• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Маман 16 Маусым, 2024

Адам жанының арашашысы

165 рет
көрсетілді

Ақпанның ақтүтек боранында омбы қарды қол ұстаса тізерлей кешіп келе жат­қан Хромтау қаласындағы жедел жәрдем орталығының фельдшерлері – Сая Рысбаева, Бауыржан Құдияров, Қайрат Тілеу жұрттың назарын аудар­ды.

Табиғаттың дүлей мінезіне қарамастан, шақырту түскен науқасқа асығып келе жатқан үш фельдшерге кейін облыс әкімі Асхат Шахаров ақшалай сыйақы берсе, сәуірде Астанада өткен Қазақ­стан еңбекші әйелдерінің І фо­румында Кәсіподақтар федера­циясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Саяны «Еңбек озаты» төсбел­гі­сімен марапаттады.

Қыздарының ақтүтек бо­ран­­дағы ерлігін Қы­зыл­орда облысы Жаңақорған ауданы Бір­лік аулында тұратын ата-анасы да көрді.

Осы сәтті науқасқа асығып бара жатқан фельдшердің күн­де­­лікті жұмысы ретінде қабыл­­­даған көпке қарағанда, олар адал әрі мейірімді қыз өсірген­дері­не іштей риза болған. Басқа-бас­қа, осы отбасы денсаулық­тың қадірін өзгелерге қара­ған­да ерекше түсінеді. Өйткені Саяның анасы бірінші топ, ал әкесі – екінші топ мүгедектері. 24 жастағы сұлу фельдшердің нау­қас­тарға деген ерекше мейірімінің арғы жағында сырт көз байқай бермейтін осындай нәзік дүние жатыр. Ол отбасының тұңғышы, науқас әке-шеше мен аяқтан тұра қоймаған ауылдағы бауырларының жалғыз асыраушысы. Нәзік иығына осындай ауыр жүкті артқан Сая еңбекақысының жартысын, жұмыстан қолы боста хабарландыру арқылы науқастарға ине салып, тамырға дәрі жіберіп тапқан табы­сын ауылдағы ата-ананың еміне, бауыр­ла­ры­ның керек-жарағына жіберіп тұрады.

2020 жылы Алматы ұлттық медицина колледжін бітіріп, сол жылдың қыр­күйегінде інісі екеуі Ақтөбе қаласынан жұмыс іздейді. Коронавирус дерті өршіп тұрған кез. Фельдшер тапшы. Жедел жәрдем орталығы Саяны Хром­тау­дағы орталыққа жұмысқа қабыл­­­­дайды. Осы қала­да әкесінің туған апайы мен жездесінің үйінде тұрып, олар Ақтөбеге көшіп кеткен соң, Хромтауда қалып, пәтер жалдап жұмыс істей берді. Жақында інісі жарақат алып, операция­дан шығып, апа-жездесінің үйінде ем қабылдап жатыр. Енді Сая Ақтөбе мен Хромтаудың арасында қатынап, науқас інісіне қарасып кетеді.

Бүгінде жедел жәрдем қызметіндегі аға фельдшердің жалақысы – 200-220 мың теңгені құрайды. «Хромтауда 120-130 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамын. Оның коммуналдық төлемдері тағы бар. Қазір өзім жалғыз болғандықтан, азық-түлік­­ке көп кетпейді. Артылған ақшаны ата-анам мен бауырларыма жіберемін», дейді ол.

Жаңақорған ауданы «Бірлік» ау­­­­­лын­­­­­­дағы Сұлтанбек Қожанов атын­­дағы №55 мек­тепті бітірген Сая жоғары оқу орнына түсуді ойласа да, отбасына қарайлап, Алма­­­­ты­­дағы медицина колледжін таңда­ған.

«Мектепте оқып жүргенде кардиохирург болғым келетін. Қазір арманым орындалмайды-ау деп ойлап қоямын. Бірақ оған өкінбеймін. Жедел жәрдем қызметінде жүріп-ақ дәрігерлермен бірдей жұмыс істеймін. Мен бір орында тұрып қалмай, білімімді әрі қарай жетілдіре бергім келеді. Сол үшін медицина саласындағы үздік авторлардың кітаптарын көп оқимын, жедел жәрдем бекетіндегі тәжірибе алмасулар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрмін. Жүрек ауру­ларын емдейтін дәрігердің жұмысы өте қиын әрі жа­уапты. Шынымды айтсам, фельдшерлік жұмысымды тастап, кардио­хирург мамандығы бойынша оқуға түсем десем де, артымда бауырларым, ата-анам тұр. Сондықтан да жүрек дәрігері болу арманымды жүрегімнің түбіне жасыра тұрмақпын», дейді сәл мұңайып.

