• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Маусым, 2024

Абайды білмек парыз ойлы жасқа

87 рет
көрсетілді

10-13 маусым аралығында ұлы хакім елінде ХXV республикалық «Абай оқулары» өтті.

10 маусымда 8-11 сынып оқу­шы­ла­рын қамтыған мерейтойлық Абай оқу­лары Семей қаласында салтанатты ашыл­ды. Мазмұнды шарада Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев қатысу­шы­ларға ізгі лебізін арнады. Сондай-ақ бұған дейін байқаудың ұйымдастыру жұмыс­ына белсене атсалыс­қан білім, ғылым және өнер саласы­ның майталмандары марапатталды. Осыған дейінгі байқауда топ жарған жеңімпаздар да іс-шарадан шет қалмады.

«Абай оқулары» – оқу­шы­лар­дың рухани дамуына ерекше әсер ететін айтулы шара. Елі­міз­дің әр түкпірінен келген жас дарындардың басын қосатын киелі мекенде әр қатысушы сөз өнері шыңында сыналып, қабілет қарымын арттырып, талабын үстейді. Жаңа буын өкілдерінің хакім мұрасынан нәр алып, ұлағатын ұғуға деген талпынысы асқақ поэзия рухын аспандата түседі. 2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқауда Абай және Шәкәрім шығармашылығын қадір тұтатын 3 мыңнан аса жас өскін қабілеттерін шың­­­­дап, дарынын дәлелдеді.

11 маусым күні облыстық кезең­нен сүрін­бей өтіп, респуб­ли­калық байқауға жолдама алған 130-дан астам оқушы мен ұстаз қауымы Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә­де­ни және әдеби-мемориалдық музей-қорығының бөлімі Бөрілідегі М.Әуе­зовтің музей-үйіне, Сырт Қасқа­бұлақ­та­ғы Абайдың туған жеріне сапар шегіп, «Еңлік-Кебек» ескерт­кіші маңын­дағы театрландырылған көріністі тама­ша­лады. Сонымен бірге ақынның Жиде­бай­дағы музей-үйіне табан тіреп, Қарауыл ауы­лын­дағы Абай ескерткішіне гүл шоғын қойды.

12 маусым күні оқушылар білім, ғы­лым, әдебиет саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы алдында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Көңілім әнді ұғады», «Жүйріктен жүйрік озар жарыс­қанда»,«Сөз өнеріндегі ұлы Абай бей­несі» аталымдары бойынша өнер­ле­рін көрсетті. Оқушылар байқау бары­сында ақынның өлеңдері мен поэ­масын, қарасөзін жатқа айтты.

Жидебайдағы «Абай-Шәкә­рім» ме­мо­­риал­дық кеше­нін­де түйінделген бай­қау қоры­тын­ды­сында Оқу-ағарту министр­лігінің дипломымен 47 оқушы марапатталды. Атап айтсақ, I дәрежелі дипломмен 6 қатысушы, II дәрежелі дипломмен 18 қатысушы және III дәрежелі дипломмен 23 қатысушы марапатталды.

Сондай-ақ «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымында Абай облысы атынан бақ сынаған Аружан Болатхан топ жарса, «Абайдың қара сөздері» аталымында Жетісу облысының үмітін үкілеген Аяжан Сәрсенбай үздік деп танылды. Сонымен бірге «Абайдың ақын шәкірттерінің шығар­малары» аталымын Қара­ғанды облысының ойлы оғланы Изат Нұрғасыр жеңіп алса, «Көңілім әнді ұғады» аталы­мын­да Назарбаев зияткерлік мекте­бінің талантты оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлының бағы жанды. «Жүй­рік­тен жүйрік озар жарысқанда» аталымында Павлодар облысынан келген Еркебұлан Тіленіш жеңімпаз атанса, «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» аталымында Жания Отар І орынды иеленді.

Жүлдегерлердің бәрі «Да­рын» рес­публикалық ғылыми-прак­ти­ка­лық орталығы тағайындаған ба­ғалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Абай облысы