• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 14 Маусым, 2024

Бюджет есебі: негізгі көрсеткіштер орындалды

102 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, депутаттар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады.

Өнеркәсіп өндірісі 4,3 пайызға ұлғайды

Есептерді қарау барысында өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілгені атап өтілді. Нақты айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,3 пайызға ұлғайды. Жылдық инфляция деңгейіне қатысты да оң динамика тіркеліп отыр.

«Біз 2023 жылғы республика­лық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін және Жоғары ауди­тор­лық палатаның қорытындысын қара­дық. Бұл – ел экономикасының дамуы үшін маңызды мәселе. Талқы­лау барысында сенаторлар фискал­дық тәртіп, мемлекеттік борыш, экономиканың нақты секторын қолдау, инфрақұрылым және басқа да маңызды салаларға тоқталып, өзекті проблемаларды көтерді. Осы ретте Үкімет мүшелері бүгін айтылған барлық ұсынысқа мән беріп, оларды жұмыс барысында ескеруі аса маңызды», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар депутаттар экономика салаларындағы негізгі реформалар­ға назар аударды. М.Әшімбаев өз сөзін­де көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін қаржылық, бюджет-салық және ақ­ша-кредит саясатын тиімді үйлес­тіру, сондай-ақ осы бағытта барлық мүд­делі тараптың жұмысты жүйелі түр­де жүр­гізуі міндетті шарт екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында макроэко­номикалық саясатты қайта жандандыруды тапсырды. Қазіргі таңда Парламентте жаңа Бюджет кодексінің жобасы талқыланып жатыр. Жаңа заңнамалар, оның ішінде Салық кодексі мен «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң ел экономикасының үдемелі дамуының берік негізі болуға тиіс. Осы бағытта Сенат Үкіметке қажетті заңнамалық қолдау көрсетуге дайын», деді Сенат төрағасы.

 

Шығын 21 пайызға өсті

Өңірлерді жеткіліксіз қаржы­ландыруға және трансферттерге қатысты проблемалар жүйелі сипатқа ие екенін айтқан М.Әшімбаев бұл елдің экономикалық дамуына және жалпы макроэкономикаға орасан зор зардабын тигізетінін жеткізді. «Қазіргі таңда біздің шығындарымыз үлкен. Ал кірістер бойынша проблемалар бар. Былтырғы бюджет параметрлері «ҚазМұнайГазға» келесі жылға салынатын салықтар бойынша аванстық төлемдер есебінен ғана жақсы көрініп отыр. Бұдан бөлек, былтыр экспорттаушыларға 500 миллиард теңге шамасында қосымша құн салығы қайтарылған жоқ. Бұл біздің салықтық түсімдеріміздің төмендігін, қосымша құн салығы мен корпоративті табыс салығы бойынша шамадан тыс нәтиже күтетінімізді көрсетеді. Бюджет шығындары да жыл сайын өсіп отыр. Былтыр 2022 жылмен салыстырғанда 21 пайызға өскен», деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасының айтуынша, қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру үшін шығыстарды табысқа жақын­дату және келесі жылдың бюджеті шең­берінде кейбір позицияларды оңтай­ландыру қажет. Сондай-ақ тәуе­кел қадамдарды жасай бермей, кәсіп­керлерден салықтарды аванстық жинау сияқты шаралардың салдарын алдын ала зерделеген жөн.

«Шын мәнінде, біз корпоративті табыс салығын қажетті деңгейде жинай алмаймыз. Салық базасы жоқ, бизнестің даму қарқыны да жоғары емес. Осындай және басқа да себептермен қосымша құн салығын да жинай алмаймыз. Сондықтан шығындарды азайту мәселесін қараған жөн. Сол кезде ғана теңгерімді бюджетке қол жеткіземіз. Кәсіпкерлерден алдын ала салық төлемдерін алу оларды тұра­латып, бизнесте проблемалар туын­датуы мүмкін. Сол себепті шығын­дарды қысқарту, оларды шынайы бағамдау, салықтарды алдын ала алмау маңызды. Мұндай қадамдар барын­ша оңтайлы бюджетке қол жет­кізуге жол ашады», деді ол.

Сонымен қатар М.Әшімбаев шы­ғыстардың ұлғаюы қосымша фис­кал­­дық жүктеме тудыратынын және инфля­ция деңгейіне әсер ететінін, бұл өз кезегінде әлеуметтік салада бірқатар проблемаға алып келетінін айтты.

«Шығындар неғұрлым көп болса, инфляция да соғұрлым ұлғайып, баға өседі. Салдарынан әлеуметтік мәселелер туындайды. Қазір пайыздық мөлшерлеме жоғары. Сондықтан бизнесті қалыпты мөлшерлемемен несиелендіре алмай отырмыз. Бұл экономиканың дамуына тұсау екені сөзсіз. Яғни бюджетті теңгерімсіз ету арқылы макроэкономикалық түйт­кіл­дерге тап боламыз», деген Сенат спикері депутаттық корпус пен Үкі­мет­ті осы бағытта бірлесіп, нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.

 

Ұлттық қорды басқару сынға алынды

Сенат спикері Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау барысында Ұлттық қордың салынған қаражатынан облигациялық заемдарға түсетін сыйақы түріндегі түсімдердің қаншалықты тиімді екеніне назар аударды.

