• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мереке 15 Маусым, 2024

Бабадан жеткен байыпты мейрам

207 рет
көрсетілді

Құрбан айт – исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Ата-баба­мыздың мың жылдан аса уақыттан бері тойлап келген рухани мейрамы.

Оның маңызы жайында Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алланың алдын­дағы ең ұлы күн – Құрбан айт, ал сосын одан кейін келетін күн», деп айтқан. Биыл күллі мұсылман әлемі 16 мау­­сымда айт намазын оқып, құрбандық шалуды бастайды. Тарихшылар қазақ жеріне Құрбан айт мерекесі ең алғаш рет ислам діні келген уақыттан тойлана бастағанын айтады. 751 жылы Атлах шайқасынан кейін түрік халықтарының мұсылмандануы бас­талды деп есептесек, ислами ме­рекелердің де атап өтілуі сол кезден етек алды деуге негіз бар. Одан бергі уақытта қазақ арасында мұсылмандық берік ор­нық­қанын бұрынғы жыр­шы-жырау­ларымыздың, ғұлама­ларымыздың еңбектерінен кез­дестіреміз. 

Тәуке ханның «Жеті жар­ғы»­ заң­дар жинағында Құр­бан айт­ пен зекет туралы жа­зыл­­ған дерек­тер кездеседі. Ал Ыбырай Алтынсариннің «Мұсыл­ман­шы­­­лық тұтқасы» мен Шәкәрім Құдай­бер­діұлының «Мұсыл­ман­дық шар­ты» атты еңбектерінде Құр­бан айт­қан арналған арнайы бөлімдер бар.

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Мәселен, Шәкәрім еңбегі­нің­ «Құрбан шалмақ» деп атала­тын бөлімінде: «Зекетке малы тол­ған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады. Өзіне тиісті байынан бөлек малы болса, қатыны да һәм сүнетіне басқан, яки бір мирастан тиген жас баласының малы болса, зекетке толымды болса, оған да құрбан шалмақ әкесіне уәжіп. Біреу өлсе, қатыны һәм ер жеткен балалары яки әке-шешесі қалса, шариғат бойынша малын мирас қылып бөлгенде, әрқайсысына зекетке толарлық мал тиетұғын болса, бәріне де құрбан шалмақ уәжіп болады», деп жазады.

Дана ақын құрбандыққа қан­дай мал жарамды екенін де осы ең­бе­гінде егжей-тегжей баяндаған: «Құрбанға қой менен ешкінің он екі айды бітіріп, он үшінші айға кіргені жарайды. Қойдың алты айдан өтіп, жеті айға кірген тоқты жарайды деген нашар сөз. Оны шалуға жарамайды, себебі енесімен бірдей болса жарайды деген. Ол енесіменен бірдей болмайды. Оған қарамай, әжептәуір жарайды деді ғой деп шала берген жарамайды. Сиырдың жиырма бесінші айға кіргені жарайды. Түйенің алты жасқа кіргені жарайды. Бір қой бір кісіге жарайды. Түйе менен сиырдың біреуі жеті кісіге дейін жарайды, онан көпке жарамайды. Құлағының яки құйрығының үштен бірінен көбірегі жоқ болса, жарамайды. Жілігі татымайтұғын арық мал, шалатұғын жерге басып бара алмаған ақсақ қаттырақ ауру мал жарамайды. Құрбанды құрбан айттың үш күнінің қайсысында шалса да дұрыс. Бірақ алғашқы күн жақсы, онан соң орта күн, онан соң аяқ күн», дейді.

Қазақ халқы исламмен бірге келген ұлы мерекелерге өзін­дік ұлттық ерекшелігіне сай салт-жораларын да қосып, өзге халықтардан бөлекше атап өткені белгілі. Мәселен, Рамазан айында «Жарапазан» айтып жырға қосса, Құрбан айт көктем мезгіліне келген жылдары оны Наурыз мейрамы секілді тойлайтын. Сол күні ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашып, дін құндылықтарын жыр-термеге қосып, елді имандылыққа шақыратын. Айт күні ат шаптырып, бәйге ұйымдастыратын.

