Егемен елімізде ғана емес, әлемде теңдесі жоқ саналатын ең ұзақ қашықтағы «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің үшінші маусымы ел жадында өшпестей сақталды десе болғандай. Алаш жұрты арғымақты алғаш ерттегенін шартарапқа және бір әйгіледі. Бірегей жобаның басы-қасында жүрген жанашыр азаматтар жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны содан білінеді. 500 шақырым бойы қатысушылардың жағдайын бақылауда ұстап, қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бұған жорықшылардың көтеріңкі көңіл күйі мен ұйымдастырушыларға деген ыстық ықыласы айғақ.
Биыл күзде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында марафон-бәйгенің халықаралық кезеңі өтеді. Айтулы ауқымды іс-шараның еліміз үшін маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Ең алдымен, бұл – ұзақ жолға мойымайтын қазақ жылқысының тұқымын төрткүл дүниеге танытуға жол ашатын дүбірлі дода. Осы орайда марафон-бәйгенің жеңімпаздарының бірі – маңғыстаулық «Көкмойнақ» командасының жетекшісі Исенбай Қалдамановтың пікірін білген едік.
«Ұлы дала жорығы» ұйымдастырылуының өзінде терең мән-мағына жатыр. Бұл төл тарихымыздағы асыл қасиеттердің бірі – атқа мініп, ұзақ жолға шығу салты мен мәдениетін жаңғыртудың сәтті қадамы десе болады.
Біз үшінші жыл қатарынан марафон-бәйгеге қатысып келеміз. Оның ішінде «Көкмойнақ» командасы алғашқы жылы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылып, бас жүлдені иемденді. Өткен жылы да олжалы болдық. 1300 шақырымға шабудан әлемдік рекорд орнатып, Адай жылқысының мықтылығына көптің көзін жеткіздік. Дәлірек айтсақ, біздің шабандоз «Рекорд» командасының құрамына еніп, 14 күнде 1300 шақырымды 98 сағат 44 минут 47 секундта бағындырды. Биылда, яғни жобаның үшінші маусымында «Көкмойнақ» командасы үздіктер қатарында болып, мәреге екінші болып жетті.
«Ұлы дала жорығына» қатысудағы біздің негізгі мақсатымыз үздік үштіктің қатарынан көріну болса, сол діттеген бағытымыздан таймай келе жатырмыз деуге толық негіз бар.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңіріне келіп, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесінің нәтижесінде Адай жылқысының мәртебесін асырып, өз тұғырына орнату туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес аймақ басшылары, арнайы ведомстволар мен министрліктер тиісті қызмет атқарып, Адай жылқысы өзінің көптен күткен мәртебесін, яғни патентін алды. Бұл – тарихи маңызы бар оқиға, біз үшін зор мәртебе. Осы тұста патентті алуымызға «Ұлы дала жорығы» да өзіндік септігін тигізгенін мойындауымыз қажет. Себебі дәл осы додада Адай жылқысы жеңімпаз атанып, әлемдік рекорд орнатты, мерейі шалқыды.
Үш жыл қатарынан өткен марафон-бәйгенің қай-қайсысында да Адай жылқысы, яғни Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасы жеңіс тұғырынан көріне білді. Мұның өзі көп нәрсені аңғартса керек. Мысалы, биылғы Павлодар – Астана бағытындағы марафон-бәйгеде бізден қатысқан бес аттың төртеуі мәреге дейін жетті. Алыс қашықтыққа шабуға өте төзімді екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді деген сөз» дейді ол.
Жыл өткен сайын марафон-бәйгеге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Бұл ұйымдастырушылардың мол тәжірибе жинағанының нәтижесі. Жобаны мінсіз үйлестіруге күш салып келеді. Ең бастысы, жарысты әділ бағалауға аса мән беретіні біздің ғана емес, әр өңірден келген командалардың көңілінен шығып отырғаны.
Исенбай Қалдаманов ұйымдастырушылармен қатар марафон-бәйгеде бас қосатын атбегілер мен шабандоздар да тәжірибесін шыңдай түсетінін айтады. Жорық аттарын дайындаудың, баптаудың қыр-сырын меңгереді. Табиғаттың қандай да бір құбылысын — бұршақ-жаңбыр, суық жел, сазды да көктайғақ жерді елеп-ескере отырып, шауып өту ақыл-парасатты, айла-амалды қажет етеді. Ат ауырып қалған жағдайда тез арада ем-дом жасап, қатарға тұрғызу — асқан кәсібилік пен ыждағатты талап ететін өнер, еңбек, үлкен сынақ. Нағыз өмір мектебі деп осыны айтуға тұрарлық. Яғни бұл жайттар айтулы ат спортының жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін білдіреді. Сол себептен де ата-бабадан қалған қазақ қазанаттарының қасиетін таныту жолында қызмет етудің бір жолы осы.
Көшпелілердің заңды мұрагері ретінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғыртуды мақсат тұтқан жобаның азғана жылдар ішінде маңызы артып келеді. Дүниежүзінде бұрын-соңды болмаған «Ұлы дала жорығы» — ең төзімді, ең мықты аттарды сынайтын дала лабораториясы.
Күзде атсүйер қауымды жауапкершілігі орасан зор дүбірлі дода күтіп тұр. «Дүниежүзілік көшпелілер ойындары» қарсаңында «Ұлы дала жорығы» халықаралық дәрежеде тұңғыш өткізілмек. Оның үстіне марафон-бәйге бір жыл ішінде екінші рет ұйымдастырылмақ. Осы жарысқа жолдама алған еліміздің командаларына артылар жүк пен сенім еселенеді. Әлемдік деңгейге шығу дегеніңіз, жалғыз «Көкмойнақ» командасын ғана емес, Адай жылқы тұқымын да жер-жаһанға паш етудің жақсы мүмкіндігі. Ал шетелдерден келетін шабандоздар, командалар бізге сын көзбен қарайды. Намысты қолдан бермеу үшін бар қазақ тақым қысады.
Маңғыстаудың «Көкмойнағы» халықаралық деңгейде өнер көрсететіндіктен бір ғана өңірдің намысы мен беделін қорғамайды, біртұтас елдің атынан шығады. Сондықтан мамырдағы жарыстан кейін, Маңғыстауға орала салысымен қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Шабандоздар өткен жорыққа шыққан мықты бес арғымақтан басқа аттарды да сынап, іріктеу үстінде. Бұйырса, оң нәтиже береді деп сенеміз.