Есте болса, былтыр елімізде «Әкелер күні» белгіленіп, алғаш рет ресми аталып өткен еді. Маусымның үшінші жексенбісі деп бекітілген күнді елордалықтар биыл да өз деңгейінде мерекеледі.
Бұл күні қала жұртшылығы «Байқоңыр» ауданының «Ататүрік» саябағында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» деген атаумен өткен көңілді доданы тамашалады. Әкелер мен балалар төбе көрсеткен сайыста 10 топ, яғни 10 отбасы бақ сынасты. Қазақтың төл ойындарын танытумен шектелмей, отбасы институтын нығайту мақсатында ұйымдастырылған сайыстың жөні бөлек. Өйткені мұнда әке рөлінің маңыздылығын көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту секілді ең негізі мақсат-мұрат бар.
Сайыста әкелер мен балалар «Арқан тарту», «Бес тас», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Ләңгі тебу» секілді ойындарда сынға түсіп, кім мықтыны анықтады. Аламанның басты жүлдесі көптің ішінен дараланған Айдар Шонаев пен баласы Таңатқан Нұрислам жұбына бұйырды.
«Біз Байқоңыр ауданындағы №4 мектеп гимназиясынан келдік. Өзім сол мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Ал ұлым Таңатқан осы білім ордасының оқушысы. Бүгін екеуміз мектебіміздің намысын сәтті қорғадық. Басқа қатысушылар да ақтық сәтке дейін лайықты бәсекелесті. Бірі ләңгі тебуден үздік болса, екіншісі арқан тартуға келгенде алдына қара салдырмады. Бастысы, жарыс өте тартысты өтті. Ұлым екеуміз дән ризамыз. Әрине, осындай ұлттық спортты дамытуға, насихаттауға бағытталған сайыстардың көбірек ұйымдастырылғанын қолдаймын», дейді Айдар Шонаев.
Әкелер күні қарсаңында еліміздің бірнеше өңірінде дәстүрлі отбасылық құндылықтарды әспеттеп, «үлгілі отбасы» идеясын насихаттау мақсатында түрлі іс-шара ұйымдастырылды. «Отан – отбасынан басталады». Ал отбасында ананың орны қандай болса, әкенің де орны содан кем емес. Қара шаңырақтың иесі – әкелер. Аналар күнімен қатар әкелер күнін де атап өтудің артықшылығы осында.