қарама-қарсы тараптар арасындағы атысты тоқтату режімін сақтау жөніндегі міндеттерді орындап жүр. Қазақстан әскери қызметшілерінің БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысу географиясының кеңеюі еліміздің әскери және гуманитарлық дағдарыстардан зардап шегетін адамдарға қолдау көрсетуге деген оң ниетін айғақтайды. Біз Орталық Азия елдерінің бітімгерлік әлеуетін күшейту аясында БҰҰ миссиялары үшін сарапшыларды дайындауда және бірлескен бастамаларды іске асыруда күш-жігерімізді біріктіре аламыз», деді Б.Нығметуллин.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі бас кеңсесінің Бітімгерлік операциялар департаментінің өкілі Герберт Лорэт Қазақстанның бітімгерлік операцияларға қатысу үшін өз контингенттерін жіберетін елдермен өзара іс-қимыл жасаудағы қызметін оң бағалады. Әрі іс-шара Орталық Азия өңірінде білім мен тәжірибе алмасуға, дайындық тұрғысынан серіктестік қарым-қатынас орнатуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Жалпы, Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының базасында әртүрлі елдің тыңдаушыларының қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымы сертификаттаған курстар ұйымдастырылып тұрады. Университеттермен тығыз ынтымақтастықта халықаралық гуманитарлық құқықты зерделеу, студенттерге бітімгерлік тақырыбында дәріс өтеді. Бұл әскери қызметшілердің жауынгерлік тәжірибе жинақтауына, Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын жетілдіруге және оларды одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуге ықпал етеді. Осы мақсатта қосымша білім беру мекемесінің мамандары тыңдаушыларды оқытудың тәсілдері мен әдістерін жетілдіру бағытында үнемі жұмысын өзгертіп тұрады. Таяуда ғана штаб офицерлері арнайы оқуда болды. Оған қазақстандық офицерлермен қатар Ұлыбритания, Германия және Қытай қарулы күштерінің әскери қызметшілері – барлығы 17 адам қатысты. Курсқа Африка мен Таяу Шығыс елдеріндегі БҰҰ миссияларының құрамында бітімгерлік қызмет өткеретін персоналды даярлауда практикалық тәжірибесі бар орталықтың әскери қызметшілері нұсқаулық етті.
«Штаб офицерлері жоспарлаумен, үйлестірумен айналысады. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалуын жіті қадағалайды. Оның құзыретіне жауапкершілік аймағындағы жағдайды нақты уақыт режімінде бақылау, оқиғаларға талдау жүргізу кіреді. Тиісті бағыттар негізінде миссия қолбасшылығына есептер мен ұсыныстар әзірлейді. Мұндай курстарда біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, әскери қызметшілерге БҰҰ миссиясы штабының офицері тап болатын жағдайлар мен қиындықтарды егжей-тегжей түсіндіреміз. Болашақ бітімгерлер ағылшын тілі, далалық медицина, радиобайланыс, шахталар, қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар мен жарылмаған снарядтар, күш қолдану ережелері, сондай-ақ халықаралық және гуманитарлық құқық нормалары туралы білімдерін шыңдайды», деді курс жетекшісі – Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бітімгерлік дайындық басқармасының аға офицері, подполковник Ермек Төлесов.
Сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1325 (2000) «Әйелдер. Әлем. Қауіпсіздік» қарарын іске асыру бойынша Қазақстан гендерлік теңдік, әйелдерді қорғау және тең құқық саясатын ұстанушы елдер қатарында аталады. Оған қазақстандық әскери қызметші әйелдердің БҰҰ бітімгерлік операцияларына әскери бақылаушы және штаб офицері ретінде қатысуы дәлел бола алады. Бүгінде 8 әйел әскери қызметші БҰҰ-ның шетелдегі миссиялары құрамында қызмет етеді.
Айта кетейік, 2018 жылы БҰҰ сертификаттауынан өткен курс төрт жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығы Біріккен Ұлттар Ұйымы миссияларының штабтарында жұмыс істеу үшін елуге жуық сертификатталған әскери маман даярлады.