Мәулен Әшімбаев «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері қор қаражатының жұмсалуына халықтың назары күрт артқанын айтты. Қазір Ұлттық қордың салынған қаражатынан отандық компаниялардың облигациялық заем­­дарына түсетін сыйақы түріндегі түсімдердің мөлшері төмен деңгейде. Осыған байланысты баламалы тетік­терге қажеттілік артып келеді.

«Ұлттық қорды әртүрлі тетіктер ар­қылы белсенді пайдалануымыз қан­шалықты дұрыс? Кепілді трансферт, нысаналы трансферт, квази­мем­лекеттік сектордың облига­ция­ларын сатып алу – бұл бюджеттен тыс қаржыландыру. Парламенттің бұған қатысы жоқ екенін атап өткім келеді. Енді біздің флагмандық ком­паниялардың акцияларын Ұлт­тық қорға сату сияқты тетік пайда болды. Бұл ретте шағын пакет емес, «ҚазМұнайГаз»-ға қатысты жағ­­дай сияқты өте ірі көлемде – 20 па­­йыз. Осындай бірнеше тетік пайда болды және оларды Үкімет кейінгі жыл­дарда белсенді қолданып отыр. Обли­гациялар да жаман емес. Бірақ мұн­дай облигациялардың шығын еке­нін көріп отырмыз. Басқалары бойын­ша купонның аз пайыздары бар. Әрине, бұл заңды тетік болуы мүмкін. Дегенмен квазимемлекеттік секторды осылай қаржыландыру салдарынан Ұлттық қор баламалы тетіктер арқылы алуға болатын қаражатты тиісті деңгейде ала алмайды», деді ол.

Сонымен қатар Палата спикері бұл акциялар сатылған жағдайда қан­ша­лықты өтімді болатыны да күмәнді екенін тілге тиек етті. Сондық­тан қор портфелінің барынша әрта­раптандырылуын, пайдалы болуын және өтімділігін қамтамасыз ету қажет.

«ҚазМұнайГаздың» 20 пайыздық пакеті. Иә, заңды тетік. Бірақ осы ретте Ұлттық қордың портфелі қаншалықты әртараптандырылған деген сауал туын­дайды. Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың мәні – бір активке бірден бірнеше миллиард инвестиция салмай, оны әртараптандыру, әртүрлі активтерге салу. Әрине, «ҚазМұнайГаз» – тұрақты компания. Ол бойынша проблема болмайды. Бірақ бәрібір бұл дербес қордың қаражатын инвестициялау қағидасын бұзады. Екіншіден, бұл акциялардың өтім­ді­лігіне қатысты да мәселелер бар. Ұлттық қор оларды сатқысы келсе де сата алмайды. Ешкім оларды сатқыз­байды. Осыған байла­нысты Ұлттық қор инвестицияларын­дағы өтімділік қағидаты тағы бұзылады. Сондықтан мұндай үлкен пакетті Ұлттық қорда ұстау қисынсыз. Осы мәселені тиімді шешу қажет», деді М.Әшімбаев.

 

Тиімсіз компанияларды қысқарту қажет

Нарық үстемдік етуге тиіс салаларда мемлекеттің шамадан тыс араласуы – жалпы ішкі өнімді екі есеге ұлғайту жөніндегі міндетті орындауға кедергі болатын негізгі проблемалардың бірі. Палата төрағасы атап өткендей, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есеге ұлғайту – аса маңызды міндет. Іс жүзінде бұл ел экономикасын екі есеге арттырады. Алайда қазіргі қалып­тасқан жағдайда оның жүзеге асуы қиын. Сенат спикері бұл ретте, ең алды­мен, квазимемлекеттік сектордың, оның ішінде экономикадағы орасан зор сектор­ды басып алған мыңдаған тиімсіз компаниялардың үлесін қысқарту қажет екенін айтты.

«Парадигманы өзгерту үшін Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­лығы аясында белсенді әрі мақ­сатқа сай әрекет ету маңызды. Яғни эконо­микамызды ырықтандыру қажет. Егер қазір бүкіл квазимемлекеттік сектордың үлесін күрт қысқартпасақ, мемле­кет оларды тиімді басқара алмайды. Олар – «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингінің көп бөлігі. Бұдан бас­қа әкім­діктер мен мемлекеттік ор­ган­дар­да шаруашылық жүргізетін тағы 6 мың мемлекеттік компания бар. Көп­те­­ген сектор бойынша жекешелен­діру үдерісі белсенді жүргізілмесе, жалпы ішкі өнімді екі еселей алмаймыз. Екі экономика болуы керек. Бізде біреуі бар. Екіншісін құру үшін жаңа парадигмалық тәсілдер қажет. Бұл тек жекешелендіру, жеке бастамалар, жаңа инвесторлар тарту арқылы жүзеге асуы мүмкін. Осы бағытта депутаттар мен Үкімет белсенді әрекет етіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жедел орындайды деп үміттенеміз», деді Сенат төрағасы.

Палата отырысында есептерді қарау кезінде қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов және Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасарлары, министр­лер және агенттіктер мен ұлттық ком­паниялардың басшылары қатысты.

Үкіметтің есебі мен Жоғары ауди­тор­­лық палатаның қорытындысын талқы­лау нәтижесінде сенаторлар Парламент палаталарының бірлескен отырысында аталған мәселені қарау кезінде Сенат атынан қосымша баяндама жасау үшін сенатор Бекболат Орынбековтің кандидатурасын бекітті.