Биылғы алапат су тасқыны кезінде жұрттан жылу жинаған қайырымдылық қорлары аз болған жоқ. Бірақ олардың көбі жиналған қаражат қанша екені, қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы есеп берген емес. Ал әлеуметтік желіде әртүрлі себеппен ақшалай жәрдем сұраушылар көбейіп тұр. Алайда олардың қайсысы шын мұқтаж екенін анықтау оңай емес.
Жуырда Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі елімізде жобаларды, бастамаларды және стартаптарды қаржыландыруға ақша жинаудың инновациялық тәсілі болып саналатын краудфандингті оңай жолмен баю мақсатында пайдалану оқиғалары жиілеп кеткендігін мәлімдеді. Нақты айтқанда, түрлі күмәнді мақсатқа қаражат жинауға 138 банктік карта тартылған. Жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам отандасымыз ақша жіберген. Жиналған қаржының жалпы сомасы 6 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 2 млрд теңге бойынша алаяқтық жасау белгілері байқалған.
Әлеуметтік желіде алаяқтар «емделу» және «мұқтаж жандарға көмек көрсету» деген желеумен ақша жинауды еш кедергісіз және бақылаусыз іске асырып жүр. Шынтуайтында, олар жиналған мол қаражатты жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді сатып алуға, тұрмыстық шығынға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге, шетелдегі қымбат пәтерлерді жалға алуға жұмсайтын көрінеді. Демек әлеуметтік желіде ауыр сырқаты немесе мүшкіл хал-жағдайын айтып зар илеп тұрған адамдардың сөздерінің шындығына көз жеткізбей, оларға бірден көмек қолын созу алаяқтардың арбауына түсіп, босқа шығындану мүмкін екенін естен шығармаған жөн.
Жақында Жоғарғы соттың баспасөз қызметі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен осы мегаполистегі «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелері қауымдастығының құрамына кірген, білім саласындағы 26 қайырымдылық мекемесінің мемлекеттік тіркеуі жойылып, қызметі тоқтатылғандығын хабарлады. Уәкілетті орган жүргізген тексерістің қорытындысы бойынша олардың тек 11-і нақты жұмыс істеген, ал 15-і тіркелген жерінде жоқ болып шыққан.
«Оңтүстік астанадағы» қызметі тоқтатылған қайырымдылық мекемелерінде балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты, соның ішінде көші-қон, еңбек, жер, экология және тұрғын үй мәселелеріне қатысты өрескел заң бұзушылыққа жол берілген. Сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, өрт қауіпсіздігі талаптары, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, діни, қайырымдылық және қаржылық-шаруашылық қызмет салаларында заң бұзушылық әшкереленген. Іс жүзінде бұл мекемелердің атқарған жұмыстары олардың жарғылық мақсаттарына қайшы келетіндігі анықталған. Оның үстіне, кейбіреулері білім беру қызметімен тиісті лицензиясыз айналысқан. Балалардың тиісті білім, тәрбие және медициналық көмек алу құқықтары айтарлықтай бұзылған.
Аталған қайырымдылық мекемелерінің діни бейімделгендігі дәлелденген, ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жібек жолы» мекемесімен жасалған меморандумның күшін біржақты тәртіппен жойған.
Заңнаманы бұзған қайырымдылық мекемелерінің бірқатарына және олардың басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Олар кәмелетке толмаған баланың өзіне қол жұмсауына, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни араздықты қоздыруға, сот экстремистік және террористік деп таныған әдебиеттер табылуына байланысты.
Қой терісін жамылған қасқырлар сияқты «қайырымдылық мекемесі» мәртебесін пайдаланып, заңсыз іс-әрекетпен айналысқан ұйымдар жабылып, басшылары тергеуге алынғанымен, осы оқиға еліміздегі қайырымдылық саласына деген сенімге селкеу түсіргені анық. Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдар әлеуметтік желіде жұрттан жалған жәрдем сұрау арқылы алаяқтық жасаушыларды әшкерелеу, қайырымдылық мекемелері мен қорларының жұмысының ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету шараларын қолға алса, игі.