Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі көлдерге, лимандарға және суармалы шабындықтарға 12,4 миллиард текше метр тасқын суын жіберді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрлік мәліметінше лимандарға − 1,2 млрд текше метр, көлдерге – 4,5 млрд текше метр, өзен сағасындағы суармалы шабындықтарға – 6,7 млрд текше метр су жіберілген. Естеріңізге салайық, су тасқыны кезінде еліміздің су қоймаларына 12 млрд текше метрден астам су жиналды – бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Жиналған тасқын суы экономика қажеттіліктері үшін пайдаланылады. «Жиналған су негізінен ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады. Сондай-ақ тасқын суын лимандар мен шабындықтарға бағыттау мал шаруашылығын қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз етуге оң әсер етеді. Тасқын судың бір бөлігі су қоймаларына жіберілді. Биыл қоймаларға жиналған судың жалпы көлемі 75 млрд текше метр, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15 млрд текше метрге артық», деді сала министрі Нұржан Нұржігітов.