• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 14 Маусым, 2024

Жастар белсенділік танытты

100 рет
көрсетілді

Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, еңбек ұжымдары, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері «Таза Қазақстан» республикалық акция­сы аясында Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент саябағының аума­ғын, «Ғашықтар аллеясы», триатлон сая­бақтарына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Қала тұрғындарының демалыс орындарына айналған, жаз бойы мәде­ни, бұқаралық сипаттағы түрлі іс-шара өте­­тін саябақтарды ретке келтіру, ағаш бұталарын әктеп, былтырғы қыстан қал­ған қоқыстардан, қураған шөптерден арылту, сынған орындықтарды жөндеу, қыш тақтайшаларды ретке келтіру жұ­мыстарымен қала тазалығына жауап­ты коммуналдық қызмет мамандары емес, барлық тұрғын айналысуға тиіс.

Өткен аптада орман шаруашы­лы­ғы қызметкерлері, балықшылар қауым­дас­­тығы, еріктілер, «Жасыл ел» еңбек жа­сағының мүшелері «Таза қала – таза жа­ғалау» акциясы аясында Елек, Қар­ғалы, Сазды өзендерінің жағасын­да­ғы ком­муналдық жағажайларды ретке кел­тірді. Елек өзенінің жағалауын тазалауға шыққан 100 ерікті 8 тонна қоқыс жинаса, Қарғалы өзенінің бо­йынан 7 тонна қоқыс жиналды. Қала төңірегіндегі өзен айдындары өте лас, ­су арналары бойы мен өткелдерді көк­темгі су тасқынында жиналған шөп-ша­лам мен сынған ағаш бұтақтары тол­ты­рып тастаған. Оған тұрмыстық қал­дық­тар тағы қосылған. Әсіресе Ақтөбе су­қоймасының жан-жа­ғы тұрмыс­тық қалдықтарға толы. Сондай-ақ «Таза ор­ман» акциясы аясында Ақтөбе қа­ласы Заречный тұрғын үй алабында­ғы то­ғайларды орман шаруашылы­ғы мекемесі қызметкерлері «Жасыл ел» еңбек жа­сағының мүшелерімен бірге таза­лады. Мұндай іс-шара бір мезгілде Ақтөбе облысының он екі ауданында жалғасты.

Сәуірдің соңғы онкүндігінен бері ел аумағында өткізіліп жатқан сенбілік­тер туған жерінің табиғатына бей­жай қарамайтын тұрғындардың ерікті іс-шарасына айналды. Жазғы кани­кул басталып, қолдары босаған студент­тер «Таза қала – таза жағалау» науқаны ая­сында қолдарына тырма, күрек, сы­пыр­ғыш ұстап, арнайы қол­ғаптар киіп, Ақтөбе қаласының төңі­регіндегі өзен жағалауларын қо­қыстардан арылтуға кірісті. Ақтөбе қа­ласы жастар ресурс­тық орталығының қыз­меткерлері Алматы ауданының ­пробация тізі­міндегі жастар және волонтерлер Елек өзені­нің жағалауын тазалауды бас­тады. «Экологиялық іс-шараның не­­гізгі мақсаты – жасөс­пірім­дер, жас­тар бойында экология­лық мә­дениетті қалыптастыру. Өйт­кені табиғатты аялауға дағдыланып өскен ­жастар бо­йын­да ізгілік сезім қалыптасады. Ол еш­қашан да қоқысты кез келген жерге лақтырмайды, табиғатты бүлдірмейді және қатарластарына үлгі болады. Осы арқылы адамдарымыз бойына эко­логиялық мәдениетті сіңіруге ықпал ете­міз», дейді Ақтөбе қаласының жас­тар ресурстық орталығы» КММ директоры С.Артығалин.

«Таза қала – таза жағалау» акциясы жыл соңына дейін жалғасатын болады. Табиғат аясына демалуға келіп, өзен жағалауына шөлмек, пластик құтылар, басқа да тұрмыстық қоқыс тастап, айналасын әбден ластап кететін ересектер балалардың қоқыс жинап жүргенін көріп, ойланар деген үміт бар.

 

Ақтөбе облысы