Мектепте оқып жүргенінде әдеби көркем шығармаларды сүйіп оқып, бай­қау­ларға қатысып, тележурналист бол­ғысы да келген. Бірақ онысын ата-анасы құп алмай, медицина саласын таңдағанын тәуір көрген. «Ақ халатты дәрігер болу – ана­мның бала кездегі арманы болса да, отба­сылық жағдайға байланысты 9-сыныптан кейін оқи алмаған. Әкем де медицина сала­сына барғанымды қалады. Журналист не әдебиетші болам деген арманымның бірте-бірте өзгеруіне осы саладағы туыс ағаларым да әсер етті. Олардың ақ халат киіп, құрал-жабдықтарын алып жүр­ген­де­рін көріп, осы салаға деген қызығу­шы­лы­ғым оянды. Кардиохирург бола алмасам да, осы саладан ризық-несібе бұйырды ма­ған.

Елімізде медицина қызметкерлеріне деген көзқарастың әр алуан екенін жа­сы­руға болмас. Ақпандағы бейне­роликті көрген жандар, тіпті кей әріптес­теріміз бізді хайп қуды, атақ-абырой жинау үшін өздерін көрсетті деп кінәлады. Біз сол сәтте қарға адым жер көрінбейтін боранда шұғыл көмек қажет науқасқа тез жетуді ғана ойладық. Біздің бригада – шұғыл көмек көрсетілуге тиіс науқастарға ең бірінші жетуге арналған топ. Шақыртуға кешіккен әрбір минут, әрбір секундымыз үшін карта-планшет арқылы диспетчерге есеп беріп тұрамыз. Бейнежазбаны диспетчерге жолдағанбыз, ал ондағы әріптестер әлеуметтік желіге жариялап жіберген. Бар болғаны осы. Науқасқа көмекке асыққан дәрігерді керісінше түсінгендер болса, әрине әр адамның аузына қақпақ бола алмай­­сың. Көп адам осы бейнежазбадан төтен­ше жағдай кезінде жұмысын бірінші орын­ға қоятын адал адамдарды көрді», дейді фельдшер.

Денсаулық – жаратқанның адамға берген аманаты десек, әрбір адам өз ден­саулығын күте білуге тиіс. Әйтпесе, жедел жәрдем келді, көмектеспеді деген неше түрлі сөз айтылып жатады. Жедел жәрдем науқасқа алғашқы көмегін көр­сетеді, бірақ емделу, қайта қалпына келу кезеңі көп жағдайда науқастың тіке­лей өзіне байланысты. Жедел жәрдем алғаш­қы көмекті қажет ететін ауыр жағдай­ларда науқасты аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды, ауру­ханаға жеткізіп, дәрігерлердің қолына тапсырады. Түсіне білген адамға фельд­шер өте қиын мамандық. Олар керек кезінде акушер, травматолог, терапевт, көз, тамақ пен құлақ дәрігері бола алады. Шақыртуларға барғанда, көбі­несе науқастың ауруын анықтап алып келеді. Ауруханада арнайы талдама­лар алу арқылы, рентгенге түсіру, лабо­­ратория көмегімен фельдшерлер қой­­ған бастапқы диагноз дәлелденіп жата­­ды. Кейде науқасқа кеңес беріп, қ­а­жет­ті дәрі-дәрмекті тағайындап кетіп жатады.

Фельдшер жұмысы қауіпті. Телефон­нан есінен танып қалды, оянбай жатыр деген шақыртулар түсіп, мамандар жетіп барғанда, есіктің арғы жағында кім, қандай жағдайда, қандай мақсатпен күтіп тұрғанын білмей де қаласың. Шақыртуға екі адам болып барғанда да қауіпті жағдайларға тап болады. Сол себепті де әрбір кезекшілік жүйкеге салмақ түсіретіндіктен, жұмысқа шығар алдында жақсылап тынығу керек. Әйт­песе, қателікке ұрынуың да ықтимал. Жас фельдшердің басынан өткен оқиға әлі күнге дейін есінен кетпейді. Жұмысқа кірген жылы шақыртуға жалғыз өзі келгенде, пәтер есігін ашқан еңгезердей еркек есікті іштен құлыптап, оны сыртқа шығармайды. Үйде одан өзге жан жоқ. Маскүнем фельдшерден есірткісі бар дәрілерді тастап кетуін талап етеді. Сая онымен ұрыспай, алдап-сулап есікті ашқызады да, сыртқа қашып шығады.

Сая қазіргі уақытта шақыртуға келген жедел жәрдем қызметкерлерін ұрып-соғып жатқан жағдайлардың жиілеп кетуіне алаңдап, заңды күшейту қажет деп санайды. Кейде шақыртулар неге ақылы болмайды деп ойлап қояды. Өйткені алып бара жатқан ауруы болмаса да, болмашы нәрсеге бола дәрігер шақыртушылар өзінің де, өзгенің де уақытын ұрлайды. Жұмыс барысында осындай келеңсіз оқиғалар кездесіп жатқанына қарамастан, жедел жәрдем қызметі адам өмірі үшін күрестің үнемі алғы шебінде тұратыны анық.

 

Ақтөбе облысы