• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 14 Маусым, 2024

Орынды тапсырмадан оң өзгеріс күтеміз

110 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы тиісті сала басшыларының басын қосып, туризм саласындағы өзекті мәселелерге назар аударғаны өте дұрыс болды. Өйткені бізге қызығатын туристер жылдан-жылға көбейіп келеді. Десек те шетелдіктер біздің елге жағажай үшін келмейді. Бізде ауа райы қоңырсалқын, жаз мезгілі тым қысқа болғандықтан туризмнің бұл түрі жеткілікті дамымаған.

Расын айтқанда, жағажай­лардағы сервис қымбат. Оған қоса инфрақұрылымы да мақ­танарлықтай емес. Кәсіпкерлерді де түсінуге болады. Қысқа мерзімде барынша табыс тауып қалғысы келеді. Өйткені демалыс орындары 8-9 ай бойы бос тұрады ғой.

Осындайда біздің елге сапарлау­ды көздеген туристерге не ұсына аламыз деген сұрақ туады. Біз елдегі климаттық жағдайды ескере отырып, шетелдік туристерге экотуризмді ұсына алатымызды айтамыз. Ол үшін тау-тас, орман-көліміз бар. Бәрі керемет, әсем, әрі табиғи қалпын әлі бұза қоймаған. Біздің «Боз жыры» деп аталатын эксклюзивті тур бағдарларымыз бар. Білсеңіздер, Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі 640 мыңға жуық шаршы шақырымды алып жатыр. Сол жерде экотуризмнің үлкен бір ошағын жасауға болады. Осының бәрін негізге алып, елде экотуризмді дамыту керек деген таңдау жасадық. Енді осы бағытта жұмыс істейміз.

Елдегі қызмет көрсету сапасына туристердің көңілі тола ма, деген сауалға тоқталайын. Өзіміздің ішкі туризммен саяхаттайтын азаматтарға қызмет қымбатқа түскен соң, көңілі тола бермейді. Мұның түпкі себебі халықтың әл-ауқатына қатысты дер едім. Негізі елде туристерге көрсетілетін қызмет ақысы қымбат емес. Жаз айларында көпшілік еңбек демалысына шығады. Содан сұраныс күрт артып, баға көтеріледі. Сөйтіп, құны Түркия, Мысыр елдерінің бағасымен иықтасып кетеді. Бағаны нарық реттейді деген осы. Мысалы, Шымбұлаққа барған шетелдік туристер сапарға дән риза болады. Онда шаңғы теуіп, жан рақатын табамын деген адамға керектің бәрі бар. Қонақүйлер мен мейрамханалар да озық үлгіде қызмет көрсетеді. Қызығы, шетелдіктер үшін біздегі баға салыс­тырмалы түрде арзан. Себебі Еуропа мен Ресейдегі кейбір деңгейлес демалыс орындары Шымбұлақтан әлдеқайда қымбат. Саладағы басты мәселе – органдардағы салааралық қатынастың жоқтығы. Туризм саласы бір мекемеге ғана байланып тұрған жоқ қой. Турист шекарадан өткенде шекара қызметіне, кейін көлікке жүгінеді. Одан әрі ұлттық паркке барғанда мекеме қонақтарды жайлы қарсы алып, шын ықылас-ниетпен шығарып салуға тиіс. Мемлекет басшысы күштік құрылымдардан бастап, туризмге қатысы бар барлық мекеме басшыларын жиып, нақты тапсырма жүктеп отыр. Өйткені Туризм және спорт министрлігінде тиісті барлық органға әсер ете алатын күш жоқ. Президенттің орынды тапсырмалары орнықты орындалса, ел туризмі оңалады деген үміттеміз.

 

Алмас Маратұлы,

«Limon Travel» туристік компаниясының директоры