Кейбір мекемелерде аса бір лауазымды қызмет атқармаса да, абырой-беделі сол ұжымның басшысынан кем емес мамандар бар. Ел-жұрттың, ұжымның сый-құрметіне бөленген сала майталмандарына әркез төрден орын табылады. Кәсібінің нәсібін көріп отырған жандармен Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының ұлттық госпиталіне барғанда жүздескен едік.
«Сырқаттанған әрбір жан ет жақыным»
Әдетте, медицина қызметкерлері күні десек, бірден бас дәрігер, танымал хирургтер еске түседі. Барлық марапат-мадақ, ізгі тілектер соларға ғана айтылатындай көрінеді де тұрады. Алайда дәрігердің сенімді серігі, адал көмекшісі – мейіргерлердің де еңбегін ескермеске болмайды. Осы тұста біз Ұлттық госпитальдің мейіргері Айгүл Айтбекқызының ағынан жарылып айтқан бір үзік сырын ұсынуды жөн көрдік.
«Бала кезде түрлі мамандыққа қызығып, ананы-мынаны армандайсың. Бір қызығы, ақ халат киіп, адамдарға көмектесуге бала шағымнан қызықтым. Кейін, ол арман өмірлік мақсатыма айналды. Медициналық колледжге оқуға түстім. 1989 жылы медициналық колледжден соң сол заманда «Совмин» орталық ауруханасы деп аталатын емдеу орнына жолдама алдым. Биыл мұнда жұмыс істеп жүргеніме 35 жыл толады екен. Жұмыс барысында басшылық мені ширасын деген болуы керек, бірден халі ауыр науқастар жататын жансақтау бөліміне жіберді. Ажалмен бетпе-бет келген науқастардың жағдайын жасай жүріп, әріптестерімнен үйренгенім ұшан-теңіз. Ең алғаш бізге аса қамқор болған адам ем-шара бөлмесіндегі тәжірибелі маман Г.Д.Коваленко еді. Ол кісімен әлі күнге дейін әріптестік қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Қазақтың бетке ұстар азаматтары Е.Серкебаев, Ә.Дінішев, Н.Тілендиев, Р.Бағланова сынды талай тұлғаны емдеуге араласып, алғыстарын алған сәттерді ешқашан ұмытпаймын», деп өткен шақты еске алады А.Айтбекқызы.
Жылдар жылжып, жансақтау бөлімінде шыңдалған Айгүлді басшылық 2-кардиологиялық бөлімге аға мейіргерлік қызметке жіберген. Өз ісін жетік білетін маман онда табан аудармай 10 жыл еңбек етіпті. Бөлімде түрлі жастағы науқастарға қарайлап жүрген Айгүл Айтбекқызы «Сырқаттанған әрбір жан ет жақыным» деген ұстанымды ту еткен мейірбан жан. 2012 жылы ұжым басшылығының шешімімен Айгүл клиникадағы мейіргерлерге жетекші болып тағайындалды. Ол аға мейіргер қызметін атқарғалы үш мәрте Ұлттық аккредитациядан «өте жақсы» деген бағамен өтіп, үш рет халықаралық «Алтын стандарт» JCI белгісін алған. Бір ауруханада 35 жыл табан аудармай жұмыс істеп, көптің батасын алған жаны жайсаң мейіргерге толайым табыс тілейміз.
«Кейде психолог болып кетесің»
Әрбір саланың ұстыны – білікті мамандар деп білеміз. Кейіпкеріміз Күлсімхан Айтжанқызы 1985 жылы Алматы қаласындағы қалалық медицина колледжін тәмамдап, еңбек жолын №1 қалалық балалар ауруханасында операциялық мейіргер болып бастаған. Сонда білікті де білгір мамандардан тәжірибе жиып, әжептәуір ысылып қалған маман 1995 жылы №7 қалалық клиникалық ауруханасына шақырылады. Нейрохирургиялық операция мейіргері болып жұмыс істей жүріп, қиындығы мол мамандықтың қыр-сырын меңгерген Күлсімхан Айтжанқызы «Совмин» ауруханасына жұмысқа шақырылады.
Өз ісінің білгірі Күлсімхан Айтжанқызы салада 39 жыл еңбек етсе, соның ішінде қазіргі Ұлттық госпитальде 26 жылы өтіпті. Күлсімхан Мұратова жұмыс барысында операциялық мейіргерге төзімділік, сабырлық, шыншылдық секілді қасиеттердің ауадай қажет екеніне көз жеткізгенін айтады. «Кейде психолог те болып кетесің. Науқас адамның көңілін аулап, жылы сөзіңмен демеу оған күш беретінін байқайсың. Операция алдында бойын үрей билеген адамға керекті сөз тауып айтудың өзі тапқырлықты талап етеді», деді маман бір сөзінде.
Иә, операциялық мейіргер – дәрігердің бірінші көмекшісі ғана емес, хирургиялық топтың мүшелерін байланыстыратын негізгі тұлға. Ол операция барысында хирургке керекті құралдарды дәрігердің қас-қабағын бағып, алдын-ала біліп тұруы керек. Хирургиялық топтың жұмысы тепе-теңдікті, сенімділікті әрі жоспарлы операциядан шұғыл операцияға ауысу жылдамдығын талап етеді. Науқастың операциядан кейінгі айтқан алғысы мен жылы лебізі дәрігерлерді, мейіргерлерді қанаттандырып қана қоймай, білімін жетілдіруге міндеттейді. Өйткені өмір мен өлімнің арасында жатқан науқасты аяққа тұрғызып, үміт сыйлау – зор бақыт. Сол бақытты күндер бар қиындықты ұмыттырады.
АЛМАТЫ