Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жергілікті шаруаларға шегіртке зиянкестеріне қарсы өңделетін аумақтарды анықтау және өңдеу мәселелері Премьер-министрдің ерекше бақылауында екенін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ министр АШМ шегірткелердің егістік жерлерді басып қалуын болдырмау және ауыл шаруашылығы құрылымдарына залалын тигізбеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
«Биыл 2,5 млн га өңдеу жоспарланған, бұл – соңғы жылдары (2016 жылдан бастап) химиялық өңдеу жүргізілетін ең ауқымды аумақ. 2023 жылдағыдан 1 млн гектарға артық. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, біздегі өңделетін жер Орталық Азияның барлық елі өңдейтін аумақтарды қосқаннан да көп», деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Министрдің айтуынша ел бойынша 2,5 мыңнан астам маман, 427 арнайы техника: 289 жерүсті желдеткіш пен штангалы бүріккіш, 56 аэрозольді газ генераторы, 36 аса жеңіл әуе техникасы, 36 ұшақ жұмылдырылған.
Биыл алғаш рет нақты нысандарды өңдеуге дрондар тартылды, бұл жетуі қиын жерлердегі жұмысты жеңілдетті.
«Сонымен қатар көршілермен және халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жұмада ғана, 7 маусымда біз FAO алаңында шегірткеге қарсы күрес мәселесі бойынша Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуін өткіздік. Күш-жігерді үйлестіру талқыланды. Ресей тарапымен кеңес өткізілді. Өзбек әріптестермен бірлескен өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.