• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Оқиға 13 Маусым, 2024

Жоғалған бала иттің көмегімен табылды

55 рет
көрсетілді

Кіші инспектор-кинолог, полиция сержанты Нұрсұлтан Сан­­жар Дан есімді итімен елордадағы А.Иманов көше­сін­­дегі аулалардың бірінен 5 жас­­тағы баланы іздеп тап­қан.

Белгілі болғандай, таңғы уақытта 102 арнасына жоғалған бала туралы хабар келіп түскен. Қоңырау шалған баланың анасы баласын аулада ойнап жүрген жерінен таба алмай қалғанын айтып жүгінген. Жақындары баланы өз бетімен іздеп көргенімен, іздеу нәтиже бермеген.

Жедел қоңырау қабылдаған тәртіп сақшылары бірден жылдам әрекетке көшіп, кәмелетке толмаған баланы іздеуді дереу ұйымдастырады. Қоңырау келіп түскен сәттен құқық қорғау қызметкерлері баланың болуы мүмкін барлық аумақты тексеруге кіріскен. Бұл жерде қызметші итпен бірге кинолог инспекторлар да іздеу шарасына жұдырықтай жұмылдырылған. Полицейлердің сенімді серігіне айналған қызметтік ит киімнен шыққан иіс арқылы жоғалған баланы іздеуге кіріседі. Біраз уақыттан кейін Дан киімге жұққан иіспен баланың ізіне түседі. Нәтижесінде, ит полиция қызметкерлерін бала жүрген үйдің аумағындағы ойын алаңдарының біріне апарған. Тәртіп сақшыларына хабарласқан баланың анасы көмек көрсетіп, ұлын жедел іздестіргені үшін полицейлерге ерекше алғысын білдірді.

Неміс овчаркасы Дан полиция бөлімшесінің кинологиялық қызметінде төрт жылдай қызмет етіп келеді. Содан бері қызметтік ит серіктестерінің сеніміне ие болып, бақылау жұмыстарына жақсы үйретілді. Иіс ізіне түсіп жоғалғанды іздеуге әбден дағдыланған Данның қабілетіне астаналықтар да дән риза. Елордалық сақшылар аулада ересектердің қарауынсыз ойнап жүрген балалардың адасып кететін жағдайлар жиі болатынын айтып келеді. Бұған дейін де қызметтік ит Дан тұрғын үйдің ауласынан шығып кеткен 5 және 7 жастағы екі ұл баланың да аман-есен жақындарымен қауышуына себепкер болған екен.