Құрбан айт күндері бір-бірінің үйіне айттап бару – қазақтың байырғы баба салты. Ал келген қонаққа айттық беру – үй иесінің міндеті. Одан бөлек жайнамаз, тақия, тәспі, кестелі орамал секілді кәде-сыйларын да жадынан шығармайтын. Мерекенің шын қадірін сезіндіретін осы салттар тіпті кеңес одағында дінге тыйым салынғанда да ел ішінде кеңінен атап өтіліп жүрген. ­­ Айт күні дастарқан жайып, ата-баба рухына құран бағыштау – қазақ ауылдарында тіпті үзіл­ме­ген дәстүр.

1921 жылы 5 наурызда Орын­­борда Сейтқали Мең­де­шовтің төрағалығымен өткен Қазақстан Автономиялық Респуб­лика­сы Орталық атқару комитеті төр­­алқасында «Мұсылман­дар мере­кесі» туралы шешім қа­был­­данып, Ораза айт 3 күн, Құр­бан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде атап өтілетін бол­ған еді. Бұл төралқа мәжілісіне А.Бай­­­­­тұрсынұлы бас­таған Алаш арыс­­тары қатысқаны айтылады. Алай­да қуаныш көпке созылмай, 1926 жылы мұсылмандық мерекелерді атап өту күштеп тоқтатылды.

Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ел мұсылмандары ұлық ме­­ре­кені қайта тойлауға қолы жет­­кені белгілі. Ал 2005 жыл­ғы 28 желтоқсанда Парламент ­де­пу­таттары «Қазақстан Респуб­ли­ка­­сындағы еңбек туралы» Заңы­на толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабыл­дап, соған сәйкес мұсылмандық Құр­бан айт­тың бірінші күні мен пра­во­слав­тардың Рождествосы елімізде дема­лыс күндері болып жарияланды.

Құрбан айттың құлшылық ретіндегі сауабы, оның Аллаға жақындататын амал екендігі көп айты­лып келеді. Негізі Айт – ­«мере­келеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіретін сөз. Бұл күні адамдар тек айт намазын оқып, құрбан шалумен шектелмейді. Адамның ішкі ниеті, шын пейілі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы та­разыға түседі. Сондай-ақ пен­дешілігі мен мәрттігі, сараң­дығы мен жомарттығы да сыналады. Барша мұсылман жұртшылы­ғын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, өзара мейі­рімді болуға шақырады.

Елімізде кейінгі жылдары­ Құрбан айт, ораза секілді діни күндері әлеуметтік деңгейі төмен отба­сыларға қайырымды­лық жасау, көмектесу күніне айналды.

Міне, осылайша, қайы­рым­­дылық іс-шаралары өзара сүйіс­пен­шіліктің артуына ықпал жасап келеді. Имамдар бұл күні адамдардың бір-біріне сыйлық жасауы да сауапты амалға жататынын айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, тату­ла­сыңдар... Бір-біріңе берген сый­лықтарың – араларыңдағы өш­пен­ділікті жояды», деп өсиет еткен. Яғни мейрам күндері араз­дас­қан, араласпай кеткен ағайын-туыс­тың, дос-жаранның тату­ла­суға қа­дам жасап, бір-біріне деген ре­ніш­те­рін кешіруі де ізгі амал болмақ.

Сөз соңында қазір қоғамда көп көте­ріліп жүрген бір сұрақ – «Несиесі бар адамға құрбан шалуға бола ма?» деген мәселеге жауап іздеп көрсек. Бүгінгі таңда несиесіз адам аз. Тапқан-таян­ғанының бәрін банкке құйып жатқан адам құрбан шалмаса бола ма? Елімізге белгілі Kazislam сайтының теологі Икрам Айтаев бұл сауалға былай жа­уап беріпті: «...Өмірлік қажеттілік адамды­ несие алуға мәжбүрлейді, осы несиенің арқасында кәсіп ашып немесе пәтер сатып алып жат­қан жандар бар. Шариғат аса қажеттілік болмаса, несие алуды­ насихаттамайды. Күнделікті та­бы­­сыңыз несиемен кетіп жатса, құрбандық шалу міндет емес. Егер табысыңыз несиеден артылып тұрса, сауап үшін шамаңыз келген (қой, ешкі, т.б.) малды шалып, құрбандық етін отбасыңыз және ағайын-туысыңызбен пайда­лансаңыз болады».

Иә, Жаратушының риза­шы­лығы үшін шалынған құрбандық адамдардың жүрегіндегі кір-қоқыс пен көңіліндегі пенделікті жуып шайып, халқына, еліне, ді­ніне деген сүйіспеншілікке то­луын тілейміз. Шалған құр­бан­дықтарыңыз қабыл болсын!