Халықаралық, республикалық олимпиадаларда топ жарып, Алматы облысының абыройын асқақтатқан 145 оқушы оқу жылын айрықша құрметпен аяқтады. Осыған орай, Қонаев қаласының Мәдениет үйінде талантты балаларды қолдауға және ынталандыруға бағытталған «Дарынды оқушылардың жетістіктері» атты форум өтті.
Білім сапасын жоғары нәтижеге жеткізуде облыстың әр ауданындағы білім ошақтары, соның ішінде Ә.Мәлкеев атындағы облыстық «Білім-инновация» лицейін, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары, «Арыстан» лицейі мен «Дана» жекеменшік мектептерінің үлесі зор екендігі ерекше аталды.
– «Мектеп қабырғасындағы жетістіктер – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім саласына деген ерекше көзқарасы мен қолдауының жемісі. Соның арқасында облысымызда білім саласы жүйелі дамып келеді. Өткен оқу жылында білім сапасы 67,2 пайызды құрады. Биыл мектеп бітірген 14 мың түлектің 1 206-сы «Үздік аттестат», 946 бала «Алтын белгі» төсбелгісі иегері атанды», – деді форумда дарынды оқушыларды құттықтаған өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Сапалы білім алумен қатар, ерекше дарынымен танылған өңірдің бір топ оқушыларының есімі ерекше аталды. Атап айтсақ, Еңбекшіқазақ ауданындағы №1 Рахат орта мектебінің оқушысы, ауылдық спартакиадада республика бойынша жалғыз «абсолюттік жеңімпаз» атанған Нұрислам Абдухамит, «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Муслим Халел, Талғар ауданы Гагарин атындағы №8 мектеп-лицейінің оқушысы Ангелина Алексанова, «Арыстан» лицейінің оқушысы Мирас Әбдікеш, Қонаев қаласы орта мектеп-гимназиясының оқушысы Айзере Қойшыман, Іле ауданы 38-гимназия оқушылары Айша Бекмұхамет пен Милана Фурсова сынды озаттар. Олардың таланты мен жетістіктері іс-шараға жиналғандардың мақтанышы мен таңданысын тудырды.
Салтанатты жиында жеңімпаздарға Алматы облысының әкімі Алғыс хат табыс етті.
«Мен Қонаев қаласының орта мектеп-гимназиясының оқушысымын. Дарынды балалар тізімінде болу – мен үшін үлкен мәртебе. Ұстаздарымның көрсеткен қолдаулары мен берген білімдер арқылы мен болашақта көптеген жетістікке қол жеткізе алатыныма сенімдімін», – дейді жүзі бал-бұл жанған ағылшын тілі секциясы бойынша республикалық олимпиада жеңімпазы Айзере Қойшыман.
Сапалы білім мен бойындағы дарынын, қабілет-қарымын ұштастыра білген балалардың бұл күнгі қуаныштарында шек болмады. Өздеріне көрсетілген құрмет – зор жауапкершілік жүктейтінін сезініп, алда талай жетістікке жетіп, биіктерді бағындыратындарына сенімді күйде тарқасты.
Алматы облысы