Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Эстония Республикасының Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Тоомас Тирспен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге қатысушылар көптеген екіжақты құжаттарға қол қойылғаннан кейін ресми сипатқа ие болған қазақ-эстон қатынастарын одан әрі дамытудың келешегін талқылады. Ынтымақтастықты тереңдетуге, парламентаризмді нығайтуға және парламенттік дипломатияны өрістетуге ерекше назар аударылды.
«Елдеріміз дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бастап ынтымақтастықтың қарқынды дамуын көрсетіп келеді. Өзара іс-қимылдың оң көрінісі және тұрақты дамуы байқалып отыр. Қазіргі уақытта екі арада бірқатар маңызды мемлекетаралық және өңірлік келісімдер жасалды, сондай-ақ ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізінде белсенді диалог жүргізіп келеміз. Біз инвестиция, сауда, ғылыми зерттеу, цифрландыру саласында, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салаларда айтарлықтай дамуды көріп отырмыз», деді Нұртөре Жүсіп.
Тоомас Тирс өз кезегінде Эстония Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға белсенді ықпал етуге дайын екенін атап өтті.