• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 14 Маусым, 2024

Отыз жыл күткен операция

82 рет
көрсетілді

Травматология саласындағы атап өтуге тұрарлық айрықша операцияны Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының хирургі Дәулет Чукманов атқарды. Мұны отандық медицинаның кезекті табысы деуге де болады.

1969 жылы туған науқас­тың осыдан отыз жыл бұрын, яғни 1994 жылы жам­бас мойны сынып, оған уақы­тында хирургиялық көмек көрсетілмегендіктен, оң аяғы 10 сантиметрге дейін қысқарып қана қоймай, жылдар бойы жанына батып, жағдайы нашарлай түскен. Ескі жарақат созылмалы дерт­ке айналып, жүріп-тұруын да қиындата берген.

Жақында алматылық травматологтер 55-тегі науқастың аяғын 10 см ұзартып берді. Күрделі операция кезінде Дәулет Чукманов науқасқа жамбас буынының жалпы эндопротезін орнатуға қол жеткізді.  1,5 сағатқа созылған хирургиялық араласудың арқасында травматологтер аяқтың қалыпты ұзындығын ғана емес, буын қызметін де қалпына келтірді.

Эндопротездеу – маман­ның машығы мен шеберлігін қажет ететін күрделі және жоғары технологиялық процедура.

«Операция сәтті өтті, нау­қас өзіне келе бастады. Аяқтың ұзаруы мен эндопротез орнату науқастың жамбас сүйектерінің икемділігін, ден­саулығын едәуір жақ­сартып, қалыпты фи­зикалық белсенділікке ора­лу­ға, созылмалы ауырсынудан арылуға мүмкіндік берді»,  дейді Дәулет Чукманов.

 

АЛМАТЫ